Cannes – 2019: Марапаттарды кім дайындайды?
Биылғы Канн фестивалінің ұйымдастырушылары негізгі жауапкершілікті Chopard брендінің зергерлеріне сеніп тапсырып отыр. Олар тек үздік фильмге, сондай-ақ, үздік қысқа метражды фильмге арналған "Алтын пальма бұтағын" ғана емес, өзге де озық шыққандарға статуэтка дайындайтын болды. Яғни, үздік сценарий, әділқазылар алқасы таңдауы мен Гран-при де бар. Осы жылдың үздік актер, актрисалары мен режиссерлері де Chopard жасаған марапаттарға ие болады. Chopard зергерлік үйі жиырма жылдан астам уақыт бойы Канн фестивалінің ресми серіктесі болып келеді және олар марапаттарды осы күнге дейін дәстүрлі түрде даярлап келеді . Алтын пальма бұтағы дизайнын 1998 жылы аталған брендтің креативті директоры және президенті Каролина Шойфеле әзірледі. Марапаттар Chopard зергерлік үйінде Fairmined сертификатына сай этикалық алтыннан жасалады. Fairmined сертификаттау стандартына сәйкес, алтын өндіру еңбек жағдайлары (атап айтқанда, балалар еңбегін пайдалануға тыйым салу), әлеуметтік даму және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты қатаң талаптарға сай болуы керек. Ескеріңізге салайық, биыл Канн кинофестивалі мамырдың 14-і мен 25-і аралығында өтеді. Негізгі конкурстың қазылар алқасының төрағасы болып мексикалық режиссёр Алехандро Гонсалес Иньярриту тағайындалды.
Massaget.kz