Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАРЫН ҚЫЗҒЫЛТ ҚАМАЛДАР АҢҒАРЫ

ШАРЫН ҚЫЗҒЫЛТ ҚАМАЛДАР АҢҒАРЫ


Әлемге әйгiлi каньондар… Осы сәт қиыр шеттегi Колорадо есiңiзге түсер. Сол Колорадоның айнымас бөлшегiндей жер шарының өзге жартысында Шарын жатыр. Шын мәнiнде, Шарын аттары да табиғаттың сұлулығы ретiнде өзiне қызығушыларды ынтықтырады. Өзгеше тылсым өрнегiмен тамсантар Шарынның қызғылт қамалдары жұмбақ дүниенiң есiгiн ашардай мен мұндалап аңсарыңды аудара бередi.
Бұл өңiрде алып таулардың керiм келбетi көз қарықтырады. Ақ бас шыңдардың сұлу суретi сырбаз кейiпте асқақтайды. Биiкке өрмелеген жасыл шыршалар әдемiлiкке өзгеше әспет бергендей. Көкорай шалғынды жоталардың мұнарға бөккен кейпiн айтыңыз.
Бұл өңiрде сұлулық атаулыны кәнiгi шебердiң iсмер қолымен кестелегендей иректеле жылт-жылт еткен өзендер өрнегi тамсантады. Құдай-ау, сол өрнектiң бiр сабағы мың сан бұралып, қарсы алдыңызда жатыр.
Шарын… Шарын тым тереңде, шақырайған күнге шағылыса жылтырап ағады. Гүрiлдеп, арқырай бастау алар тау өзенi осы тұсқа келгенде сiлелей шаршаған дерсiң, қаншама жылдар бойына шер қабатының қымтана жасырған құпиясын тырмалай ашқан арынды ағыс сәл тыныс алғандай. Көз алдыңызда таңғажайып көр­кем көрiнiс тұрады. Биiктiк пен тереңдiк: мұзарт таулардың аспан тепкен тәкаппар шыңдары өн бойын мақтаныш кернегендей маңғаз кейiп танытады; жүзiн әжiм торлағандай қатпар-қатпар жар­қабақтан төмен құлаған аңғарлар мұңая ойға берiледi.
Шарын… Қызғылт қамалдар аңғары … Туған табиғаттың тосын кескiнi кейiнгi кезде жұртшылықты өзгешелiгiмен баурай бердi. Қанша күш салсақ та қолмен қию­ластыруға келмейтiн бөлектеу сурет елiктiре түседi. Табиғат шебердiң сан жылғы өрнегi керемет әсерiмен елiктiредi.
Табиғаттың тылсым сырын iшке бүккен Қызғылт каньон жардан төмен қарай бұралаң күйi ағараңдап жатқан жалғыз аяқ жол арқылы өзiне жетелейдi. Аңсар аудара қызықтырған Қызғылт каньонды географ мамандар осылай атағанмен, кейде «Қамал­дар аңғары» деп те жазады. Содан ба, бiз өзiндiк ерекшелiгiне қарай Қызғылт қамалдар аңғары дегенге ықылас таныттық.
Қызғылт қамалдар аңғары сан жылдардың өтiнде тау жыныстары түрлi үлгiдегi мүсiндердiң ғажайып көрiнiсiн қашап жасағандай алдыңызға тартады. Бiрi өзiндiк тау келбетiн көз алдыңызға әкелсе, екiншiсi ғайыптан пайда болған жұмбақ мұнараны елестетедi. Биiк жартасқа сәл кiдiре қарасаңыз, зәулiм ғимараттың кiреберiс та­бал­дырығында тұрғандай сезiнесiз. Бiр сәт өзiңiздiң мыңжылдықтар әлемiнде ерке желдiң, ағын судың, дүмпу күштi әралуан тербелiстердiң сәулеткершiлiгiмен бетпе-бет келiп тұрғаныңызды сезiнбейсiз. Қайта құпияны өн бойына жасыр­ғандай мүлгiген зау тұлғалы баған­дарды, керiм күмбездi құздарды, жарқабағы айқыш-ұйқыш дiңгек­тердi қызықтай елiтiп, ертегiлер елiне енген күйi қиялға берiле өзге дүниенiң бәрiн ұмытар едiңiз.
