Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "АУЫЛ АМАНАТЫ": 24 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

"АУЫЛ АМАНАТЫ": 24 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

Мемлекет басшысы «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын» деген сындарлы сөзі бұқараның санасында сайрап тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендердің еңсесін көтерудегі байыпты бастамалары ауылдағы ағайынға әл беретіні ақиқат. Президент тапсырмасынан кейін көп істің көші түзеліп, шалғайдағы ағайынның тұрмысы жақсаруда. Өйткені қысы-жазы төрт түлігінің қоңын қамдап, басын көбейтуді мақсат тұтқан шаруа қожалықтарына, егін егетін шаруаларға «Ауыл аманаты» жобасы жақсы мүмкіндік беруде. Сонымен аудандағы ахуал қандай?

МАҚСАТ ПЕН МЕЖЕ
«Ауыл аманаты» жобасы – «Қазақстан Республикасының ауылды дамыту жөнінде 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында іске қосылған. Тиісті бұйрыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада қол қойды.Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1 миллион ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланған. Сол мақсатта мемлекеттік бюджеттен бір триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді.
Мамандар бұл бағдарламаға ауылды дамытудың жаңа драйвері деп айдар тағып жүр. Ресми статистика бойынша, ауылдарда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41 пайызы. Қазір ауыл жəне қала тұрғындары табысының айырмашылығы 38 пайыз болып отыр. Сол үшін ауыл жұртының табысын қала халқымен теңестіру мақсатында жұмыстар атқарудың маңызы орасан.
«Ауыл аманаты» жобасы ауылдарды дамытуға серпін беруге тиіс. Өйткені жобаға қатысу үшін қойылатын талаптар жеңіл, бюрократиялық кедергілер көп емес. Оның үстіне берілген несиенің жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайыздан аспайды. Шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Бұл бағдарлама аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындары ең көп болғанда 2,5 мың АЕК (9.2 миллион теңге) ала алады. Ал шағын жəне орта шаруа (фермерлік) қожалықтары немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері 8 мың АЕК-ке (29,5 миллион теңге) дейін несие рəсімдей алады.
ӨҢІРДЕ
Өңірде «Ауыл аманаты» жобасының екінші кезеңі басталғалы 934 млн теңгені құрайтын 140 жоба қаржыландырылып үлгерген. Осылайша, бірінші траншпен бөлінген қаржы толығымен игеріліпті. Бұл туралы түнеукүні «Байқоңыр» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Мадали Әлішерұлы мәлім етті.
Қолдау тапқан жобалардың басым көпшілігі – өңдеу саласы мен ауыл, мал шаруашылығын дамыту және басқа да бағыттағы бизнес бастауды мақсат еткен жобалар. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысамен деген тұрғындардың 32 жобасына 279,5 млн теңге, егін шаруашылығын қолға алғандардың 7 жобасына 43,37 млн теңге, өңдеу саласымен айналысқысы келетіндердің 17 жобасына 104,02 млн теңге көлемінде несие берілген. Басқа бағыттағы 84 жобаға 507,6 млн теңге несие берілгені тағы бар.
– Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген биылғы жобаның аймағымызда жүзеге асырылуына 4,6 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Осыған сәйкес, 575 жоба қаржыландырылып, 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бүгінде жоба басталғалы бірінші траншпен жалпы көлемі 1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, ол толығымен игерілді деп айтуға болады. Алдағы уақытта қалған қаржылар аударылып, өтінімдерді қабылдауды жалғастыратын боламыз, – деді Мадали Әлішерұлы.
Ұлттық жоба шеңберінде қаржыландырылған өтінімдердің ішінде Арал ауданынан 25, Қазалы ауданынан 23, Қармақшыдан 8 және Жалағаштан 11 жоба қолдау тапқан. Ал Қызылорда қаласынан 16, Сырдариядан 7 жоба қаржыландырылса, Жаңақорған ауданынан 27 жоба мақұлданыпты.
Ал Шиелі ауданы бойынша бірінші траншта 165 000 000 теңге бөлінген. Аудан бойынша 333000000 теңгені құрайтын 33 жобаның құжаттары жасақталып, комиссияға нақты ұсынылған. Бүгінде мақұлданған 24 жобаның құны – 184 220 000 теңге. Олар – құс, омарта, мал, балық шаруашылығы және елді мекендердегі шағын бизнес түрлері. Ішіндегі ең ерекшесі – Байсын ауылынан шығатын былғары белдік өндірісі. Айта кеткен жөн, қолдау тапқан 24 жобаның ішінен 2 кәсіпкер мақұлданған 12 400 000 теңге сомадан өз еркімен бас тартқан.

С.МАДИЯРОВА
30 қыркүйек 2024 ж. 1 202 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031