Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнеркәсіптік революция: өңір тынысына тың серпін

Өнеркәсіптік революция: өңір тынысына тың серпін

2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы Шиелі ауданы әкімі Әшім Оразбекұлының есебі
Құрметті жерлестер!
Еліміз үшін бірлік пен берекенің, ынтымақ пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын жеңістердің тағы бір жылы тарих көшіне ілесіп, елеулі оқиғаларымен есте қалды.
2018 жыл еліміздегі экономикалық даму мен қалыптасқан саяси тұрақтылықтың арқасында аудан халқы үшін аса ірі серпінді жобалардың жүзеге асуымен табысты жыл болды.Еліміз өсіп-өркендеудің инновациялық-индустриялық жаңа дәуіріне, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа жолына қарышты қадам басты. Сарыарқа төсінен орын тепкен Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесі ұлықталды.
Сырдың бас қаласы – Қызылорданың 200 жылдығы, шежірелі Шиелі ауданының 90 жылдығы аталып өтілді.
Аудан дамуының негізгі басымдықтары Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде және «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларында айқындалған мақсаттарға сәйкес атқарылды.
Шиелі ауданында жүргізілген жұмыстар әлеуметтік саланы дамытуға, Елбасының индустрияландыру, «Бизнестің жол картасы- 2020», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларын орындауға, облыс әкімі бастамасымен қабылданған кәсіпкерлікті қолдаудың 3 жылдығы аясында аудан экономикасын өркендетуге бағытталды.
Осы ретте 2018 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстары мен экономикалық көрсеткіштерге кеңінен тоқталып өтсек.

БЮДЖЕТ ЖӘНЕ САЛЫҚ
2018 жылы аудандық бюджеттің кірісі болжамдалған 15 млрд. 419 млн. теңгенің орнына 15 млрд. 573 млн. теңгеге орындалып, 101% болды. Оның ішінде, аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 1 млрд. 790 млн. теңгенің орнына 1 млрд. 942 млн. болып орындалды. 108,5 пайызға жетті.
2018 жылы аудандық бюджет шығысы 15 млрд. 419 млн. теңгеге жоспарланып, 15 млрд. 402 млн. теңгеге орындалды немесе 99,9 пайызға игерілді.
Аудан бойынша халық саны – 2 000-нан асатын кент және ауылдық округтерде түсімдер 1 млрд. 392 млн. теңгеге жоспарланып, есепті кезеңге 1 млрд. 414 млн. теңге түсім түсіп, 101,6 пайызға орындалып отыр, оның ішінде, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерінен 2018 жылға 161 млн. теңге жоспарланып, есепті кезеңге 183 млн. теңгеге немесе 113,6 пайызға орындалса, мемлекеттiк басқарудың жоғары тұрған органдарынан түсетiн трансферттерден 1 млрд. 231 млн. теңге жоспарланып, есепті кезеңге 100 пайыз орындалды.
Есепті кезеңге бюджет шығындары 1 млрд. 392 млн. теңгеге жоспарланып, 1 млрд. 381 млн. теңге немесе 99,2 пайызы игерілді.