Қызықты қараңыз, «каньон» сөзi испан тiлiнде «құбыр» деген мағынаны бiлдiредi екен. Ға­лымдардың дерегiне назар салсаңыз, каньондардың пайда болуы құрғақ қыраттардың өз арнасын дамылсыз кеңейткен өзен суларының әсерiнен деп түсiндiредi. Ал Қамалдар аңғары – адам өрмелеп шыға алмас құзды жартас пен сазды құмшауыт тау арқылы өтетiн Шарын өзенiне қиылыса жатқан құрғақ сай. Қызғылт каньонның ұзындығы – үш шақырымға жуық, енi – 20 метрден 130 метр аралығында болып келедi. Тереңдiгi – 100 метрге жуықтайды. Солтүстiк Америкадағы Колорадо өзенiнiң Үлкен каньонымен табиғаты бiр, ландшафттық әлпетi ұқсас болуы таңдай қақтырар. Аты айтып тұрғандай, Үлкен каньонның ұзындығы – 80 шақырым, тереңдiгi де өлшеусiз – 1200 метрден 800 метрге дейiнгi көрсеткiшi Ша­рынның шағын болса да каньон­ның ерекше көрiнiсi талайды тамсандырады. Сондықтан да шығар, шалғайдағы Орталық Азияның беймәлiмдеу бiр нүк­тесiне орыс саяхатшылары Н.Се­верцев, А. Красновтарға ат басын бұрғызды. Дала төсiндегi таңға­жайып әлем – Шарын оларды бей-жай қалдырған жоқ. Қияндағы Қашқарға сапарлап бара жатқан Шоқан Уәлиханов та табиғаты сұлу өңiрдегi ерекше түске боялып тұрған қызғылт каньонға ерiксiз ойға шома қарап, назар аударған да шығар-ау.
Себебi дерсiз, табиғаттың өзi жылдар бойына әспеттей алақаныңызға салған жердiң бүкiл қабатының тылсым суретi ойлантпай қоймас. Жарқабақтың сансыз қабаттық алуан бояуы тас шежiренiң беттерiндей сыр ақтарады. Қамалдар аңғарындағы кесек мүсiндердiң қайталанбас кескiндерi де қиялға жетелейдi. Дәл алдыңыздан алып аждаһадай төнiп тұрған құзды көрiңiз. Аз ғана уақытқа кiдiрсең, бас салардай кейпi қорқынышты. Тек сандаған топырақ қабаттарынан тұратын ескерткiш сұлба екенiн сезiнгенде барып, iлгерi адымдайсыз. Сол кезде арыстандар сайы алды­ңыздан шығады. Құздар ертегiдей, биiктен алысқа көз тастаған үлкен арыстанның алдымен бас мүсiнiн айырасыз, сосын жалбыраған жалы айқындалады, жуан мойны болып қоңырқай тартқан сазқабат көрiнiс бередi. Алға жүрген сайын ғажайып әлем өз құпиясын аша түсердей. Киiз үй аңғарына өткенде ауылға келгендей тыныс аласыз. Күмбезденген биiк төбе ме десеңiз, сәл өтiп барып айнала бере бағамдайсыз, ағараңдап көзге ыстық көрiнер киiз үй. Топырақ қабаттарынан бiреу қанша уақы­тын шығындап, әдейi қашағандай. Түңлiгi сәл ғана ашылғандай ша­ңырақ, уық пен керегенiң ұш­тасқан тұсындағы қара белдеулi ақ шаңқан киiз үй өзiне көпке дейiн жанарыңызды ерiксiз аудартады. Мына дiңгек ұстын тас салынған қапшықты елестетедi. Жарқа­бақтың басынан жүз метрдей тереңдiктегi жалғыз аяқ жолмен қиялға елiтiп, өзiңiзден-өзiңiз күбiрлей алға адымдайсыз. Өйтке­нi құжыр-құжыр қабырғалы Шарын жеткiзер жұмбаққа толы сыр жетелей түседi.
