Пайыздық мөлшерлеме төмендей ме?
Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдағаны белгілі. Бұған инфляция тәуекелдері теңгерімін бағалау негіз болған. Бір жылдан бергі геосаяси жағдайлар мен әлемдегі азық-түлік бағасының өсуіне байланысты сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отырғаны айтылған еді. Қазіргі таңда алқымнан алған нарықтағы қымбатшылық үдемесе, тоқтар түрі жоқ.
2023 жылдың қаңтарында жылдық инфляция өсу қарқынын жалғастырып, 20,7% болды. Айлық инфляция төрт ай қатарынан 1,1%-ды құраған. Экономикалық зерттеу институтының мәліметінше, ақпан айындағы инфляция өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 21,3%-ды құрап, былтырғы желтоқсан айымен салыстырғанда азық-түлік тауарлары – 26,2% (1,5%), азық-түлік емес тауарлар – 20,5% (0,8%) және ақылы қызметтер 15%-ға (1,3%) өскен. Халықтың көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің ішінде пияз – 105%, қияр – 56,8%, кесек қант – 55%, қаптамадағы сүт – 49,1%, күріш – 44,9%, банан – 44,5%, макарон өнімдері – 41,1%, ұн – 40,2%, қаймақ – 39,1%, нан және ұн өнімдері – 36,7%, алкогольсіз сусындар – 26,8%, сондай-ақ ет және ет өнімдері 16,8% болды. Бұл соңғы 20 жылдағы рекордтық көрсеткіш (2022 жылғы желтоқсанда 20,3%) дегенді айтып отыр сарапшы Бақберген Тоқтасын.
Сарапшылар айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәнінен жоғары күйінде қалып отыр дейді. Инфляция тәуекелдерінің теңгерімі проинфляциялық күйін сақтап қалды. Себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалыптасып, инфляциялық күтулер қарқын алды
Ұлттық банк монетарлық шарттарды одан әрі қатаңдатпай-ақ қойса болады. Өйткені реттеуші бұған дейін базалық мөлшерлеменің қолжетімді деңгейі айтарлықтай жоғары деп бағалаған. Оны ұзақ уақыт бойы ағымдағы мәнде ұстау инфляцияның тұрақтануына және ортамерзімді перспективада біртіндеп төмендеуіне мүмкіндік беретіндігін мәлімдеген еді. Ал аталған базалық мөлшерлеменің еліміздің экономикалық өсу бағытына әсері қандай болмақ? Отандық сарапшылар бас банктің биылғы жылға белгілеген 16,75% базалық-пайыздық мөлшерлемесі жыл соңына қарай шамамен 13,5% болады деген пікірде.
«DAMU Capital Management» бас директоры Мұрат Қастаев еліміздегі инфляция биыл бірінші тоқсанда шарықтау шегіне жетіп, екінші тоқсанда тұрақтанады дейді. Инфляция деңгейі екінші жартыжылдықта төмендеп, жыл соңына қарай 12-13% деңгейде қалыптасатынын айтса, «Сентрас Секьюритиз» АҚ талдау департаментінің директоры Маржан Меланич те осы факторларды ескере отырып, базалық мөлшерлеме ағымдағы 16,75% деңгейде сақталып, жыл соңына қарай 13%-ға дейін төмендейтінін болжамды түрде жеткізді.
Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары аталған базалық-пайыздық мөлшерлеме осы жылдың бірінші тоқсанында жоғары деңгейде сақталып, жыл соңына қарай 13,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деген болжамға келсе, онда ел экономикасының тепе-теңдік деңгейі 3-4% шегінде дамып, экономикадағы нақты пайыздық мөлшерлеме қазіргі уақытта 2,85%-ды құрап, биыл бұл теңгелік активтердің тартымдылығына және ұлттық валюта, ceteris paribus бағамына теріс әсер етіп отырғандығын айтуда.
«Jusan Analytics» сарапшысы Айжан Әлібекова баға өсуінің баяулауы тұрақты үрдіске айналған сайын базалық мөлшерлеменің де біртіндеп төмендейтінін атап өтті. Ол іскерлік белсенділікке айтарлықтай зиян келтірмеуі керек, бірақ сонымен бірге инфляциялық үдерістердің тұрақтануын қамтамасыз етуге тиіс деген ой айтады. Шешім қабылдау кезінде инфляциялық және экономикалық даму тәуекелдері арасындағы теңгерім ескеріледі. Қалыптасқан үрдісті тұрақсыздандыру тәуекелдерін болдырмау үшін тежеуші монетарлық шарттар сақталып, жыл соңына қарай мөлшерлеменің жылдық пайыздық көрсеткіші 13,5-14,5-ке дейін төмендеуі керектігін жеткізді. «GSB UIB» бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бұл – өте жоғары пайыздық көрсеткіш.
«Мұны одан әрі көтеруге ешқандай негіз жоқ. Бұл жайт, тіпті, қалталы азаматтарға да ауыр соғып отыр. Өйткені іскерлік белсенділік төмендейді әрі экономиканың қарқынды дамуы тежеледі. Қазіргі күні сыртқы инфляциялық ортаның қалыптасуына қарамастан, дамыған елдердің орталық банктері қатаң монетарлық саясат жүргізіп жатыр. Қаржылық қысымның әлсіреуіне байланысты кейбір елдерде тұтынушылық инфляция бәсеңдеген. Бұл Қытайда 1,8 пайызды құраса, Ресейде 12 пайызға дейін төмендеген. Сыртқы инфляцияның, оның ішінде рубль бағамының артуы қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты базалық мөлшерлемені ағымдағы мәнде ұстау талап етілуде. Егер Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі ұзақ мерзімді құраса, бұл экономикамыздың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Оны өз мәнінде ұстап тұрудың негізгі себебі – Ресейден мобилизацияланған азаматтардың келуі. Соның салдарынан инфляцияның өсуі, халық арасында инфляциялық күтудің жоғары қалыптасуы орын алып жатыр», дейді сарапшы.
Сарапшылар айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәнінен жоғары күйінде қалып отыр дейді. Инфляция тәуекелдерінің теңгерімі проинфляциялық күйін сақтап қалды. Себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалыптасып, инфляциялық күтулер қарқын алды. Логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы мәнде ұстап тұруды талап етуде деген пікір қосады мамандар.
Қалай айтсақ та, Ұлттық банк биылғы базалық мөлшерлеменің пайыздық көрсеткішін айқындап берді. Сарапшылар болса қабылданған көрсеткіш негізінде өз ойларын жеткізді. Ендігі шешімді Ақша-кредит саясаты 2023 жылдың 7 сәуірінде жариялайды.