Ердоған Қазақстанға келмейтін болды
Режеп Тайып Ердоған наурыз айының соңында Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық Кеңесінің (Түркі кеңесі) бейресми саммитіне қатысуы керек еді. "Президенттің Қазақстанға 30-31 наурызға жоспарлаған сапары тоқтатылды, ол Түркі кеңесінің бейресми саммитіне бейнеконференция режимінде қатысады", - делінген түрік лидері әкімшілігінің хабарламасында. Алайда жоспарларының өзгеру себебі аталмапты. Еске салайық, бұған дейін түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) бейресми саммиті Түркістанда өтеді деп хабарлаған болатынбыз. Оған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысатыны да мәлімделген еді. Сонымен қатар, премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесті. Олар Түркі кеңесінің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және 2021 жылы Түркістанда өткізу жоспарланған бейресми саммитке дайындық барысын талқылаған. Айта кеткен жөн, түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алдыңғы саммиті 2019 жылы 15 қазанда Бакуде өткен болатын. Іс-шараға Қазақстан атынан еліміздің тұңғыш президенті – Түркі кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесіне ие болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Елбасы өз сөзінде түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңыздылығын және Түркі кеңесінің одан әрі дамуы үшін екі бастаманы көтерген болатын. Сонымен қатар Елбасы бағдарламаға мәдени және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы іс-шараларды енгізу қажеттілігін де айтқан еді.