Шарын каньоны пайда болуы жөнiнде түрлi болжам айтылады. Кейбiр зерттеушiлер бұл өңiр көне Азияның орталығында Алакөл жағасынан бүгiнгi Қытай аумағын алып жатқан теңiздiң таяз сулы шығанағы деген жорамалын ұсынады. Тастай қатқан жасыл түстес саз қабаттан табылған теңiз жәндiктерiнiң бiзге жеткен қаңқаларынан бiлетiнiмiз, бiр кездерi теңiздiң түбiнде тiршiлiк үшiн өздi-өзi арпалысып қиямет кешкенiн, салқын судың табанында бiрiмен-бiрi арбасып, ал дем таусылғанда ұйыса тас болып қалатынын сезбеген де шығар. Уақыт шiркiн, ештеңенi кешiрмейдi, жағаға теңiздiң iзiмен шығанақ та ғайып болды. Бәлкiм, тартылған шығанақ орнында көл пайда болып, күндердiң күнiнде Торайғыр бөгетi бұзылып тос­қауылдың бәрiн ағызып ала жөнелдi. Әйтпесе, мынау сұп-сұр жарқабақ ол жөнiнде сыр айтпайды, тек сазды қабатта қатып қалған теңiз жәндiктерiнiң қаңқаларынан ұққандайсыз. Бұл жөнiнде про­фессор П. Мариковский былай деп ой түйiндейдi: «Бағзы заманда, үштiк кезеңде, 25 миллион жылға жуық бұрын, жер бетiнде адамзат жаратылмай тұрып, ауқымды да ыстық шөл орнында үлкен көл толқып жатты. Ол қоршап жатқан тауды жемiре табанына күштi саз қабатын ұсақ қиыршық тастармен араластыра жинады. Сосын, ауа райы өзгердi, көл құрғады, ал табанын су шайып отырды. Тiр­шiлiксiз жалаңаш әрi өте таңсықтау, сазды таулы өңiр пайда болды».
Шарын жөнiндегi бiр аңыздың оқиға желiсi былай өрбидi: «Жаратқан Ие арбасымен ұшып келе жатады. Жалаңаш жазығының төбесiнен өтiп бара жатқан тұста байқаусызда отты жебелерiнiң бiрiн қолдан түсiрiп алады. Жан-жағына жалын шаша төмен құлдилаған жебе зуылдаған күйi жерге көлденеңiнен түсiптi. Отты жебе бүлк еткен жер бүйiрiн екiге қақ жара дiңiне дейiн жетiптi. Жер қақ жарылғанда тамырлары үзiлiптi. Үзiлген тамырлардан шапшыған қаннан қуарған топырақтардың түсi өзгерiп сала берген деседi…»
Шындығында Шарынның көрiнiсiн биiктен қарап бай­қаңызшы: жердiң қатты қабатына дейiн белгiсiз тылсым күштiң әсерiмен әлдене қақ жара соғып өтiп, солтүстiкке қарай созылған алып жарықшақ iз тастап, көкжиекке сiңiп кеткендей сурет көз алдыңызда тұрады.
Бұл өңiрде алып таулардың керiм келбетi көз қарықтырады. Ақ бас шыңдардың сұлу суретi сырбаз кейiпте асқақтайды. Биiкке ұмтылған жасыл шыршалар әдемiлiкке өзгеше әспет бергендей. Көкорай шалғынды жоталардың мұнарға бөккен кейпiн айтыңыз.
Бұл өңiрде сұлулық атаулыны кәнiгi шебердiң iсмер қолымен кестелегендей иректеле жылт-жылт еткен өзендер өрнегi там­сантады. Құдай-ау, сол өрнектiң бiр сабағы мың сан бұралып, қарсы алдыңызда жатыр.
