ҚАЗАҚ КИНОСЫ – ГОЛЛИВУДТА
Үстіміздегі жылдың қараша айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Лос-Анджелесте қазақ киносы мен мәдениетінің күндері өтті. Үлкен делегацияны қазақ киносының аты аңызға айналған өкілдері Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков және Меруерт Өтекешовалар бастап барды. Бүгінде бақилық болған актер Құман Тастанбеков ағамыздың соңғы сапары боларын кім білген?!. Десе де, бұл сапардан олжалы қайтқан қазақ делегациясы америкалық көрерменге киносын көрсетіп, өз мәдениетін таныстырды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясының президенті Айман Мұсақожаева еліміздің кино саласын дамыту мақсатында бірнеше ресми келісімшарттарға қол жеткізді.
Әуеде 19 сағат өткізетінімізді әуелден біліп алған біз, ұшаққа ермек қылар дүниелерімізді алып кірдік. Аңғарсам, марқұм Құман аға (Тастанбеков) Әнуар Әлімжановтың таңдамалы шығармалар жинағын, ал Асанәлі аға (Әшімов) Әбіш Кекілбаевтың «100 күндік жалғыздығы» мен Мұқағали Мақатаевтың күнделігін ала шыққан екен. Аға буын осы әрекетімен де – бізге үлгі. Меруерт апай мен Құман ағаның бір-біріне деген сыйластығы, ағаға «сіз» деп сөйлеген апайымыздың және Асанәлі ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Бағдаттың отағасына көрсеткен қамқорлығы тағы үлгі.
Тынық мұхитының жағалауында орналасқан Лос-Анджелеске жеткен кезімізде биік ғимараттарды кезіктірмегенімізге таңқалыстық. Сөйтсек, бұл да біздің Алматы секілді сейсмоқауіпті шаһар екен. Қала мен оған тиесілі агломерация тұрғындарын қосқанда 17,7 миллион халқы бар және экономикасы бойынша АҚШ-тың 3 қаласы есептелетін Лос-Анджелестің табыс көзі ‒ медиа бизнеске негізделген. Әлемдегі ең бай қалалар қатарына енуіне Американың киноиндустриясы ‒ Голливудтың туындылары әсер еткені белгілі. Голливуд ‒ 1900 жылдары негізі қаланған тарихи киностудиялар орналасқан үлкен аудан. Қырқыншы жылдары «Ленфильм» мен «Мосфильмді» Алматыға көшірерде осы фактор маңызды рөл атқарған. Түсірілім барысында кино мамандары ең алдымен табиғатқа, күн сәулесіне тәуелді. Түсірілімнің басым бөлігі күндіз түсіріледі және күн батпай жатып аяқталады. Тіпті кейде сценарий бойынша түн көрсетілсе де, күндіз түсіріп, түстеу кезінде өңдей салады. Сол үшін де күннің ұзақ батпай тұрғаны – кино үшін маңызды. Лос-Анджелестің әлем киноөндіріс «отанына» айналуының басты себебі шуақты күндер, өйткені мұнда жылына 320 күн шуақты боп тұрады.
