Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерге қол жеткізу жеңіл: Алғаш аукцион ауданда өтті

Жерге қол жеткізу жеңіл: Алғаш аукцион ауданда өтті


Өткен аптада Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы ғимаратында кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін аукцион арқылы алу шарасы өтті. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қ.Ілиясов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, облыстық кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалының директоры Р.Нысанханов, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков қатысты.
Кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін палата алаңында өткізу бастамасын кәсіпкерлер палатасының көтеруімен осыдан 2 жыл бұрын Қызылорда қаласы әкімдігі қолдаған болатын. Содан бері аталмыш бастама Қызылордада нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Енді міне, аудандар арасында алғашқы болып Шиелі ауданы аукциондарды палата алаңында өткізуді қолға алды. Шара барысында облыстық палата директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Қ.Ілиясов «Бүгін алғаш рет Шиелі ауданында кәсіпкерлер үшін жер телімдеріне арналған аукцион өтуде. Бұл аудан кәсіпкерлігін дамытуда жасалып жатқан оң бастама. Өйткені, жаппай кәсіпкерлікті оның ішінде отбасылық кәсіпті дамытуда бірден-бір түйіткілді мәселе осы жер телімдеріне келіп тіреледі. Аукционның кәсіпкерлердің қара шаңырағы палата алаңында өтуі – ашықтық пен қолжетімді болуын қамтамасыз етері сөзсіз» – деді. Аукционға аудандық жер қатынастары бөлімі жалпы көлемі 2372 гектарды құрайтын 30 жер телімін ұсынды. Олардың 15-і шаруа қожалығын жүргізу үшін, 14-і ғимаратқа қызмет көрсету бағытында, 1-еуі өндірістік мақсатқа арналған жер телімдері. Жер телімдерінің жалпы бағалық құны 3 млн. 947 мың теңгеге бағаланса, бастапқы сатылу бағасы 4 млн. 342 мың теңге болып көрсетілген болатын. Өткізілген аукцион нәтижесінде аталмыш жерлер 4 млн. 737 мың теңгеге сатылды.
Жалпы Шиелі ауданының жер көлемі 3 239 755 гектарды құрайды. Жер қоры 7 санаттан тұрса, ауданда оның 6 санаты бар. Олар, ауылшаруашылығы мақсатындағы, елді мекендердің жері, өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған және орман, су қоры мен босалқы жерлер. Естеріңізде болса, облыс әкімі Қ.Көшербаев 2018-2020 жылдарды кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялаған болатын. Ендігі мезетте кәсіпкерлік немесе ауылшаруашылық мақсатта жер беру аукцион арқылы өтетін болады. Өйткені, бұл мәселе төңірегінде дау-дамай жиі орын алады. Газеттің бұрнағы санында жайылымдық мақсатта жер ала алмай жүрген аудан тұрғындарының мәселесі жайында сөз қозғаған болатынбыз. Міне, аукцион барысында осы мәселе оң шешімін тауып, кәсіпкер Ғ.Байдеу 300 га ауылшаруашылық мақсатындағы жерді ұтып алды. «Бос жер теліміне қол жеткізу үшін бірнеше жылды сарп еттім. Бүгін міне, аукцион арқылы шешімін тапты. Алдағы уақытта жеке шаруа қожалығымды ашып, мал басын көбейту жұмысын қолға алатын боламын» – деді жеке кәсіпкер.
Сондай-ақ, аудан әкімдігі жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту барысындағы кадастрлық төлемді бөліп төлеу тәжірибесін енгізуді де бастап кетті. Айта кету керек, Қызылорда қаласы кадастрлық құнды бөліп төлетуге келіскен, республика көлеміндегі әзірге жалғыз мемлекеттік орган. Сондықтан, аудан үшін бұл бастамалар тың өзгерістердің бастауы іспеттес болмақ.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
12 желтоқсан 2018 ж. 1 280 0