ӨНЕРКӘСІП ӨНДІРІСІ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК
Ауданның өнеркәсіп орындары есепті мерзімде 21 млн. 739 мың теңгенің өнімін өндіріп, өнім өндіру нақты көлем индексімен 99,7 пайызға орындалды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 6 млрд. 248 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 113 пайызды құрады.
2018 жылы ауданда 4 597 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, 7 786 адам жұмыспен қамтылды, өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілері 6,2 пайызға артты. Ондағы жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 3 956-ны (86,1 %) құрады.
2018 жылы аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінен 1 млрд. 995 млн. теңгенің салықтық түсімдері түсіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда, 158,5 пайызға артығымен орындалды. (2017 жылы 1 млрд. 258 млн. теңге)
2018 жылы жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерліктегі жылдық айналым қаражаты 2 млн. теңгеден асатын кәсіпкерлердің саны 593-ке жетіп, 19,7 пайызды құрады.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында ауданда 3 жоба жүзеге асырылуда.
Біріншісі, индустрияландыру картасы аясында «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС-нің жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығару зауыты. Зауыт құрылысы кезеңінде 1 200 адам жұмыспен қамтылды, зауыт толық қуатымен іске қосылған кезде 260 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
«Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-нің тампонажды цемент шығару зауыты 2018 жылдың 11 желтоқсанында Елбасының қатысуымен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылды.
«Фирма Балауса» ЖШС-нің «Бала-сауысқандық кенішінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасының ІІ және ІІІ кезеңдерін жүзеге асыру бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, облыс әкімдігі және британдық «Ferro-Alloy Recources Limited» компаниясы арасында құны 125 млн. АҚШ долларын құрайтын үшжақты келісімге қол қойылды. Жобаның 3 кезеңінің жалпы құны – 34,9 млрд. теңге 2018 жылы экспорт көлемі 3,2 есеге ұлғайды (2017 ж. – 128 тонна).
«Фирма Балауса» ЖШС құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 200 тонна аммоний метаванадатын экспорттады. Қазіргі таңда кәсіпорында 147 адам жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын «Сыр Агро и К» ЖШС-ның «1200 бас ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, қолдау тапты. Жоба жүзеге асқан кезеңде тәулігіне 15 тонна сүт өнімі өндірілетін болады.
Шиелі кентінің шығыс аймағынан индустриалық аймаққа 96 га. жер телімі беріліп, жалпы инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге 233,4 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 6,4 шақырым электр желісі жүргізілсе, 2,3 шақырым су құбырлары және 2,6 асфальтталған автокөлік жолының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, 2 трансформатор іске қосылды.
Индустриалдық аймақтан жобалық құны 66 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаға 63 га. жер телімі табысталды. Жобалар жүзеге асырылған кезеңде 438 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. («Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «Мия Шиелі» ЖШС, «Тұлпар-2000» ЖШС, «Шиелі тас» ЖШС, «Шиелі Жолшы» ЖШС, «Бек-транс строй» ЖШС, «Бөпежанов» ЖК).
Қазіргі таңда, индустриалдық аймақта 3 («Шиелі Жолшы» ЖШС, «Мия Шиелі» ЖШС, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС) жоба іске қосылды.
2018 жылға арналған «Кәсіпкерлікті дамытудың жол картасына» сәйкес кент және ауылдық округтерден бағдарлама аясында 95 жобаны қаржыландыру жоспарланған болса, бүгінгі күнге 177 жобаға 847,0 млн. теңгеге несие қаражаты берілді. (186,3 пайыз) жоспарланған 730 кәсіпкерлік субъектілерінің орнына есепті мерзімде мемлекеттік кірістер басқармасына 765 кәсіпкер тіркеліп, жоспар 104,7 пайызға орындалды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты бойынша Шиелі ауданында жалпы құны – 348 млн. теңгені құрайтын 14 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылса, ішінара кепілдендіру бағыты бойынша жалпы құны – 29,2 млн. теңгеге 5 жоба мақұлданды. Бұл жобалар аясында 62 адам жұмыспен қамтылып отыр.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына «Гранттық қаржыландыру бойынша» ауданнан 100 жоба ұсынылып, комиссияның қорытындысымен 15 млн. 300 мың. теңгені құрайтын 24 жоба жеңімпаз атанды. (Оның ішінде, 5 жоба – (қаз, үйрек, түйетауық) құс өсіру, 4 жоба – тігін цехын ашуға, 5 жоба – наубайхана ашу, 3 жоба – шаштараз және сүт өнімдерін, пластмасса өнімдерін, жиҺаз жасау, тоқыма, қаптама тас, шлакоблок шығару мақсатында гранттар ұтып алды.)
Жыл басынан жалпы құны 1 млрд. 562 млн. теңгені құрайтын 282 жоба қаржыландырылды.
Шиелі ауданында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан сервистік қызмет көрсету кешендерін орналастыру үшін облыстық қала құрылыс бақылау кеңесінде қаралып оң қорытындыға ие болған 4 жол бойы сервистік қызмет көрсету кешендері жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 2018 жылдың желтоқсан айында, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан жеке кәсіпкер Б.Жүзкеновтің «С» санаты бойынша жобалық құны 100 млн. теңгені құрайтын сервистік қызмет көрсету кешені іске қосылып, 10 адам жұмыспен қамтылуда.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ
2018 жылы ауылшаруашылығы саласы бойынша 20 млрд. 621 млн. теңгенің өнімі өндірілді, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнім өндіру 105,0 пайызды құрады.
2018 жылдың 11 айында ірі қара – 55 735 басты, уақ мал 77 609 басты, жылқы – 13 257 басты, түйе –1 469 басты, құс – 34 471 басты құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда ірі қара – 113,4 пайыз, уақ мал – 101,6 пайыз, жылқы – 105,9 пайыз, түйе – 109,5 пайыз, құс – 135,6 пайызды құрады. Асыл тұқымды ірі қара – 602 бас, асыл тұқымды қой 8 272 бас, жылқы – 144 бас, түйе – 380 басқа жетті.
Ауданда 16 қолдан ұрықтандыру пунктері жұмыс істейді. Жыл басынан бері 2 409 бас аналық сиыр қолдан ұрықтандырылды.
2018 жылдың 11 айында тірілей салмақта 4072,2 тонна ет, 15 930,5 тонна сүт, 2 988,5 мың дана жұмыртқа өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда ет 101,7 пайыз, сүт 102,9 пайыз болып, жұмыртқа саны 2,8 есеге артты.
Шиелілік диқандар 12 627 гектар күріштің әр гектарынан 57,0 центнерден өнім келтіріп, 71 974 тонна астық қамбаға құйылды. Күздік бидайдан 1 638 тонна (орта өнім 17,2 центнерден), жаздық бидайдан 360 тонна (орта өнім гектарына 14 центнерден), 1 063 гектар мақсары дақылынан 1 034 тонна, жүгері дақылынан 35 центнерден, тарыдан 30 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ, көкөніс, бақша дақылдары да өзінің мол жемісін берді. Картоптың әр гектарынан 250 центнерден, көкөніс пен бақша дақылдарының әр гектарынан 300 центнерден өнім жиналды. 2018 жылдың қорытындысымен Шиелі ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамытқаны үшін І орын иеленіп, «Үздік аудан» атанды.
Ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында аудан бойынша 2018 жылдың 1 қазанына дейін Ауғанстан республикасына 476 тонна күріш экспортталып, Ресей Федерациясының бірқатар облыс орталықтарына 10 тонна балық, 702 тонна бақша және 95 тонна көкөніс өнімдері шығарылды.
2018 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанның солтүстік, орталық, батыс өңірлеріне 3 500 тонна қауын, 3 150 тонна қарбыз, 456 тонна қызанақ және 580 тонна қияр жөнелтілді.
Ауылшаруашылық құрылымдары лизингке және жеке қаржыларына жалпы құны 1 млрд. 18 млн. теңге тұратын 27 ауылшаруашылық техникаларын сатып алды.
«Әшірбеков» шаруа қожалығы жалпы құны 72 млн. теңгеге күріш ақтау цехын және 37 млн. теңгені құрайтын құрама жем цехын іске қосты.
Аудан көлеміндегі 36 көлдің 29-ы 10 жыл мерзімге жалға берілген, 7 көл конкурстық негізде кәсіпкерлерге табысталатын болады. Балық шаруашылығымен айналысатын кооператив құрылып, 80 адам жұмыспен қамтылып отыр. Аудандағы 29 көлден 56 тонна балық ауланып, бюджетке 6 млн. 800 мың теңге салық төленген.
Алдағы уақытта «Күміскеткен» су қоймасының салынуымен, балық шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндіктер туып, балық аулау көлемі еселеп артатын болады.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бойынша 412 өтінім түсіп, ауданның тауар өндірушілеріне 2018 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 255 млн. 336 мың теңге субсидия төленді. «Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау арқылы өсiмдiк шаруашылығының шығымдылығын және өнім сапасын арттыруды, жанар-жағармай материалдарының және көктемгi егіс пен егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшін қажеттi басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын субсидиялау қағидалары» бойынша 181 798 204 теңге, «Өсiмдiктердi қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердiң, биоагенттердiң (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау қағидасы» бойынша 45 014 779 теңге, «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау қағидасы» бойынша 298 881 483 теңге, «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидалары» бойынша 55 667 790 теңге субсидия берілді.
Ауылшаруашылығын әртараптандыру бағытында 2019 жылы 1 100 га. жерге мақсары, 1 472 га. жерге бидай, 4 585 га. жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жоспарлануда. 300 гектар жерге егілген көкөніс, бақша дақылдарын күтіп, баптауда тамшылатып суару әдісі қолданылатын болады.