Шарын биiктен бастау алады. Басында Шалкөдесу болып басталып, тау өзенi қойнаудағы жазыққа келгенде адуын екпiнi қайтып, Кеген болып жалғасады. Қарқара өзенiнiң солтүстiк сағасы қосылып, Шарын 255 шақырымға ұласады. Өзеннiң енi – 30-40 метр, тереңдiгi 2-3 метрге дейiн, ал алқа­бының көлемi – 8000 шаршы шақырым. Күнгей Алатаудың беткейiнен басталатын Кеңсу, Орта Мерке, Шет Мерке өзенде­рiнiң арналары Шарынға қосы­лып, Жалаңаш ойпаты мен Торайғыр тауының шығыс бөлiгiн кесiп өтедi де алып каньондарға негiз болады. Сонан Темiрлiк өзенiнiң үлкен жалғыз сағасы келiп, Шарын арнасы солтүстiк шығысқа ойысып Iлеге құяды.
Шарын өзенi кайназой ке­зеңiнiң шөгiндiлер негiзiн айқын көрсете алуымен ерекшеленедi. Өзеннiң оң жағасындағы жарқа­бақтан рет-ретiмен кезектеле қатпарланған сары батпақты әрi жұқа цементтi тастақты шөгiн­дiлерiнiң қырық құрау бедерiн көресiз. Каньон геологиялық өлшеммен алғанда жас деп сана­лады. 2 миллион жыл бұрын Тянь-Шань тауының етегiндегi жер қыртысы блоктарының көтерiлуi өзеннiң өз арнасын iздеуiне әкелiп соқты. Сайдағы өрнектi кескiндердiң бүгiнгi күнге жақын келетiн түрi жарты миллион жылға жуық бұрын пайда болғаны дәлелденiп отыр. Одан бергi арада ағын су салған кейiптi күн мен желдiң әсерi өзгерттi. Осы көзге көрiнбес сұлулықты мүсiншiлер өздерiнiң ғажайып та ұлы туынды­ларында бiр сәт тыным алмай құбылта беретiнi де анық екенi рас.
Жарқабақтары бұйраланып жатқан құзды аңғардың түбiнде Шарын өзенiнiң сарыны құлаққа талып жетедi. Каньон тереңдiгi Құлықтау мен Торайғыр тау­ларының түйiскен осы тұсында 300 метрге жетедi. Бұл тереңдiк Жалаңаш алабында 100-150 метрге дейiн азаяды. Сұлулыққа тұнған осы өңiрдi 1886 жылы келiп та­машалаған Шарынның таң­ғажайып көрiнiсiне таңдай қаға тамсанған белгiлi ботаник, географ, «Жертану негiздерi» деп аталатын орыс университеттiк оқулығының авторы А.Краснов пiкiрi де өз түйiнiмен ерекшеленедi: «Шарын каньонына барғанда алдыңыздан көгiлдiр таулар қор­шаған кең де жазық, үстелдей тегiс жусанды дала шығады. Ал табаныңыздың астында жер ойылып түскендей жарқабақ, ары қарай қатпар-қатпар төбелер. Оның ар жағында шыңдардың, аңғарлар мен шатқалдардың таулы мекенi құшақ жая шақырады, биiктен күрт құлаған терең аңғар­дың табанында жiңiшке қалпы жолақтанған Шарын ағады, қатал да терең бұлыңғыр әлем…», – деп жазады Тянь-Шань мен оның бөктерiне жүргiзген зерттеу жұмы­сының алдын ала қорытындысында ғалым. Араға төрт жыл салып, 1890 жылы Америкаға сапар шеккен Андрей Николаевич Жартасты таудағы Йеллоустоун өзенiнiң тереңдiгi 360 метрге дейiнгi каньон­дарымен Шарынды салыс­тырады: «Бұл кезде Йеллоустоун сияқты каньондар бүкiл әлемге әйгiлi болатын, оның суреттерi мен сипаттамаларын Американың әрбiр қаласынан кездестiрер едiңiз, ал Шарынға тек қырғыздар (қазақтар – автор) ғана баратын, оны ешкiм сипаттап жазбаған», – деп