БИЫЛҒЫ БЕС БЕТБҰРЫС
Ақ ниетпен ескі жылды шығарып салып, ақ тілекпен Жаңа жылды қарсы алуға әзірленген қазақстандықтар өткен кезеңнің қорытындыларын шығаруда. Әрдайым болғанға салауат айтып, болашақтан жақсы үміт күтетін халқымыз «Тауық жылына» тәубе дейді. Өткен жылға өкпеміз жоқ, қайта мақтан тұтар жетістіктеріміз көп.
Биыл еліміздің саяси өмірі ірі әрі елеулі оқиғаларға толы болды. Жыл демократиялық жаңарулар-мен – конституциялық реформамен ашылған болатын. «Кеңесіп шешкен шешімнің кемісі болмас» деген ел даналығына жүгінген Елбасының ұсынуымен 26 қаңтар-да «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылды.
Бұл 1995 жылы қабылданған Ата заңға төртінші түзету болатын. Ол арқылы Мемлекет басшысы өз функцияларының басым бөлігін Үкімет пен Парламентке бөліп берді. Президенттің бастамасы мемлекеттiк органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталды. Өйткені Қазақстанның кемел келешегінің берік іргесін биліктің барлық тармақтары, барша қазақстандық бірге қалауға тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесі де дәуір талабы-на сай икемделуі шарт. Бұл оларды кәсібилендіруге және халық билігі қағидаттарын бекітуге мүмкіндік береді.
Жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер-ді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына 6 мыңдай ұсыныс келіп түскен. Олар негізінде бастапқы президенттік заң жобасы жаңа баптармен толығып, жетіле түсті.
10 наурыз күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Конституцияға өзгерістер мен толықтыру-лар енгізу туралы» Парламент қабылдаған заңға жария түрде қол қою рәсімін өткізді. Тұтастай алғанда, конституциялық реформа біріншіден, Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтті. Екіншіден, ол Үкіметтің дербестігін арттырмақ: оған экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілді. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылды. Заңдардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланды. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығая түсті.
Бесіншіден, Тәуелсіздігіміздің, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конституциялық деңгейде кепілдік бекітілді. Атап айтқанда, Ата заңда «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптері және Тұңғыш Президент – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деп тасқа қашалғандай, мәңгілікке айқын жазылды. Яғни, қазақ жерінің біртұтастығын, еңселі еліміздің тәуелсіздігін, республикалық һәм унитарлық мәртебесін кейінгі замандарда қандай да бір референдум өткізіп өзгертуге түбегейлі тыйым салынды. Бұл Мәңгілік ел жолындағы маңызды қадамға айналды.
2017 жылы Қазақстан «саяси жаңғырумен» қатар «рухани жаңғыруға» ден қойды. 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жария етілді.
«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің сана-мыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қой-май, олардың өзегіне айналады» деген Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясында болашағы біртұтас ұлт құрудың және бұқаралық сананы өзгертудің жөн-жобаларын ұсынды.
Бұл ретте Қазақстан өзінің жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған және бүкіл әлемді елең еткізген бетбұрыс жасады: Тұңғыш Президентіміз жауапты билік органдарына қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Елбасы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген еді. Биыл осы бағытта үлкен қадам жасалып отыр.
Осы орайда ханның халықпен ақылдасуын қарастыратын ата-бабадан мирасқа қалған ізгі дәстүрге жүгіне келе, Қазақстан Президенті ғалымдар әзірлеген, диграфтарға құрылған жаңа әліпбиді де жалпы жұртшылықтың талқысына шығарды. Талқылау нәтижесінде, осы жылғы 26 қазанда Мемлекет басшысы №569 нөмірлі жарлығы-
мен қазақ тілінің апострофтарға негізделген латынша әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Дегенмен Н.Назарбаев өткен аптадағы БАҚ-қа сұхбатында бұл нұсқаның да қазақстандықтардың сын-ескертпелеріне сай, білім беру саласындағы сынақ қорытындыларына қарай өзгеріске түсіп, жетілдірілуі мүмкіндігін білдірді.
Елбасының айтуынша, мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі – тәуелсіздікті тұғырлы ете түсудің мәселесі.
– Нағыз тәуелсіз ел болу үшін тіл де тәуелсіз болуға тиіс. Ендеше, бұл бетбұрысымыздың астарында терең мән жатыр. Сонымен бірге, бүгінде бүкіл ақпараттың 70 пайызы латын қаріптерінде жазылуда. Ғылым мен технологиялардың, интернеттің тілі де – осы! Үшіншіден, латын графикасына көшуіміз қазақ тілінің дамуына үлкен пайда әкеліп, зор серпін береді. Кириллицадан кірген қазақ тіліне керексіз әріптер тілімізді бұрма-лап, бұзады. Ол жағын да ойлауымыз керек. Төртіншіден, біз дамыған елдердің отыздығына кіруді мұрат етудеміз. Демек, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен әліпби бойынша да бірге болуымыз керек. Ақыр соңында, латын графикасы қазақ тілін басқа жұрттарға үйретіп, әлемге тарату үшін қажет, – деп тұжырымдаған Н.Назарбаев жауапты органдарға жаңа әліпбиге көшу ісін көп созбалаңға салмау қажеттігін анықтады.