ВЕТЕРИНАРИЯ
2018 жылы аса қауіпті 13 түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржыға ветеринариялық препараттар алынып, 804 мың 350 бас ауылшаруашылығы жануарларына егу жұмыстары жүргізілді.
Жануарлардың энзоотиялық ауруларына қарсы облыстық бюджет есебінен ветеринариялық препараттар сатып алынып, 85 мың 400 бас ауылшаруашылығы жануарларына егу жұмыстары жүргізілді.
Аудан көлемінде эпизоотиялық тұрақтылық сақталуда.
Диагностикалық тексеру қорытындысында сарып ауруына оң нәтиже берген 7 бас мүйізді ірі қара, 15 бас уақ малдың 6 бас ірі қарасы мен 15 бас уақ мал ветеринариялық - санитариялық талапқа сәйкес сойылып, қайта өңдеуден өткізілді.
Ауданда «Сібір жарасы» аурулары көмінділерінің топографиялық картасы жасалынып, толығымен бетондалып, залалсыздандырылды.
2018 жылы 4 млн. 174 мың теңге бөлініп, 3 195 бас қаңғыбас иттер мен мысықтар (3001 ит, 194 мысық) ауланып, жойылды. Өлекселер ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес, типтік жобадағы мал көмінділеріне тасталды.
2018 жылы ауданда мал өлекселері мен биологиялық қалдықтарды жоятын типтік жобадағы 2 мал қорымы салынып, қазіргі таңда құжаттары рәсімделуде. 2019 жылы екі ауылдық округте мал қорымдарын салуға қаржы бөлінді. Ал, қалған ауылдық округтер мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мал қорымын салуға жұмыс жасауы қажет.
2018 жылдың эпидемиологиялық маусымында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы қолайсыз 30 елді мекенде тиісті механикалық тазалау және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ауданда 4 мал сою алаңы тіркелген. Жыл басынан мал сою алаңдарында 861 бас мүйізді ірі қара, 310 бас уақ мал, 35 бас жылқы малы, 1 бас түйе сойылды.
Аудан аумағында 1 мал базары жұмыс жасайды. Жыл басынан бері 3 905 бас мүйізді ірі қара, 4 935 уақ мал, 1 592 жылқы сатылған.
2018 жыл басынан ішкі сауда объектілерінде 861 мүйізді ірі қара, 310 уақ мал, 35 жылқы, 1 түйе және 168 партия балық өнімдері ветеринариялық сараптаудан өткізіліп, сатылымға рұқсат етілді.

ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ
Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көзделген тапсырмаларды орындау мақсатында цифрлық технологияларды қолданатын бірнеше жобалар жүзеге асырылды. Уран шикізатын өндіруші кәсіпорындарда цифрландыру жүйелері енгізілуде.
Атап айтқанда, №6 кен басқармасы технологиялық процестерді (геотехнологиялық полигондарда диспечерлік және автоматтық жүйелер) қамтитын «Ақылды кеніш» бағдарламасы жүзеге асуда, «Семізбай-U» ЖШС-інде цифрлық өлшегіш құрал-жабдықтарды пайдалануды жүзеге асырды. (Электронды құжат айналымы, биометриялық терминалдар, КАП сафети мобильдік қондырғысы, пневматикалық электронды клапондар).
«Ақылды қала» жобасы аясында ауданда «Көшені ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 19 млн. 200 мың теңге қаржы бөлініп, «Ақмая» шаруа қожалығының егістік алқаптарын (күріш, жоңышқа т.б. дақылдар) «Ақылды ферма» жобасы аясында цифрландыру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары 100,1%-ға жетіп, 29 633 гектар жердің электронды сызбасы жасалды. «Агробиржа» электрондық сауда сайты іске қосылды. Электронды сауда сайтына 37 шаруа қожалық тіркелген.
Медицина саласында науқастардың кезектілігін айқындау, дәрігерге жазылу сынды электронды бағдарламалар сәтті жүзеге асырылды.
Білім ұйымдарын цифрландыру мақсатында 56 дана интерактивті тақта, 10 робототехника, 1 зертхана, 2 дана 3Д-модельдеу, 60 дана компьютер, 20 биология, химия, физика кабинеттері, 200 дана планшет, 174 дана роутер алуға барлығы 220 млн. 754 мың теңге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарының жұмысын автоматтандыру мақсатында электронды база орнатуға 12 млн. 500,0 мың теңге қаралып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру ұйымдарын цифрландыру мақсатында GPS-мониторинг пилоттық жобасына №252 мектеп-гимназиясының 289 оқушысы қосылып, ата-аналарға жоба ережесі таныстырылып, әр оқушыға промокод берілген.
2018 жылы еңбек нарығындағы жұмысқа орналастырудың жаңа механизмі – «Электрондық еңбек биржасы» қалыптастырылды. Бұл дерекқор жұмыс іздеушілерге және жұмыс берушілерге персоналды іріктеу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Дерекқор аясында азаматтарды жұмысқа орналастыру үрдісі электронды форматқа көшіріліп, қазіргі таңда жұмыс іздеуші азаматтардан 782 түйіндеме жарияланды. 469 жұмыс беруші электронды еңбек биржасына тіркеліп, 1 317 бос жұмыс орындарын портал арқылы жариялады. 1 196 бос жұмыс орнына жұмысқа қабылдау жүргізілді.