күрсiне отырып баяндады. Бұл күрсiнiстiң ар жағында бiр-бiрiне ұқсас екi каньонның тағдыры жатты. Шалғайдағы Америкаға каньондардың көрiнiсiн тамашалауға әлемнiң әр шалғайынан жұртшылық ынтық танытып, ғажайыптың куәсi болу үшiн жол ауыртпалығына қарамай жолға шығар едi. Алатаудың етегiндегi әспеттi кескiнмен таңдан­тар Шарынның шырайлы өрнегi елеусiз қалуы ғалымды қалың ойға жетеледi. Елдiң аңса­рын аударған керемет каньондар қазақ даласында да бары ешкiмнiң ойына кiрiп шықпады. Ғалым А.Красновты күрсiнткен де осы жайт болса керек-тi. Ал Йеллоу­стоун жөнiндегi алғашқы деректi 1804-1806 жылдары Миссисипиден Тынық мұхитының жағалауына дейiн қиын сапарды бастан өт­керген Льюис пен Кларк экспеди­циясының мүшелерi әкелген едi. Аңшы Джон Коль­дердiң 1807 жылы Йеллоустоунға барғанда көрген әңгiмелерi әрiптестерiнiң аузының суын құртты. Ондағы гейзерлердiң тамаша екендiгi, көбiк шаша аспанға атқылап жатқан суларды көз алдарына әкелгенде адам сенбестей оқиғаны ойдан шығарған қиял-ғажайып нәрсе деп те қабылдаған. Аң­шылардың әңгiмелерi ертегiдей аңғардың бейнесiн сан қырынан суреттеп жеткiздi. Олардың шындығы қайсы, терiсi қайсы екенiн анықтау мақсатында 1871 жылы құрамында фотосуретшiсi бар ғылыми экспедицияны алыс өлкеге аттандырды. Шынында да тылсым табиғаттың таңғажа­йыптары экспедициялық отряд мүшелерiн тамсанта түстi. Таңдай қақтырған көрiнiстердi суретке түсiрiп алды. Мына ғажап келбе­тiмен ынтық­тырған өңiр жеке­меншiк емес, ұлттық мақтаныш тұтатын жер болуы керек деп шешкен экспе­диция мүшелерiнiң өтiнiшi өкi­метке жолданды. Йеллоус­тоунда түсiрiлген суреттер мен экспе­диция есебiне ерекше көңiл ау­дарған АҚШ үкiметi 1872 жылы әлемдегi тұңғыш Ұлттық парк құру туралы заң шығарды.
Шарын каньондары да ерекше. Жарқабақтан қиялай төмен түсетiн жалғыз аяқ жол ертегiлер елiне алып бара жатқандай. Ғылыми тiлмен айтқанда, Алатау етегiндегi өзен суы ойған алып ойылым – Шарын өзенiнiң миллион жылдар әлетiнде жасаған өрнегi. Сай табанына жақындаған сайын беткейдегi құздар айрықша тас қамалдарға ұқсаңқырап, өзге бiр әлемге енгендей әсерге қалдырады. Ақ жолақ белдеулер санғасырлық тарихтан сыр ақтарғандай екен. Бiрде мүсiн кейпiнде, бiрде алып киiз үйлi ауылды көз алдыңа әкелетiн құзар жартастың қылы­ғына қызығасыз. Қызғылт қамалдар аңғары таңғажайып сымбатымен өзiне елiктiре бередi. Жер жарықтықтың мың сан қатпары түрлi бояуымен көз алдыңда тұр. Оны анықтай қарасақ, геологиялық, ботаника­лық ашық аспан астындағы мұражай дерсiң. Жер бетiнде тау-тау болып жаратылғалы ұлы далаға ынтыға асыққан өзеннiң сай-саланы қуалай жүрiп өткен жолындағы ескерткiштер өлкесi. Мынау тым төменнен қараған сiзге әлденелердi айтқысы келетiндей. Топырақ әлемiнiң тылсым дүниесiн жалаңаштап көрсетiп, сүйiншi сұрардай биiктен еңселене қараған құздардың суретi үнсiз терең ойға шомдырады.
