Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел экономикасы еңсесін тіктей бастады

Ел экономикасы еңсесін тіктей бастады



Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде орын алған төтенше оқиғаның жай-жапсары кезектен тыс қаралды.


Мектептерде қауіпсіздікті күшейту шаралары қабылданады
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев­тың хабар­лауынша, 13 ақпанда таңер­тең Петропавл қаласы­ның полиция басқармасына №4 ор­та мек­тептің оқушыларына дене жара­қатын келтіру туралы хабарлама түсті. Оқиға болған орынға жылдам жедел-тергеу тобы аттанды.
Тексеру барысында күдікті (9 сынып оқушысы) 2-ші қабатта орналасқан дәретханада мас­касын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, үш оқушыға шабуыл­даған. Шабуыл жасаған оқу­­шыны жоғары сынып оқушы­лары  мен мұғалімдер ұстаған.
Қазіргі кезде 2 жәбірленуші қалалық емхананың стацио­нарын­да жатыр, жағдай­лары бірқа­лыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша Қыл­мыс­тық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойын­ша қыл­мыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлихан Смайылов Петропавл­да орын алған оқыс жағдай халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырғанын  атап өтті.
«Балаларының қауіпсіздігіне алаңда­майтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», деді Премьер-министр.
Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне бала­лардың қауіпсіздігін арттыру бо­йын­ша келісілген ұсыныс­тар ен­гізуді, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігі­не Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.
 
Экономика қаңтарда 5,6%-ға өсті
Мұнан кейін Үкімет отырысында күн тәртібіне сәйкес 2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қоры­тындылары және республикалық бюд­жеттің атқарылуы қаралды.
Ұлттық экономика бірін­ші вице-министрі Тимур Жақ­сы­лықовтың хабарлауынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқы­ны 5,6%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім – 2,3%, ал қызмет көрсету саласында  7,6% болды. Барлық негізгі сала бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте сауда (+19,4%), ақпарат және байланыс (+18,1%), сондай-ақ құрылыс (+12,5%, 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді) ең жоғарғы өсуді көрсетті.
Вице-министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады. Инвес­тициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7%-ға, көлікте және қоймалауда 31,8%-ға өсті.
Алдын ала қорытынды бо­йынша 2022 жылы сыртқы сау­да тауар айналымы 32,1%-ға өсіп, 134,4 млрд дол­ларды құрады. Экспорт бойынша көр­сеткіш 39,9%-ға өсіп, 84,4 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар им­порты 50 млрд долларға те­ңелді. Жалпы, оң сауда балансы 34,4 млрд долларды құрады.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баевтың хабарлауынша, есептік кезеңде мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті (жоспар 144,0%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге, жергілікті бюджеттерге 394 млрд теңге кірістер түсті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 93,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 94,7%-ға, жер­гілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ға атқарылды.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайылов нақты сектор тұрақ­ты экономикалық өсімді қамта­ма­сыз еткенін атап өтті. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы. Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%-ға, оның ішінде өңдеу саласының 1,6%-ға өскенін көрсетіп отыр. Фармацевтика (+51%), жеңіл өнеркәсіп (+11%), тоқыма бұйымдары өндірісі (+25%), мұнай өңдеу (+11%), химия өнеркәсібі (+11%), сусындар өндірісі (+33%), тамақ өнімдерінің өндірісі (+10%), машина жасау (+12%) салаларында өсім байқалады.
Үкімет басшысының айтуынша, тұрақты инвестициялық бел­сен­ділік, оның ішінде шикізат­тық емес сектор­ларға инвестиция­лар тарту жедел экономикалық өсудің негізгі факторы болып табылады.
Қаңтар айының қорытын­дысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштің өсуі Қостанай облысы мен Алматы қала­сында тіркеліп отыр. Ең төмен көрсет­кіштер – Абай және Қарағанды облыс­тарында.
«Биылғы жылдың басы ел экономика­сының серпінді дамуға бағыт алғанын көрсетіп отыр. Экономиканың осы өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек. Бұл бүгінгі геосаяси жағдай­да оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық саласында қамтамасыз ету керек», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ішкі на­рық­ты отандық тауарлармен толық­тыруға және шикізаттық емес өнім көлемін ұлғайтуға басымдық берілуге тиіс.
«Шағын және орта бизнестің әлеуетін кеңейтіп, дамуға жағдай жасауымыз керек. Тартымды инвестициялық климат құрып, инвесторлармен белсенді диалог жүргізу қажет», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының пікі­рін­­ше, ин­вес­тициялардың құры­лы­мын қосыл­ған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайту керек, соның ішінде жоғары технологиялық өн­діріс­терде де. Сонымен қатар «Тарифті инвес­тицияға айырбас­тау» сая­сатын сапалы енгізуді қамта­масыз ету маңызды.
«Әрбір министр, өңір әкім­дері және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары азаматтардың табысын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құру үшін жүйелі шаралар қабылдауға тиіс. Қоғамды толғандырып отырған әлеу­меттік-экономикалық мә­се­ле­лер бойынша тиімді шешім­дер табу қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуға тиіс екенін атап өтті. Алда тұрған басты міндет – жыл қорытындысы бойынша инфляцияны 2 есеге – яғни 9,5% дейін төмендету. Оның айтуынша, бұл үшін барлық күш-жігерді Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жұмылдыру керек.
«Біз экономиканың өсу қар­қы­нын сақтап қалу үшін бар күшімізді салуы­мыз керек», деп түйіндеді Премьер-министр.
 
