Далаппен ернін бояған студент қыз тұншығып өліп қала жаздады
Англияның Мидлсбро қаласында тұратын 19 жастағы Эми Браун танымал брендтің далабын қолданғаннан кейін тұншығып, өліп қала жаздады.
Бойжеткен бал күнінен жаңғаққа аллергиясы болғанын айтады. Сондықтан жаңа далапты қолданар алдында құрамын мұқият оқып шығыпты. Алайда ол косметикалық өнімнің құрамынан өз денсаулығына зиянды заттарды байқамай қалып, оны ерніне жаққан. Бірнеше секундтан кейін оның ернінде біртүрлі сезім пайда болыпты. Артынша қолы бөртіп, тыныс алуы қиындаған, деп хабарлайды Daily Mail басылымына сілтеме жасап Stan.kz.«Аллергия басталған кезде тамағымда әлдене тұрған сияқты болды. Ол қатты қышыды», – дейді Браун.
Мұнан кейін студент қыз бірден ернінен далапты сүртіп тастап, гистаминге қарсы құралды қабылдап, ингалятор қолданған.
Артынша далаптың құрамында бадам майы бары анықталыпты. Ол өнімнің құрамы көрсетілген сипаттамада Prunus Amygdalus Dulcis (кәдімгі бадам) деп жазылған.
Зардап шеккен қыз Nivea өкілдеріне хабарласып, болған жайт туралы айтқан. Сонымен қатар компания өкілдерінен косметикалық құралдардың құрамын тұтынушыларға түсінікті тілде жазуын сұрапты. Алайда компаниядағылар өнімнің толық құрамы қаптамасында көрсетілгендіктен, еуропалық заңды бұзбағанын айтып жауап берген екен.
Stan.kz