Рим Папасына ота жасалды
Бүгін Рим Папасы Франциск ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ANSA ақпарат агенттігі.
Ватиканның ресми өкілі Маттео Брунидің айтуынша, понтифик Джемелли ауруханасында жасалған отадан кейін қалпына келу үшін бірнеше күн бақылауда болады.
86 жастағы понтификтің денсаулығында бірқатар кінәрат бар екені бұрын да хабарланған еді.Рим Папасының тізесі үнемі ауыратындықтан, ол мүгедектер арбасында отыруға мәжбүр.
«Отадан кейін ол толық қалпына келуі үшін бірнеше күн медициналық мекемеде болады», деп түсіндірді Маттео Бруни.
Бұған дейін Папа Франциск апта сайынғы аудиенциясын қалыпты режимде өткізген. Алайда жоспарлы ота туралы алдын ала хабарланбаған.
Айта кетсек, 2021 жылы Рим Папасы ішек ауруынан айығу үшін тоқ ішектің бір бөлігін алып тастағаннан кейін ауруханада 10 күн жатқан.
Жақында ол сол дертке қайта шағымдана бастады.
Денсаулығындағы кінәраттарға қарамастан, Рим Папасы Францисктің кестесі әлі де тығыз екенін айта кеткен жөн. Мәселен, тамыз айында Рим Папасының Португалия мен Моңғолияға жұмыс сапары жоспарланған.