Америкалық көрермен Голливудтың фильмдерімен тәрбиеленген. Сондықтан да олар үшін біздің фильмдер біріншіден ‒ экзотика, екіншіден Рүстем Әбдіраш айтпақшы handmade. Яғни, біздің кино ‒ калькаға сүйенбеген, өзіндік ерекшелігімен бедерленетін өнер туындысы. Лос-Анджелестегі қазақ киносы мен мәдениеті күндері шеңберінде қазақ киносының маңдайалды төрт фильмі көрсетілді. Шараның алғашқы күнін Нью-Йорк киноакадемиясының кинозалында Сұлтан-Ахмет Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмімен бастадық. Фильм басталар алдында киноакадемияның салты бойынша актерлер афишаға автограф қалдырып, түсірілім барысындағы естеліктерімен бөлісті. Маған осы фильмді және фильмнің бас кейіпкерлері Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімовті таныстыру бақыты бұйырды. Сол сапарды сағына еске алған Меруерт Өтекешова: «Бастапқыда ол жақтың көрермені біздің фильмді қалай қабылдар екен деген қорқыныш сезімі болды. Әйтсе де, фильмді көруге қазақ жастары да, америкалықтар да келді. Қызықтап қарап отырды. Біз, Құман ағаң екеуіміз бірге сапарға шықпағалы көп болып еді. Серпіліп қалдық. Америкаға алғаш баруымыз. Лос-Анджелес сапары біз үшін ертегідей өтті. Тынық мұхитына жас балаша аяғымызды малдық. Қаланың көрнекті жерлерін көрдік. Голливуд жұлдыздары талай рет болған театрдың қызыл кілемінен өттік. Тағы да барсақ деп армандап отырмыз», – деді. (Сұхбат 13 желтоқсан күні алынды).
Екінші күні Рүстем Әбдіраштың екі бірдей картинасы, байопик ‒ «Балалық шағымның аспаны» және тиісінше, үшінші күні тарихымыздан сыр шертетін ‒ «Алмас қылыш» фильмдері көрсетілді.
Бұл фильмдерді режиссер мен Жаһанбике рөлімен танылған актриса Мадина Есманова ұсынды. Лос-Анджелесте оқып жүрген қазақ жастарымен әдемі кездесу өткізген Рүстем Әбдіраш: «Ашылу салтанатында Джон Малкович «Алмас қылыш» фильмін көргенін айтып, тарихымыз туралы пікір білдіріп, сауалдарын қойды. Әлем таныған Малковичтың біздің фильмге өз лебіздерін білдіруі ‒ үлкен абырой. Ол жақта киноға тек өнер саласы емес, қомақты қаржы түсіретін экономика саласы ретінде қарайды. Біз де киноға қаржы түсіретін сала деп қарастырып, соны мемлекеттік деңгейде дамытуымыз керек деп ойлаймын».
Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жолы» атақты Сабан театрында мәдени іс-шараның ашылу салтанаты күні көрсетілді. ХХ ғасырда қазақтың басынан өткен нәубеттерді тізбектейтін бұл фильм биыл Қазақстан атынан «Оскар» жүлдесіне ұсынылып отыр. Көрсетілімге Оскар академиясының Дэвид Францони сынды мүшелері қатысып, өз пікірлерін түйе кетті. Ал біз ақпан айында өтетін марапаттау кешінде «Үздік шет тілдегі фильм» номинациясында еліміздің аты аталып қалар деген үміттеміз. Фильмді актриса Алтынай Нөгербек таныстырды.
Ашылу салтанаты әдемі концертпен жалғасты. Айман Қожабекова, Еділ Құсайынов, Димаш Құдайбергеннің және «Шабыт» пен «Айгөлек» ансамбльдерінің көрсеткен өнерлері кешке жиналған америкалықтарға ерекше әсер сыйласа, жергілікті қазақтар үшін бір сәт атамекенге барып қайтқандай қайталанбас сезім сыйлады.
Негізі Лос-Анджелес кез келген адамға өте қызық қала. Кино саласында істейтін біздер үшін орны тіпті бөлек. Жұлдыздар аллеясы (Walk of shame), Rodeo drive көше-сі, өткен ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан киностудиялар, Universal Pictures Studios және тағысын тағылар. Мәселен, Universal Pictures студиясы өз территориясында үлкен ойын-сауықтық паркке айналдырған екен. Паркте арнайы автобусқа отырып, киностудия тарихымен танысасыз да, танымал киноларда пайдаланылған декорациялар арасымен серуен жасайсыз. Қаржыны көп жинаған блокбастерлерге арнап, тематикалық аттракцион жасап қойған. Оған кірген бойда сол киноға шомып кеткендей әсер аласыз. Гарри Поттермен бірге сиқырлы әлемге саяхаттайсыз, Мэрилин Монромен сұхбаттасасыз, миниондарға қызықтайсыз, мумиялар мен зомбилерден қорқасыз, ал Кин-Конг зәреңді алады. Қазақ киносының қара шаңырағы «Қазақфильм» киностудиясында да осындай парк ашуға әбден болады, өйткені бізде айтулы картиналар жоқ емес.
