Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» ҚПЛ: 17 тур ойындарына қанша жанкүйер келді?

ҚПЛ: 17 тур ойындарына қанша жанкүйер келді?

Құрметті оқырмандар, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ұсынған мәліметтерге сүйене отырып, ҚПЛ-дің 17 тур ойындарын көруге еліміздің 6 қаласындағы стадионға келген жанкүйерлердің қарасы қаншалықты екенін біле отырайық! 

«Тобыл» — «Астана» арасындағы матч 17 турдың орталық кездесуі болғаны анық. Өйткені, дәл осы текетіресте кімнің көш басында қалатыны шешілетін еді. «Тобыл» жанкүйерлерінің өкінішіне қарай, алаң иелері өз алаңында «Астанадан» жауапсыз екі доп жіберіп, биылдыққа екінші рет ұтылды. Қостанайдағы Орталық стадионнан бұл ойынды 5 500 жанкүйер тамашалапты. 

Ал Алматыдағы «Қайрат» — «Ордабасы» матчы да қызыққа да, тартысқа да толы болды. Жеңімпаз тек ойынның соңғы минутында анықталды. Орталық стадионға жиналған 7 000 жанкүйердің көз алдында Зиги Бадибанга 90 минутта нәтижелі соққымен «Ордабасыға» жеңіс сыйлады. 

«Қайсар» — «Шахтер» командалары 17 турда ең нәтижелі ойын өткізді. Оған қоса бұл ойын жанкүйерлер жинау жағынан да нәтижелілігімен көзге түсті. Күрделі жөндеуден көрген Ғани Мұратбаев атындағы стадиондағы алғашқы ойынға 6 500 адам келіпті. 

Турнир кестесін түйіндеп тұрған «Тараз» — «Ақтөбе» командалары арасындағы матч тартысты өткенімен жеңімпаз анықталмады. Матчты тамашалауға келген 3 000 жанкүйер тек екі ұжымның қалай бі-бір гол алмасқанына куәгер болды. 

«Атырау» — «Жетісу». Өз алаңындағы ойынның маңызын жете түсінген мұнайлы өлкенің командасы өзіне керек нәтижеге қол жеткізе білді. Дмитрий Огай шәкірттерін 2:1 есебімен тізе бүктірген «Атыраудың» ойынына 4 500 жанкүйер келді. 

«Ертіс» — «Оқжетпес» кездесуіне жанкүйерлердің аз келуіне де салмақты себеп бар. Бұл ойынды көруге небәрі 2 800 адам келді. Өйткені, «Ертіс» клубындағы соңғы ауыс-түйістер мен футболшылардың жаппай клубтан кетуі Кереку өңірінің тұрғындарына ұнай қоймағаны көрініп тұр. 

Сонымен, 17 тур ойындарын алаң жиегінен көруге — 29 300 жанкүйер келіпті. Ең көп жанкүйер жиналған ойын «Қайрат» пен «Ордбасы» арасында (7 000 адам) өтсе, ең нашар көрсеткіш Павлодарда (2 800 адам) тіркелді. Естеріңізге сала кетейік, өткен 16 турда жалпы алғанда 25 800 жанкүйер жиналған еді. Байқағандарыңыздай, осы турдағы көрсеткіш біршама артқан. 

Шамкен БАЙЫРБЕК.


---
07 шілде 2019 ж. 685 0