2017 жылы Қазақстан өзінің басты жаһандық имидждік мега-жобасы – EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізді. Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының бас хатшысы Висенте Лоссерталес қазақ елінің бас қаласындағы ЕХРО-ны осы көрмелер тарихындағы ең табыстысы деп атады.
«Менің атыма ЕХРО-ға қатысушы елдерден пікір-лебіздер келіп түсуде, онда олар Астанадағы көрменің биылғы жарқын оқиғаға және тарихтағы ең табысты мамандандырылған көрмеге айналғанын хабарлайды. Ендеше, бұл болашақтағы барлық мамандандырылған ЕХРО көрмелерінің ары қарай өркендеуіне септесеріне сенімдімін. Астанадағы ЕХРО – 2017 көрмесінің табысына сіздің жеке қолдауыңыз бен қамқорлығыңыз және осы ғаламат жобаны жүзеге асыруға белсенді атсалысуыңыз арқасында қол жеткізілгені сөзсіз» деп жазды Қазақстан Президентіне жолдаған хатында Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы.
Елордадағы жаһандық көрме-нің жабылу салтанатында жария етілгендей, оған шамамен 4 миллион (3 977 545) адам келіп тамашалаған. Оның үштен екі бөлігін елдің ертең тізгінін өз қолына алар, ғылым мен технологияны алға ілгерілетер жастар мен оқушылар құрапты. Көрме қалашығына күн сайын шамамен 40-50 мыңдай адам кіріп отырған. Үш ай ішінде дүниежүзіндегі 180 елден миллиондай адам қазақ елінің бас қаласына келіп, көрмені қызықтаған.
Біздегі көрмеге төрткiл дүниедегі 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Бұл тұрғыдан да елордадағы ЕХРО рекорд орнатты. Соның ішінде кейбір елдер мұндай жаһандық шараға алғаш рет қатысқан. Мәселен, Африка елдерін айтпағанда, Еуропалық одақ мүшесі Чехияның басшылығы өз мемлекетінің ЕХРО-ға қатысу тарихы енді Астанадан басталатынын жария етті.
Жаңа жылдан, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, көрме кешені орнында «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы сауда жүргізуге әзір болады. Бірақ қаржы орталығының халықаралық таныстырылымы мен ресми ашы-лу салтанаты алдағы жылдың шілдесіне жоспарлануда.
Сонымен бірге, «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған ЕХРО – 2017 көрмесі Қазақстанның «жасыл энергетикаға», балама қуат көздеріне қарай бетбұрыс жасауына ықпал етті. Осы аптада Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ехро көрмесінде көрсетілген 55-тен астам жаңа технологияның Қазақстанда ендірілетінін мәлімдеді. Оның дерегінше, Энергетика министрлігінің сараптамалық жұмыс тобы төрт бағыт бойынша көрмедегі павильондарда паш етілген барлығы 105 шетелдік және 28 отандық технологияны Қазақстан үшін құнды деп тауып, іріктеп алыпты. Оның 63 технологиясы – электр энергетикасы, энергияны үнемдеу және жаңғыратын энергия көздері бағытына, 36-сы – қалдықтарды басқару, су тазалау, ауа сапасын бақылау секілді экология саласына, 27-сі – мұнай және газ секторына, жетеуі – көмір өнеркәсібіне бағдарланған.
Бұл тізім ұлттық және жекеменшік компанияларға, сондай-ақ әкімдіктерге технологияларды қарастыру және іріктеу үшін жіберілді. Бұдан өзге, барынша ақпараттандыру мақсатында технологиялар тізімі байланыс ақпараттарымен қоса, Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған. Олар арасынан әкімдіктер әзірше енгізу үшін 40 технологияны іріктеп алыпты. Оның төртеуі 2018 жылы енгізіледі. Ұлттық компаниялар енгізу мақсатында 15 технологияны таңдаған, оның екеуі алдағы жылы енгізіледі деп күтілуде.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі қазақстандық ғылымды, технологиялар трансферті мен білім беруді дамытуда жаңа идеялардың туындауына қуатты серпін берді. Көрмені 55 университет және министрліктің ҒЗИ өкілдері аралады. Қатысушы елдердің өкілдерімен 100-ден астам кездесу мен келіссөздер жүргізілді. Университеттер екіжақты ынтымақтастық туралы 20-дан астам келісімге қол жеткіз-ді. Нәтижесінде, ҒЗИ мен университеттер ғалымдарының шетелдік әріптестермен, университеттер және компаниялармен халықаралық байланысы едәуір жанданыпты. ЖОО-лар мен ведомствоға қарасты ҒЗИ 25 ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларын даярлап, іске асырып жатқан көрінеді. Қазіргі кезде 12 ірі ғылыми жоба мен бағдарламаларда және 89 гранттық жобаларда ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру кезін-де негізгі тақырып көзі ЕХРО – 2017 идеялары.