Іс-шараны өткізумен қатар, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы танымал голливудтық компаниялардың өкілдерімен Америкалық кинокомпаниялар қауымдастығында (Motion Picture Association of America) ресми кездесу өткізді. Кездесуге М.Хью (TheWaltDisneyCompany), Л.Ульман (NBCUniversal), Г.Ли (CBS), В.Мендоза (ParamountPicturesCorporation), М.Валбрехт (WarnerBros.) және Д.Рой (HBO) қатысты.
Бұл кездесудің мақсаты аталмыш компаниялардың тәжірибесінде отандық киноиндустрияны дамыту және голливудтық фильмдердің түсірілім локацияларын біздің елден қарастыру үшін шақыру. Яғни, голливудтық фильмдердің біздің елде түсірілуіне мүмкіндік жасау және сол арқылы да туризмді дамыту. Кезінде голливудтық компаниялардың локация іздеу бойынша мамандарына есіктерін ашқан көптеген елдер бүгінде түсірілімдер жүріп, декорациялар тұрғызылған мекендерге келген туристерден мол қаржы тауып отыр. Олар – Хорватия («Игра престолов»), Морокко («Гладиатор»), Тунис («Звездные войны»), Қытай («Аватар»), Жаңа Зеландия («Властилин колец»). Голливудтық фильмдерге локация ретінде ұсына алатындай бізде әдемі табиғат та, жылдың төрт мезгілі де бар. Алайда біздің тараптан жасалған бұл ұсыныстар іске асуы үшін ең алдымен, кино туралы заң қабылдануы тиіс. Яғни, біздің елде кино саласы заңды түрде дамуы тиіс. Осы орайда соңғы жылдары еліміздің басты кинофабрикасы «Қазақфильм» өзге елдермен бірлесіп, бірнеше жобаларды іске асырғаны туралы айтпасқа болмайды. Олар ‒ «Әміре» (АҚШ), «28 панфиловшылар» (Ресей), «Композитор» (Қытай) көркем фильмдері. Бұл екі ел киногерлерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік болды. Ко-өндіріс, яғни бірлескен жобада ортақ қаржыландыру саясаты бойынша іске асады. Бұл өз кезегінде бюджеттің қаржысын үнемдейді және халықаралық прокатқа шығуға зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бұл сапар барысында Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясының президенті Айман Мұсақожаеваның бастамасымен Нью-Йорк киноакадемиясы (New York Film Academy) Тұран университеті және ҚазҰӨУ ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол жеткізді. Сонымен бірге, АҚШ кино нарығында (American Film Market) соңғы жылдары түсірілген отандық фильмдер сатуға қойылды. Бұл ‒ өз кезегінде кинофестивальдерге фильм таңдайтындармен кездесіп, фильмдерді ұсынуға өте ыңғайлы платформа. Осы нарықта біздің бірнеше фильмдерді шетелдік компаниялар сатып та алды.
Сапарымыз сәтті өтті, дегенмен арамызда көш бастап барған Құман Тастанбеков ағамыз бүгінде жоқ. Қыз алдында сүрініп қалуға да арланатын бекзат аға мәңгілік сапарға аттанып кетті. Лос-Анджелесте Асанәлі Әшімовтің бөлмесіне жиналып, Бағдат жеңге ала келген қазыдан жеп отырып, келесі сапарды да армандап қойып едік. Амал не… Қазақ киносы өкілдері шетелге шыға берер, бірлесіп ортақ фильм де түсірер, қазақ киноөндірісінің дамуы да бек мүмкін, келер жылы үлкен өзгерістер болатыны да айқын, тек ендігі Құман ағасыз…
Айнұр ИСА