Ғылыми жобалар экономикаға бағытталады
Үкімет отырысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялан­дыру мәселелері қаралды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сайлауалды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін өнді­рістің жаңа технологияларына бағытталатынын атап өтті. Бұл экономиканың нақты секторында қазақстандық әзірлемелерді қол­дануға және ғылымға бағыт­талған ұлттық жүйені кезең-кезеңімен қайта құруға жол ашады.
Министрдің айтуынша, коммерцияландыру туралы заң­ның қабылдануымен 2016, 2017 және 2018 жылдары Ғылым қоры грант алуға үш конкурс өткізді, оған 1 270 өтінім түсті. Іріктеу және сараптама нәтижесінде, 150-ден астам жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Оларды іске асыру 140 ғылымды қажет ететін өндірістің құрылуына әкелді, бұл ретте 15 жоба экспортқа шық­ты, ал тағы бес жоба 1 млрд теңгеден астам сатылым жасайтын деңгейге жетті.
Өткен жылы жаңа конкурс өткізіліп, оған 152 өтінім түсті. Бүгінгі таңда 72 жоба қар­жы­ландыру мақұлданды, грант алушылармен 68 шарт жасалды. Салалар бойынша жобалар портфелі негізінен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі салаларындағы бастамалардан тұрады.
Министр 2023-2025 жылдары ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржы­ландыру сомасы екі есе өске­нін айтты. Сонымен қатар ЖОО жанындағы ғылыми-техно­логиялық парктерді дамытуға кон­курстық негізде қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Осы тақырып бойынша Мик­робио­логия және вирусология ғылыми-өнді­рістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдап болған­нан кейін Премьер-министр отан­дық ғылымның әлеуеті мен бәсекеге қабі­лет­ті­лі­гін арттыру үшін оны рес­пуб­ликалық бюджеттен қаржы­ландыру соңғы екі жылда екі есеге жуық өскенін атап өтті.
«Жетекші ғалымдарға ең­бекақы төлеу базалық қаржы­ландыруға қо­сыл­­ған. Іргелі ғылыми зерттеулерге қара­жат бөлінеді. Әзірленіп жатқан ғылыми жобалар мен бағдар­ламалар­ды қаржыландыру ұзақ­­тығы 5 жылға дейін ұл­ғай­тылды. Жас ғалымдарды қолдау үшін грант­тар мен стипендиялар бөлі­неді, олардың ғылыми еңбектерін жариялау белсенділігі артып келеді», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді, ғылымды дамыту тұ­жы­­рымдамасы бүкіл ғылыми қоғам­дастықпен бірге іске асырылады.
«Қоғам ғылыми-техноло­гиялық саладан нақты өзгеріс­терді, ғылыми жаңалықтардың нақты экономикада қолданылуын күтіп отыр. Осыған байла­нысты ғылыми зерттеулердің нәти­жесін арттыру, оның ел эко­но­микасының дамуына қосатын үлесін ұлғайту үшін ауқымды жұмыс қажет», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, өзара іс-қи­мыл­дың белсенді алаңдары мен меха­низм­дерін құруы қажеттігін атап өтті. Одан бөлек, ең перспективалы ғылыми бағыттардағы тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесін арт­тыру қажет. Бұлардың қатарында атом және сутегі энергетикасы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, биотехнология, биоқауіпсіздік, нейроғылым сияқты салаларды атап көрсетуге болады.
«Ғылымның инвестициялық тар­тым­дылығын арттыру мақ­сатында Парламентпен жеке инвестициялар үшін қосым­ша пре­ференциялар енгізуді пы­сық­тау жұмыстарын жедел­дету қажет. Бұл ғылым саласы­ның заңнамалық базасын қай­та қарауды талап етеді», деді Ә.Смайылов.
Сөзін қорытындылай келе, Үкімет басшысы «Ғылым және тех­но­логиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізу, ғылы­ми зерттеулердің нәтиже­лерін ком­мер­цияландырудың жаңа меха­низм­­дерін ескере отырып, ғылымды да­мыту­дың қол­даныстағы тұжырым­дам­а­сын өзектендіру, «Атамекен» пала­тасымен бірлесіп, еліміздің жетек­­ші университеттері мен ірі кәсіп­орын­дарының жанынан мамандандырылған инжини­рингтік орталықтар мен техно­логиялық парктерді құру жөнін­дегі жұмысты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
«Ғылыми институттардың, уни­верситеттердің және өнді­рістің тиімді өзара іс-қимылы ғылымның дамуына және жаңа ғылыми жобаларды өндіріске енгізуге оң серпін береді», деп түйіндеді Ә.Смайылов. 
15 ақпан 2023 ж. 549 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031