Қызғылт жартастар аңғары тастар сауал көп. Америкадағы өн бойы каньондарға толы Колорадо өзенi де испан тiлiнде «қызыл» деген мағынаны бiлдiредi. Бәлкiм, Қызғылт жарқабақтардан туын­даған шығар. Сол Колорадоның Үлкен каньоны алғаш рет еуропа­лықтардан 1540 жылы испан конкистадоры Кортестiң отря­дынан офицер Коронадо көредi. Жарқабақтан каньондар­дың тым терендiгi, табанына көз салған испандықтар мұнарға бөккен аңғардан жүректерi шайлықты ма төменге түспей, Мексикаға керi қайтқан. Араға екi ғасыр салып, мұхиттың ар жағынан келген францискандық монах Гарсос ат басын тiреген. Тек одан жүз жыл кейiн ғана, 1869 жылы майор Пауэлл жетекшiлiк еткен экспеди­ция Үлкен каньоннан қайықпен өтiп, оның алғаш ғылыми сипат­тамасын жасады. Картасыз, бұрылыс, арнасы белгiсiз коло­радоны Пауэлл мен оның жаужүрек серiктерi Калифорния шығанағына дейiн жүзiп өттi.
«Алғашқы түйсiнерiңiз – көрген түстей. Қорқынышты көлемдегi ойылым! Ойылымның арғы бетi қалың ауа қалтарысынан көрiнер, содан да жеңiл мұнарт­қандай, бiр қалыпты көгiлдiр толқын. Жағадағы адамды аңғару да қиын. Көпқабатты үйдiң өзi сiрiңке қорабындай ғана болып бiлiнер едi. Ал тереңдiгi… Каньон­ның табаны көрiнбейдi. Останкино мұнарасы бұл ойықта елеусiздеу ағараңдаған инедей байқалар. Мұндай жыраны бүкiл әлем бiрiге кiрiскенiмен, адам қолы қаза алмас. Бұл ғажайыпты тек табиғат қана жасайды. Бұған ондаған миллион жыл керек». Қоршаған ортаның тылсым сырына бой ұрған белгiлi журналист, жиһанкез Василий Песков Колорадо өзе­нiндегi Үлкен каньонмен алғаш­қы таныстығын оқырманға осылай баяндайды. Негiзiнде, шатқалдың ұзындығы бес жүз шақырымнан астам. Каньонның енi алтыдан жиырма шақырымға дейiнгi жердi алады. Кейбiр тұсы сегiз жүз метрге қысқарады. Колорадо аңға­рының табан енi жүз метр ғана.
Сол Колорадоның айнымас бөлшегiндей Жер шарының өзге жартысында Шарын жатыр. Шын мәнiнде, Шарын аңғары да табиғаттың таңғажайып сұлулығы ретiнде өзiне қызығушыларды ынтықтырады. Өзiнiң тылсым өрнегiмен тамсантар Шарынның қызғылт қамалдары жұмбақ дү­ние­нiң есiгiн ашардай менмұн­далап аңсарыңды аудара бередi.
Қолмен қашағандай шоқы­ланған қамалдар, түрлi кейiп танытқан мүсiн тастар ендi бiр сәтке бұрынғыдан да қызғылт тарта түспек. Бәлкiм, күн ұясына еңкейген де болар. Өйткенi алқалы кең аңғардың беткейiндегi көлеңке қалыңдай ұзара түсiптi. Аңғар табанынан жоғары өрлер сүрлеудi iздедiк. Өзен жағалай барып биiкке көтерiлер жалғыз аяқ жолды да көлеңке көмiптi.
Жарқабақтың басында ат үстiнен қызғылт қамалдардың сұлбасынан көз айырмай қараған бала тұр.
Бұл өңiрде алып таулардың керiм келбетi көз қарықтырады, ақ бас сұлу сурет кiмдi де болса өзiне ынтықтыра түседi, көк аспанға ұмтылған жасыл шыршалар ерекше сән бередi…
Бұл өңiрде көкорай шалғынды жоталарға ақша бұлттар қонақтайды, ал ақша бұлттарды кешкен аттылы кiсiлер самбырлай сөйлеп бара жатады…
Бұл өңiрде тау беткейiн сұлулықпен кестелей алған өзендер ұлан далаға асығады…
Осының бәрiне өзгеше әспет бергендей Шарынның ғажайып қызғылт қамалдары айрықша­ланып көрiнедi.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
Алматы облысы
24 ақпан 2018 ж. 1 283 0