ҰБТ: тағы да ұятты етпесін
Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 3 айға жуық қана уақыт қалды. Негізгі деудің де өзіндік себебі бар. Жыл басынан бері бұл сынақтың ақылы түрі өткізіліп келе жатқанынан көпшілік хабардар болар. Оның алғашқысын газет бетіне жариялаған болатынбыз. Ал, екінші ақылы тестілеу 28-ші наурыз күні өтеді деп жоспарлануда.
Дәл қазіргі сәтте мектеп бітіруші түлектердің жүрегі алып-ұшып, үлкен сынақ алдындағы қобалжу сезімін бастан кешіп жүр. Ал, олардың ата-аналары мен ұстаздарының уайымы оқушылардан кем болмасы анық. Аудан бойынша жыл сайын 800-900-дей түлек мектеп бітірсе, соның 55-60 пайызы ҰБТ-ға қатысады.
Бұған дейін ҰБТ қорытындысы бойынша төмен ұпай жинаған мектептің басшылары жауапқа тартылып, үстерінен тиісті шаралар көрілетін. Ал, соңғы жылдары бұл үрдіс жойылып, тестілеу көрсеткішімен рейтинг шығарылмайтын болды. Сонда да болса, аудандағы соңғы екі жылдағы тестілеудің қорытындысына өздеріңізбен бірге көз жүгіртпекке бекіндік.
Кент бойынша №47 және Көкшоқыдағы №127 мектептер алғашқы лекте тапжылмай тұрған бірден-бір білім ордалары. Ал, елді мекендер арасында ҰБТ көрсеткішінен көш бастап тұрған білім ордасы деп – Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты №40, №41, №142 мектептерді атар едік. Ал, Тартоғайдағы №153 мектеп-лицейі өткен жылдың қорытындысында сұлутөбелік №142, №40 мектептерден кейінгі 3 орынға тұрақтаған. Есесіне 2017 жылдың көрсеткіші бойынша тартоғайлық білім ордасы 19-шы орында тұр. Ал, жоғарыда айтылған М.Шоқай, Бірлестік, 1 Май ауылдарындағы мектептер алдыңғы ондықтан түскен емес. Бәзбіреулер мәселе бұл мектептердегі оқушы санының аздығынан деп топшылауы да мүмкін. Әйтсе де, тестілеу орталығы берген цифрлы мәліметке қарап, оның шындыққа жанаспайтынын білдік. Мәселен, Жаңатұрмыстағы №207 мектеп пен жиделілік №206 мектептегі оқушы саны жоғарыдағы ауылдармен шамалас бола тұра тестілеу көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Бұл мектептердің қатарына қос оқу жылының қорытындысы бойынша соңғы ондықта тұрақтап тұрған №181, №251, №214, №157, мектептерді атауға болады.
Аудандағы ең үлгілі мектеп саналатын №45 Ақорда мектеп-гимназиясы мен №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейі ҰБТ қорытындысы бойынша 2017 жылы көш бастап тұрғанымен, өткен жылдың нәтижесінде 18 бен 21-ші орында тұр. Ал, сынақтан сүрінбей өтіп, мемлекеттік грантты жеңіп алған үздіктер саны алдыңғы оқу жылында 236 болса, 2018 жылы 312-ні құрап отыр.
Ал, 2018 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша сынаққа қатысқан 33 мектептің ішінде көш соңында қалып, соңғы ондыққа Ақмаядағы №49 мектептен бастап, №№214, 251, 48, 270, 50, 181, 157, 141 орта оқу орындары жантая жайғасқанын байқаймыз.
Жалпы, тестілеудің соңғы екі оқу жылындағы орташа көрсеткіші 80-81 баллды құрайды. Ал, облыс бойынша рейтинг тіптен төмен, өткен оқу жылы да, оның алдында да соңынан санағанда екінші орын. Артымызда тек Жаңақорған ауданы ғана бар. Бұған себеп не? Біздегі ұстаздардың білімді шәкірт тәрбиелеуге білімі мен біліктілігі жетпейді ме, әлде, оқушы сынақ алаңына келгенде қобалжығаннан білгенін ұмытатындай жүйелі психологиялық дайындық жасалмайды ма? Бәлкім, түлектердің тестілеуге арналған дайындық жоспарына өзгеріс енгізу қажет шығар. Сұрақ көп. Қайткен күнде де тестілеумен рейтинг анықталмайды деп арқаны кеңге салу жарамас.
Қаншама білімді, ғалым азаматтар мен мықты мамандарды дүниеге әкеліп, оларға білімнің іргетасын мықтылап құйып берген ауданның соңғы қатарда сап түзегені елдігімізге сын болмақ.
Біреуді қаралап, әлдебіреуді даралау біздің мақсат емес. Діттегеніміз – ауыл мектептерінің сынақтан өту деңгейін сараптап, саралау ғана.
Шерәлі Үркімбаев,
ҰТО-ның Шиелі кенті бойынша филиалы басшысы:
– ҰБТ – жоғары оқу орнына түсудің негізгі құралы. Олай болса жоғары оқу орнына сүрінбей түсуге ниеттенген кез келген жастың алдын ала оған дайындалғаны дұрыс. Ал, дайындық мерзімінің шегі мақсатыңызға байланысты екенін білгеніңіз жөн. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс бойынша, яғни, грантта оқығыңыз келсе дайындықты кемінде екі жыл бұрын бастау қажет. Оның жүйелі әрі сауатты болуы үшін арнайы курстарға қатысқан пайдалы. Үміткердің білім деңгейі неғұрлым төмен болған сайын дайындалу мерзімі де соғұрлым ұзақ болғаны абзал. Білімнің негізі орта мектепте екенін ұмытпаған жөн. Онсыз ЖОО түсуге ұмтылу, іргесі құйылмай жатып үй соғуға кіріскенмен бірдей. Тестті жаттап дайындалу дұрыс деп айта алмаймын. Немістің психологы Герман Эббингауз жаттау тәсілінің нәтижесіздігін дәлелдеп жазған. Ғалым жаттап алған білімнің ғұмырының қысқалығын айтады. Дегенмен, бұл шәкірттерге қарағанда көбіне ұстаздардың проблемасы. 11 сыныпта «бәйге» қумас үшін сапалы білімнің негізін балаға бастауыштан бастап қалау қажет.
Айнұр ШАҒДАРОВА,
психолог:
– Емтихан тапсыру немесе сынақтан өту кез келген адамның бойында қобалжу мен қорқынышты тудыратыны белгілі. Бұл психологиялық проблема. Кейбір жақсы оқитын балалар білімін өз дәрежесінде көрсете алмай қалады. Бұған көп жағдайда қорқыныш, үрей сеп болады. Ондай кезде баланың психологиялық кедергілерден арылуына көмек беру жолдарын қарастыру керек. Әке-шешенің, ұстаздың ең басты рөлі – баланы «таяқтау» емес, қолдау. Баланың амандығы қажет. Оның аман болғаны, денсаулығы, психикасының сау болғаны аса құнды.
Гүлхан ЯХИЯ.