ИНВЕСТИЦИЯ, ҚҰРЫЛЫС
2018 жылдың 11 айында негізгі қорға барлығы 40 460,0 млн. теңге инвестициялық қаржы салынды.
2018 жылдың 11 айында жалпы ауданы – 42 867 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, тиісті кезеңмен салыстырғанда 110,0 пайыз орындалды. Ауданда жалпы құны 1 млрд. 237 млн. теңге тұратын 5 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. (Еңбекші тіректі елді мекенінде 150 орындық ауылдық клуб үйі, спорт кешені және Тартоғай, Еңбекші ауылдарында 90 орындық бала бақша пайдалануға берілді. №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясына қосымша құрылыс жүргізілді.)
Жалпы, құрылыс жұмыстарының көлемі 4 723,0 млн. теңгеге жетіп, тиісті кезеңнен 3,8 есеге өскен.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына, сумен жабдықтау бойынша 3 жобаға (Шиелі кентіндегі Шұғыла-2, Шұғыла-3, Шығыс-4 (9 этаж аймағы)) мөлтек аудандарымен Бидайкөл ауылы) республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 645,7 млн. теңге қаржы қаралған. (республикалық бюджеттен 581,2 млн. теңге, облыстық бюджеттен 64,5 млн. теңге).
Қазіргі таңда барлығы – 408,7 мың теңге қаржы игеріліп, 62,3 шақырым ­ауыз­­­су­­­ құбырлары жүргізіліп, 235 дана көру құдықтары монтаждалды.
2019 жылы Сұлутөбе сумен қамту жүйелерінің бас су қоймасының құрылысына 300 млн. теңге, Тартоғай елді мекенінің бас су қоймасына 300 млн. теңге, Ботабай елді мекенінде ішкі ауыз су желісінің құрылысына 66 млн. 885 мың теңге, 1 май елді мекенінде ішкі ауыз су желісінің құрылысына 92 млн. 128 мың теңге, Бірлестік елді мекенінің ішкі ауыз су желісінің құрылысына 51 млн. теңге қаржы қаралды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, электрмен жабдықтау бойынша 3 жобаға (Шиелі кентіндегі Шұғыла-2, Шұғыла-3, Шығыс-4 (9 этаж аймағы) мөлтек аудандары мен Бидайкөл ауылы) республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 235,8 млн. теңге қаржы қаралып, (оның ішінде, республикалық бюджеттен 214,2 млн. теңге, облыстық бюджеттен 21,6 млн. теңге) жұмысы жалғасатын болады.

МЕМЛЕКЕТТІК – ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК
2018 жылы Шиелі кентінен «Шиелі-Думан» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарасты «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» өз жұмысын бастады. Ғимарат 5 жылға жалға беріліп, 54 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында Алғабас елді мекенінде «БЕТА-К» ЖШС 116 млн. 360 мың теңге, Ақмая елді мекенінде жеке кәсіпкер С.Жұмбеков 65 млн. 368 мың теңге тұратын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын салып, 10 жылға жалға беру арқылы 22 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
2018 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Төңкеріс елді мекенінде жобалық құны 97 млн. 300 мың теңгенің, Бестам елді мекенінде жобалық құны 42 млн. теңгенің жабық спорт кешендері пайдалануға берілді. Бидайкөл елді мекенінде «Бастау» жабық жүзу бассейні іске қосылды.
2019 жылы Керделі ауылдық округі, Н.Бекежанов елді мекенінен «Дәрігерлік амбулатория» ғимаратын салу, жобалық құны 161 159 мың теңге, Жөлек ауылдық округі, Жөлек елді мекенінен «Дәрігерлік амбулатория» ғимаратын салу, жобалық құны 169 269 мың теңге, Керделі ауылдық округі, Н.Бекежанов елді мекенінен дене шынықтыру-сауықтыру ғимаратын салу, жобалық құны – 250 млн. теңге, Жөлек елді мекенінен дене шынықтыру-сауықтыру ғимаратын салу, жобалық құны – 42 млн. теңге болатын жобалар жүзеге асырылатын болады. 2019 жылы Шиелі кентінен жобалық құны – 135 млн. теңгенің жабық жүзу бассейінін салу жобасының құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын көгілдір отынға ауыс­тыру мақсатында жобалық құны 184,3 млн. теңгеге аудан орталығынан 8 жоба іске асырылуда. (№127, №219, №270, №47 №47, №48, №244 мектептері мен оқушылар үйі).
Шиелі ауданындағы индустриалдық аймақта орналасқан «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-нің тампонажды цемент шығару зауытына ішкі инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге 2 жоба жүзеге асырылуда. Ішкі электр желісін тарту үшін «Шиелі подстанциясы» және ЛЭП 110 кВ ұлғайтуға мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, жалпы құны 1 млрд. 978 млн. теңгеге 12,5 шақырым электр желісін тарту, құрылыс монтаж жұмыстары толығымен аяқталды.
Қашықтығы 3,2 шақырым болатын темір жол желісін тарту үшін 400 млн. теңге болатын жоба сметалық құжаттарға мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары аяқталып, мемлекеттік қабылдау жүргізілуде.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік- кәсіпкерлік сектордың дамуына да әсер ететін ауқымды бағыттың бірі. Алдағы уақытта жоғарыда аталған мемлекеттік -жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар толығымен іске асырылғанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығына зор ықпал етеді деп сенемін.

