Еуропалықтар терезелеріне неге перде тұтпайды?
Еуропаның кей елдерінің тұрғындары терезелеріне перде тұтпайды. Әсіресе Нидерланд, Германия мен Швеция мемлекеттерінде мұны анық байқауға болады. Сыры неде екен? Кәрі құрлықта терезені қымтамау, перде тұтпау түсінігі тарихи оқиғалармен байланысты. Ал ол тарихи оқиғалардың тамыры тереңде жатыр. Жүздеген жылдар бұрын еуропалық елдер билігі перде тұтуға тыйым салған. Себебі ол үйде адам тұратынын, не тұрмайтынын айналадағылар білуі тиіс деп есептеген. Жеке тұлға үйінде ештеңе жасырмауы керек. Бұл бір шетінен халықты қадағалудың бір жолы саналған. Қаладағы тәртіп сақшылары әр үйдің терезесіне үңіліп, билікке қарсы қандай да бір жиналыс болмауын қадағалаған. Бұл заң Еуропада XVI-XVII ғасырларда күшінде болған. Әсіресе реформация дәуірі кезеңінде күшейе түсті. Қазіргі таңда Еуропада реформация да, заңсыз жиналыстар да жоқтың қасы. Әйткенмен ертеректегі заң дәстүрге айналып қалып қойған. Халық түсінігінде "ашықтық белгісі" саналады. Кей адамдар жұрттың назары үй ішіне аумас үшін терезе алдына гүл немесе өзге де заттар қояды. Еуропалықтар мүлде перде тұтпайды емес. Кеш батарда көпшілігі (әсіресе төменгі қабат тұрғындары) пердешемен (жалюзи) жауып жатады. Терезеге перде тұтпау - скандинавиялық дизайнның жарқын бір үлгісі. Еуропаның көп елдерінде бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталып келеді. Әрі бөлме стилінің бір түрі.
Massaget.kz