ЖЕМ-ШӨПТЕН ЖОҚТЫҚ БОЛМАСЫН
Қазіргі күні Қазақстанда мал азығын өндіру саласында экстенсивті сипат басым. Өйткені, мал өсіру шаруасында азықтандыру мәселесі көбіне табиғи жайылымдықтар мен шабындықтардың әлеуеттілігіне тәуелді. Әзірге мал шаруашылығын қарқынды дамыту толық шешімін таппай отыр, сондықтан да табиғи азықтық қорларды пайдалану басымдыққа ие. Мал азығы қорын қарқынды дайындау, яғни екпелі шабындық, көпжылдық екпелі жайылым немесе жоғары өнімді мал азықтық дақылдарын өсіру әдістері әлі де кенжелеген күйінде өндірісте кең қолданыс таба алмай отыр. Ең осал тұсымыз, табиғат берген байлығымыз 190 млн жайылымның, тек 100 млн ғана көлемі пайдаланылуда. Оның өзінде, айналымдағы осы жайылымдарды орынсыз пайдалану олардың күйзеліске ұшырауына әкеліп соғуда. Өйткені, малдың басым көпшілігі ауыл халқының қолында болғандықтан, осы мал ауыл маңы мен жақын жерлердегі немесе сумен қамтылған аумақтарда ғана жайылып, сол жерлердің шиырлануына себеп болуда. Бұл қолайсыз жәйт, бір жағынан, жайылымдардың мал тұяғына тапталып тозуына жалғасса, екінші жағынан, шөпке тоймаған малдың қажетті өнім бере алмауына себепкер. Осы мәселенің зиянды тұсы да бар, мал тұяғы шиырлаған жерлер дағдарыска ұшырап, экологиялық қолайсыздықтарға, мысалы, топырақ эрозиясына жол берілуде. Осылайша ауылдық мекендердің айналасында табиғи ортаны қорғау мәселесі нашарлап, эрозияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру кезекті тағы бір проблеманы шешуді талап етеді.
Жалпы аудан бойынша қысқа түсетін төрт түлікке мал азығының қорын жасақтау мақсатында 149,7 мың тонна жем-шөп дайындалды. Жоңышқа шөбін ору жұмыстары аяқталып, орташа өнім 30-35 ц/га құрап отыр. Аудан бойынша барлығы 149,7 мың тонна шөп жиналды. Оның ішінде 62 мың 300 тонна жоңышқа, 87 мың 400 тонна табиғи шөп, 34 мың 500 тонна сабан, 34 мың 100 тонна жем дайындалған. Сонымен қатар күздік бидайдан – 1814 тонна, жаздық бидайдан – 410 тонна өнім жиналды. Биыл шөптің шүйгін болуы шаруаларды қуантып отыр. Бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, пресс шөптің бір данасы – 450-500 теңгеден саудаланса, рулон шөп – 5000-6000 теңгеге тұрақтап тұр.
– Биыл мал азығы қорынан тапшылық болмайды деп күтілуде. Дала еңбеккерлерінің жем-шөп дайындау жолындағы қарқынды тірліктері соның нақты айғағындай. Шөп ору науқаны мамыр айының алғашқы онкүндігінде-ақ басталып, күні кеше толық аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, ашық күнгі қолайлы шақты тиімді пайдаланып отырған аудан шаруаларының ісі өнімді, – дейді ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы.
Түйіндей келе, қолымыздағы деректерге сәйкес, биыл ауданда қысқы мал азығынан тапшылық болмайды деп топшыладық. Демек, мал күйлі, шаруаның ісі оңды боларына сенім мол.
«Өскен өңір» ақпарат агенттігі