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ
Автомобиль жолдары
Ауданда 145,4 шақырым аудандық, 92 шақырым облыстық, 80 шақырым Республикалық маңыздағы автомобиль жолдары, Сырдария өзенінде екі қалқымалы көпір мен бір қалқымалы өткел бар. Аудандық маңыздағы 145,4 шақырым автомобиль жолдарының 124,5 шақырымы, яғни 83,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Облыстық және республикалық маңыздағы автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтталған.
Кент және ауылдық округ елді мекендерінде 437 шақырым жол тораптары бар. Олардың тиісінше кентте 51,5 және елді мекендерде 46,5 пайызы асфальтталған. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 107,9 мың теңге бөлініп, 11 шақырым ауыл, 2,4 шақырым кент жолдары жөнделді.
2018 жылы облыстық бюджеттен «Самара-Шымкент» аудандық маңызы бар автомобиль жолы бойындағы 1942+200 шақырымындағы К-3 каналы бойындағы көпір 105,2 млн теңгеге күрделі жөнделіп, коллектор каналының деңгейі 70 см-ге түсіріліп, Шиелі кенті мен Бекежанов елді мекендерінің ыза су көтерілуі тоқтатылды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес сметалық құны 120,0 млн теңге тұратын тарихи орны бар «Оқшы ата» мемориалдық кешеніне кіре беріс 4,8 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жол құрылысы екі жылға жоспарланып, мекеме «Шиелі Жолшы» ЖШС-гі 96,9 млн. теңгеге ұтып алды. Бүгінгі күнге жол құрылысына облыстық бюджеттен бөлінген 70,0 млн. теңге қаржысы толық игерілді. 2019 жылы қосымша 29,5 млн. теңге қаржысы бөлінеді. 2018 жылға Сырдария өзеніндегі қалқымалы өткел мен екі қалқымалы көпірді, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау, ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 33655,0 мың теңге бөлініп, толық игерілді. 2018 жылы аудандағы Тұрсынбай датқа ауылына кіре беріс автомобиль жолының 18 шақырымы 659,4 млн. теңгеге қайта құрылымдалды. Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған автомобиль жолының 0-10 шақырымы 479,8 млн. теңгеге орташа жөнделді. Аудандық маңызы бар Жиделі ауылына кіре беріс автомобиль жолына 795,0 мың теңгеге жоба сметалық құжаттары даярланып, салалық сараптама алуға ұсынылды.
Өздеріңізге белгілі, Сырдария өзенінің оң жағалауындағы Қарғалы ауылдық округінің Бұланбай бауы және Қоғалы ауылдық округінің Тұрсынбай датқа елді мекендері арасын жалғастыратын автомобиль жолына техникалық экономикалық негіздеме жасауға жергілікті бюджеттен 8000,0 мың теңге бөлініп, игерілді. Биылғы жылы осы жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы бөлінді. Атаған жолдың жобасы биыл құрылысы басталғалы отырған «Күміскеткен» су қоймасы арқылы өтетінін ескерсек, ауданда Сырдария өзенінің оң жағалауында кәсіпкерліктің кеңінен дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Көптен бері халықтың сұранымындағы Алмалы елді мекенін қамтитын «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 6,5 шақырымын(ПК 1921-1927,4) қайта құрылымдауға жоба сметалық құжаты жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. 2019 жылы республикалық бюджеттен құны 123,0 млн. теңге тұратын ұзындығы 2,5 шақырымдық «Самара-Шымкент-Майлытоғай» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 47,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен облыстық маңызы бар «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автомобиль жолының 10-17 шақырымын орташа жөндеуге 127,0 млн. теңге қаржы бөлінді.
2019 жылы аудандағы жол саласына қатысты құны 120,3 млн. теңге болатын Сырдария өзеніндегі Жөлек қалқымалы көпірін күрделі жөндеу, жобалық құны 673,1 млн. теңге тұратын Шиелі станциясының «Шиелі-20 бекет» аралығындағы 2945 шақырымдағы қос жолды темір жол үстінен аспалы автомобиль жолы көпірінің құрылысына қаржы қарастырып, іске қосу міндеті тұр.
2019 жылы облыстық маңызы бар 7,4 шақырымдық «Самара-Шымкент-Тартоғай» жолын орташа жөндеу, «Самара-Шымкент-Шиелі-Жеміс жидек» жолының 13 шақырымын орташа жөндеуге жоба сметалық құжаттары жасалынып, қаржысы қарастырылуда.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Ағымдағы жылы аудандық бюджеттен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 7552,0 мың теңге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Осы қаржыға Шиелі кентінде бір дана диодты жаңа бағдаршам орнатылып, Шиелі кентіндегі 13 (дана) бағдаршамдарды күнтізбелік жыл бойы күтіп ұсталып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 140 дана жаңа жол белгілері орнатылып, 4 дана жасанды жол кедергісі қойылды, 15,0 шақырым жол жолақтарын сызу жұмыстары жүргізілді.
Шиелі кентіне бес дана жаңа бейнебақылау камераларын орнатуға 8500,0 мың теңге бөлініп, игерілді.

Жолаушылар тасымалы
Ауданда 2018 жылы жолаушылар тасымалымен халыққа қызмет көрсетіп отырған 1 ЖШС, 6 жеке кәсіпкер бар. Жолаушылар тасымалы 27 аудандық, 3 қалааралық, 1 ауданаралық бағытта жүргізіледі. Оларда 100-ден аса жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер бар. Аудан бойынша барлық елді мекендер толық қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілген.
Халыққа аудан орталығынан талапқа сай жабдықталған 1 автостанция қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, транзиттік маршрут ретінде аудан арқылы Шымкент, Алматы бағыттарына автобустар қатынайды. Барлық бағыттарда автокөлік құралдары рейс алдында техникалық тексеруден және жүргізушілер медициналық тексеруден өткізіледі. Қалааралық бағыттардың барлығы толық билеттендіру жүйесіне көшкен. Барлық елді мекендерде, кент орталығында 8 жерде такси тұрағы ұйымдастырылып, 145 такси көлігі салық органдарына тіркелген.