2017 жылы Қазақстанның шетелдегі қандастармен байланысында да жаңа бетбұрыс болды. Осы жылдың 23 маусымында еліміздің бас қаласының төрінде, Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Сонда мемлекетіміздің кезінде тағдыр талайымен төрткiл дүниеге тарыдай шашылып кеткен барлық ағайынды атамекенге әкелуді мақсат тұтпайтыны, ендігі басты басымдық – әлемдегі қандастарымыз арасынан жас дарын иелерін Қазақстанда еңбек етіп, Отанды гүлдендіруге тарту болатыны айқындалды.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті шетелдегі қазақтардың балаларына Қазақстанда білім алуларына бар жағдайды жасау, тиісінше, олардың отандық ЖОО-ларда оқуына бөлінетін мемлекет-тік гранттар бойынша квотаны екі есеге көбейту туралы тапсырма берді.
Елбасы шетелдік қазақ студенттері үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізуді ұсынды. «Қазір қай елдің азаматы болса да, біздің елде оқыса, жергілікті жерге бой үйретсе, ол қазақ баласы ертең, әрине, Қазақстанға қызмет етеді» деді Президент құрылтай-дағы сөзінде.
Құрылтайда Елбасы Үкіметке «Отандастар» қорын құруды тапсырды. Президенттің пайымдауынша, біз кезінде өзге елдерден қазақ жеріне күштеп көшірілген халықтарға құшақ жайдық, қорған болдық, енді дәл осындай қамқорлықты шеттен келетін өз қандастарымызға көрсетуіміз керек. Тиісінше, Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында дәулет жиған бизнесмендерді осы қорға өзіндік үлес қосуға шақырды.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назар-баев Үкіметке Атажұртқа қайтатын шетелдегі қазақтарға қатысты жеке бағдарлама әзірлеуді жүктеді. Ол бағдарламада қазақтың атамекені-не көшуіне қатысты, сондай-ақ алыстағы ағайынмен байланысты барлық мәселелер қамтылмақ.
Айтқандай, биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы ретінде қайта сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары қызметінде 2004 жылдан бері осы лауазымды атқарып келген Талғат Мамашовты Зауытбек Тұрысбеков ауыстырды.
– Шетелдегі қандастарын еліне шақырған әлемде үш-ақ мемлекет болса, соның бірі – Қазақстан. Бастапқыда қазақтар шоғырлана орналасқан елдерге барып, елге шақырдық, бірінші құрылтайды өткіздік, ұлы көшті бастадық. Содан бері Қазақстанға бір миллион қандасымыз оралды. Одан өсіп-өнген ұрпақ бұдан да көп болар. Келем дегендерге есік ашық. Енді, әсіресе, шетелдегі қазақ жастары біздегі оқуға түсіп, бізде қалғаны жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы БАҚ өкілдерімен кездесуінде.
Елбасы «Отандастар» қорының құрылғанын хабарлай келе, қалталы, кәсіпкер азаматтарды осы игі іске тартылуға тағы да үндей кетті.
2017 жылы Астана өзінің бітімгершілік миссиясындағы үлкен жетістікке қол жеткізді. 23 қаңтарда қазақ елінің бас қаласында бастау алған, әлемдік сарапшылар «Астана процесі» атап кеткен Сирия мәселесін реттеу жөніндегі халықара-лық кездесу ақыр соңында ешкім күтпеген орасан зор жеміс әкелді. Елордадағы Сирияның ресми би-лігі мен қарулы оппозия өкілдері арасындағы бұл келіссөздер осы елде 2011 жылдан бері тоқтаусыз өршіген қантөгісті қақтығыстың тыйылуына жол салды.
БҰҰ дерегінше, 2008 жылдан бері ғаламшардағы қақтығыстар саны үш есеге артқан екен және олардағы трансұлттық күштердің ықпалы мен рөлі да күшеюде. Бұл ретте Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, «Қазақстан Ауғанстандағы, Сириядағы, Ирактағы, сондай-ақ Азия мен Таяу Шығыстағы басқа да шиеленіс ошақтарындағы қақтығыстарды саяси реттеу тұрғысынан қарастыруда». Ендеше, Астананың және Елбасы Н.Назарбаевтың бітімгершілік әлеуеті мен қабілетіне деген сұраныс арта берері даусыз.
Айхан ШӘРІП