Газдандыру
Бүгінгі күнге Шиелі кенті бойынша үйлеріне газ кіргізуге 5158 өтініш тіркеліп, оның 5132-не монтаж жүргізіліп, 5104-і газ пайдаланып отыр. Кент орталығындағы 8 білім беру мекемесінің (№47, 48, 127, 219, 244, 270, оқушылар үйі, №47 мектептің ескі ғимараты) және «Арман» мәдениет үйі жылу қазандықтарын газбен жануға ауыстыру үшін облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылып, Қызылорда қаласындағы «СМП ЖШС» мекемесі өз қаржысы есебінен 8 білім беру мекемесіне және «Арман» мәдениет үйі жылу қазандықтарын газға ауыстыруға облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісім шарт жасап, жұмысы басталды. Кенттегі 26 ірі кәсіпорын мен 110 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 89-на газ кіргізілген.
Аудандағы Бидайкөл, Жақаев елді мекендеріне жеке тұрғындардың есебінен газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге газ кіргізуге Жақаев ауылының 205 тұрғынының, Бидайкөл ауылының 312 тұрғынының өтініштері тіркелді. Жақаев елді мекенінде мердігер «Ануқұрылыс» ЖШС 18 шақырым, Бидайкөл елді мекеніндегі газ кіргізу жұмыстарының мердігер мекемесі «Демеу и К» ЖШС 22 шақырым магистральді газ құбырларын жүргізді. 2018 жылы Жақаев ауылындағы газ кіргізуге жоспарланған 58 тұрғын үйдің 18-не газ кіргізілді.

Ауызсу
«Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалына қарасты «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі Шиелі кенті мен ауданның 17 елді мекенінің 11 278 үйін, барлық тұтынушылар саны – 55 408 адамды, 68 бюджеттік мекемелерді және 167 кәсіпорындарды ауыз сумен қамтамасыз етеді. Аудан бойынша 17 насос станциясы, 15 дана су қыспақты мұнарасы, 11 дана су ұңғымасы, 104,9 шақырым бас су құбырлары, 384,5 шақырым ішкі су тарату желілерімен 2 дана қоғамдық колонкалар арқылы халыққа ауызсу тарату қызметін көрсетеді. Жиделі топтық су құбыры күніне 3500м3, ал, локальді су жүйелері бойынша 355м3 су беруде.

БІЛІМ
Аудандық білім бөліміне қарасты 41 мектеп, 4 қосымша білім беру мекемесімен қоса 17 мемлекеттік және 75 жеке меншіктегі балабақшалар жұмыс жасайды.
Аудан бойынша 0-7 жас аралығында бала саны – 16 440, оның ішінде 0-3 жас аралығындағы бала саны – 5 386 бала, 3-6 жас аралығында 9 199 бала бар. 1 мен 3 жас аралығындағы балалардың 71%, ал 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 100%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.
2017-2018 оқу жылы 16 517 оқушы 856 сынып комплектісіне тартылды. Аудан бойынша 2 708 мұғалім сабақ берсе, олардың 2 556-сы жоғары, 149 арнаулы орта білімді мамандар. 11-сыныпты 892 оқушы бітіріп, 20 оқушы «Алтын белгі», 2 оқушы «Үздік аттестат» иеленсе, 9-сыныпты бітіруші оқушылардың 106-сы «Үздік аттестат» алды.
11-сыныпты бітіруші 892 оқушының ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 518-і (55,1%) өтініш берсе, ҰБТ бойынша орта балл – 81,4 құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1 балға көтерілді. №72 ҰБТ өткізу пункті ереже талаптарына сәйкес материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталды. Қажетті құралдарды алуға және ҰБТ-ны өткізуге жергілікті бюджеттен 5 977,5 мың теңге қаралып, толық игерілді. Мектеп бітіруші түлектердің 98 % арнаулы және жоғарғы оқу орнына қабылданды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңіне қатысқан-828 оқушының 31,5%-ы 13 негізгі пәндер бойынша жүлделі орындармен марапатталды. Олимпиаданың екінші кезеңіне қатысқан 13 оқушы үздік нәтиже көрсетіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша марапатталды.
Жазғы каникул күндерінде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында аудандық «Сыр ұланы» тынығу лагерінде демалатын 700 балаға 12 205,0 мың теңге және 29 мектеп жанынан бір мезгіл ыстық тамақпен ұйымдастырылған лагерьлерде 1 750 балаға 9 870,0 мың теңге қаралып, балалар демалып, сауықтырылды. 2018 жылы міндетті оқу қоры есебінен 100 балаға Астана қаласына саяхатқа жергілікті бюджеттен 5 400,0 мың теңге, Арал ауданындағы «Қамбаш» лагеріне 100 балаға 3 100,0 мың теңге, Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне 210 балаға 5 250,0 мың теңге, Түркістан облысындағы «Машат» лагеріне 100 балаға 4 500,0 мың теңге бөлініп, толық игерілді.
Білім мекемелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 37 649,0 мың теңге бөлінді. №219 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 40 млн. теңге, №155 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 166 264,0 мың теңге, №251 мектептің шатырын ауыстыруға 63 897,0 мың теңге және №127 мектеп-лицейдің жылу жүйесін жөндеу жұмысына 5 800,0 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілді.

МӘДЕНИЕТ
Ауданда 27 мәдениет үйі мен клуб, 3 музей, 32 кітапхана халыққа мәдени қызмет көрсетеді. 2018 жылы елдімекендерде кестеге сәйкес 1 500 қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. «Арман» мәдениет үйінде «Туған жерге сый тарту» атты республикалық жас айтыс ақындарының фестивалі болып өтті. 2018 жылы тұңғыш рет Елбасының бастамасымен Ұлттық домбыра күні аталып өтілді. Шиелінің мақтанышы, «Тамаша» театрының белді мүшесі болған Мейірман Нұрекеевтің шығармашылығына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының республикалық байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ауданның өнерпаздары «Мен қазақпын» мега жобасына қатысып, жүлдегер атанды. Ауданның көркем- өнерпаздары Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған фестивальде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жаңа үлгідегі басқосу алаңы Коворкинг орталығы ашылды. «Ер намысты Жаназар батыр» атты жыршы-жыраулардың облыстық байқауы, «Жыр керуен» атты жыршы-термешілердің өнер фестивалі, «Үздік әдіскер-2018» облыстық әдіскерлердің кәсіби байқауы ұйымдастырылды.
2019 жылы бес ғасыр адамының бірі, әдебиет әлемінде қайталанбас қолтаңбасымен танылған ақын Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойы аталып өтілетін болады.

ІШКІ САЯСАТ
2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жариялаған Жолдауларының, бағдарламалық мақалаларының басым бағыттарын түсіндіру мақсатында 197 кездесу ұйымдастырылып, ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда аудан көлемінде 32 діни бірлестік қызмет атқарады. Оның ішінде, ислам бағытындағы 31 мешіт және пресвитериандық «Шиелі» шіркеуі жұмыс жасайды. Мешіттердің 3 Шиелі кентінде, 28 ауылдық округтерде орналасқан. Бүгінгі таңда, аудан орталығындағы 3 мешітте, «Оқшы ата» әулиелер мазаратындағы «Есабыз» мешітінде және Жақаев, Байсын, Бидайкөл, Еңбекші, Ш.Қодаманов, Ә.Тәжібаев елді мекендерінде барлығы 10 мешітте бейнебақылау камералары орнатылған. «Терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндіру шараларын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын жүргізу үшін 2018 жылы жергілікті бюджеттен 2 млн. 600 мың теңге қаржы бөлінген.
Шиелі ауданы бойынша 32 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде, 19 қоғамдық бірлестік, 13 қоғамдық қор. 2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Жергілікті ардагерлер кеңестерін дамыту және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында іс-шаралар ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасына 3 млн. теңге, «Жергілікті әйелдер кеңестерін дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасына 3 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді.
Ауданда 14 пен 29 жас аралығында 20 082 жас бар. Оның ішінде, кент жастары – 8 383 (41,7%), ауыл жастары 11 699 (58,2%) адам. Жастар аудандағы жалпы халықтың 25 пайызын құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар – 419.
Жыл басынан бері жастар саясатын дамыту бағытында түрлі форматтағы 162 шара ұйымдастырылды, 13 977 жас қамтылды.
2018 жылы жастар саясатын дамытуда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жоспарланған қаржы көлемі 5 млн. 725 мың теңгені құрайды.
«Жастар корпусын дамыту» жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында жүзеге асырылды. Шиелі ауданынан 86 жоба ұсынылып 30 жоба жеңімпаз болып танылды. Әрбір жобаны жүзеге асыруға 1 млн. теңгеден қайтарымсыз қаржы беріліп, 2018 жылдың тамыз айынан бастап, барлық жоба бойынша 121 жұмыссыз жас жұмыспен қамтылды.
13-15 қыркүйек күндері «Сыр ұланы» тынығу лагерінде «SHIELIZHASTARCAMP-2018» атты аудан жастарының лагері ұйымдастырылды.
2018 жылы ауданда тұңғыш рет аудан әкімінің «Шабыт» жастар сыйлығы табыс­талды. Ауданда қоғамдық саяси ахуал тұрақты сипатталады.
2019 жылы Елбасының ұсынысымен жастар жылы болып жарияланды. Ауданда жастар жылына орай жаңа бастамалар, жобалар жүзеге асырылатын болады.

СПОРТ
2018 жылы аудан халқының 28,1 пайызы дене шынықтыру және спортпен шұғылданды. 22 338 адам спорттың 20 түрімен айналысады.
Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту мақсатында жыл басынан бері 105 аудандық, 6 облыстық, 2 республикалық іс-шара өткізілді. 2018 жылы аудан спортшылары облыстық жарыстардан 59 алтын, 62 күміс, 89 қола алса, республикалық жарыстар мен Қазақстан Республикасының чемпионатында 21 алтын, 32 күміс, 29 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама мүшелігіне 4 спортшы енген. Спорттың ережесіз жекпе-жек түрінен Ғани Әділсерік Ресей мемлекетінің Сочи қаласында өткен әлем біріншілігінде жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда аудан көлемінде 30 штаттық бірлікте 37 нұсқаушы қызмет атқарады. Ауданда 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және «Шиелі аудандық спорт клубы» бар, 3 206 жасөспірім спорттың 13 түрінен секцияларға тартылған, бұл көрсеткіш аудан бойынша балалардың 47 пайызын құрап отыр. Дене шынықтыру және спортты дамыту бағытында ауданда 2 стадион, 2 спорт кешені, 37 спортзал, 121 спорт алаңдары жұмыс жасайды. 2018 жылы өткізілген бұқаралық спортты дамытуға арналған облыстық спартакиадада аудан спортшылары екінші жыл қатарынан І орынды иеленсе, жыл қорытындысымен Шиелі ауданы спортты дамыту бағыты бойынша ІІІ орын алды.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Шиелі ауданы бойынша 1 аудандық аурухана, 3 ауылдық аурухана, (Көкшоқы, Бәйгеқұм, Сұлутөбе), 1 аудандық емхана, 1 жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық бекет, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет қызмет көрсетеді.
Амбулаториялық емханалық мекемелер бойынша барлығы 161 дәрігер, 742 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасайды. Олар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді.
2018 жылы 250 төсекке есептелген аудандық ауруханада барлығы 9 372 науқас емделіп шықты, олардың 99,2%-ның жағдайы жақсарған.
2018 жылы 315 621 адам аудандық емханада қабылдауда болып, олардың 241 579-ы алдын ала тексеруден өткен. Арнайы скрининг тексерулерден 27 187 адам өткен.
Есепті мерзімде амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық орталық ауруханасына жалпы құны – 77 180,6 теңгеге емдеу-тексеруге арналған арнайы медициналық құрал жабдықтар, (радиохирургиялық дәнекерлеуші – 1 дана, автоматтандырылған сыртқы дефрибилятор – 2 дана, өкпені жасанды желдету аппараты – 1 дана, телевизоры және мини компьютері бар терминал – 3 дана, ЭВМ навигациясы-1 дана) және жедел жәрдем көліктері 3 УАЗ-автомашинасы, 1 Лада-Ларгус жеңіл автокөлігі алынды.
Ауруханада емделіп жатқан науқастардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 5 317,0 мың теңгеге жылу беруге арналған бу қазандығы ауыстырылды. Шиелі ауданында сметалық құны 5 млрд. 511 млн. теңге тұратын 150 орындық аурухана құрылысын «СМП-Қызылорда» мекемесі жүргізуде. 2019 жылы құрылыс монтаж жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
2018 жылы экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 38 298-ге, жұмыспен қамтылған халық саны 36 415-ке артып, жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайызға төмендеді, яғни, 1 883 адамды құрап отыр. Жыл басынан халықты жұмыспен қамту орталығына 3 719 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Жұмыс іздеуші азаматтардың 2 203-і, яғни 59,3 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. 1 489 азамат мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. 12 рет «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізіліп, 169 жұмыс берушілер қатысып, 422 бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде, 368 адам тұрақты жұмысқа, 72 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға және 54 азамат жастар тәжірибесімен орналастырылды. 2018 жылы аудан бойынша 1 005 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, барлығы 1 169 жаңа жұмыс орны құрылды. Жылдық жоспар 116,3 пайызға орындалды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз етудің бірінші бағыты бойынша жалпы 13 түрлі мамандық бойынша 9 оқу орнына 67 азаматқа жолдама берілді. Қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру жоспарына сәйкес 150 азамат «Аспазшы, электронды есептеу машинасының операторы, электрик, бұрғылаушы, киім пішуші, тігінші, маникюр, визажист, шаштараз, «В» дәрежелі автокөлік жүргізушісі, электргазбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша 3 оқу орнында оқу курстарынан өтті. Оқу курстарын бітірген азаматтар қатарынан 112-сі жұмысқа орналастырылды, 75,1 пайызды құрады. Бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамытудың екінші бағыты шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспарға сәйкес 250 азамат кәсіпкерлік негіздері курстарына оқытылып, 220 азамат жобаларын қорғап шықты.Ағымдағы жыл басынан 165 адамға 506,5 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. Ашылған кәсіпкерлік нысандарында қосымша 175 жаңа жұмыс орындары құрылды.Сондай-ақ, шаштараз, тігін, кондитер цехы, сұлулық салоны, құс шаруашылығы, компьютер орталығын ашу жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында 50 азаматқа 12,0 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттар берілді. Бағдарламаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарын дамыту үшінші бағыты аясында жыл басынан әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырған 79 ұйым, жеке, дара кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына 182 азамат жолданды. Келісім шарт мерзімі аяқталған 62 азамат тұрақты жұмысқа қабылданды. Жастар тәжірибесінен өтуге жыл басынан 365 жас 141 мекеме, ұйымдар мен кәсіпорындарға жолданды. Келісім шарт мерзімі аяқталған 174 жастың 78-і тұрақты жұмыспен қамтылды. 110 мекемеге 581 азамат әртүрлі құжаттарды түптеу, реттеу және санитарлық тазалық жұмыстарына жолданды. Келісім шарт мерзімі аяқталған 90 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

КАДР САЯСАТЫ
Шиелі ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдардың (аудан әкімі аппараты, бөлімдер, кент және ауыл округтер аппараттары бойынша) штаттық саны – 213, оның ішінде аудан әкімі аппараты – 23, кент әкімі аппараты – 14, ауылдық округ әкімі аппараттарында – 104, дербес бөлімдерде – 72. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің нақты саны – 202, бос орын саны – 11.
Аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілердің – 84-і әйел, ол барлық мемлекеттік қызметшілердің 39,0% құрап отыр. Оның ішінде – 9 жоғары лауазымды атқарады, 2-і аудан әкімі аппаратындағы бөлім басшылары, 1 дербес бөлім басшысы,1 ауылдық округ әкімі, 5-і дербес бөлімдерде сектор меңгерушілері.
Мемлекеттік қызметшілердің 193-ы жоғары білімді (91%), 20-сы арнаулы орта (9,3%), оның ішінде, 33 қызметкердің 2 немесе одан көп жоғары білімі бар (15,4%). 2018 жылы жоспарға сәйкес 84 қызметші біліктілігін арттыру қажет болса, оның 48 қайта даярланып, 36 қызметші біліктілігін арттырды. 2018 жыл басынан бері 50 қызметкер жұмысқа қабылданды. Оның 8-і ауылдық округ әкімі, жаңадан және өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты қайта тағайындалды. (Төңкеріс, Ақтоған, Алмалы, Қоғалы, Жиделіарық, Гигант, Сұлутөбе, Тартоғай ауылдық округтері), 42 мемлекеттік қызметші конкурс негізінде тағайындалды. Жыл басынан барлығы 92 конкурс (Шиелі ауданының жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурс, барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурс және жалпы конкурс) жарияланды.

Құрметті аудан тұрғындары!
Алған асуларымыз, ең алдымен, Елбасының сарабдал саясаты негізінде қаланған еліміздегі тұрақтылықтың, ел бірлігінің арқасында, еліміз тәуелсіздік алған аз ғана уақытта жеткен ғасырға бергісіз орасан зор жетістіктердің жемісі. Халықтың тұрмыс сапасының артуы және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз елдің мәңгілік мұраты.
Жаңа 2019 жыл – жаңару мен тың серпінді жобаларды іске асыру жылы. Атқарылар жұмыс көп, мақсат-міндеттер де жоғары, жоспарланған жұмыстарды іске асыруға барлық мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Аудан халқы ауызбірлікпен, ынтымақпен алдағы жылы да толағай табыстарға жетеді деп сенемін! «Алты Алаштың – анасы» атанған Сыр өңірінің ең шұрайлы, ең көрікті аймағын мекен еткен Шиелі ауданы әрдайым тұрақтылық пен ынтымақтың жоғарғы үлгісін көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың өз мерзімінде жоғарғы дәрежеде орындалуына өзіндік үлесін қоса береді. «Мәңгілік Ел» ол қуатты экономиканы дамытудың, білім, мәдениетіміздің өркендеуі мен адамдардың денсаулығын жақсартудың, рухани жаңғырудың негізінде жүзеге асады.
Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

04 қаңтар 2019 ж. 1 453 0