ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ – АУЫЛ СЕРПІНІ
Өткен аптада ел тарихындағы айтулы оқиға – 2500 ауыл әкімінің бас қаладан бір мезетте табысуы елдің назарын аударды. Астанада алғаш рет өткен ауыл әкімдерінің ұлттық диалог платформасы шалғай елді мекендердің өзекті мәселелерін республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік берді. Бұл алқалы жиынға Шиелі ауданынан да 18 ауыл әкімі қатысып, тәжірибе алмасып, тың идеялармен оралды.Ауылдың даму деңгейі, ең алдымен, сол елді мекенді басқарып отырған әкімнің тәжірибесі мен еңбегіне тікелей байланысты. Ел Президентінің бастамасымен 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігінің енгізілуі – жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға бағытталған маңызды реформа. Бұл өзгеріс ауыл халқының сенімін арттырып қана қоймай, әкімдердің жауапкершілігін күшейтіп, жергілікті бастамаларды жүзеге асыруға жаңа серпін берді. – «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалады. Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын. Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Жергілікті бюджет үлесі артады Соңғы жылдары ауылдың әлеуетін арттыру, тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытында бірқатар қадам жасалып келеді. Енді сол игі бастамалардың аясында, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауылдардың бюджетіне түбегейлі өзгерістер енгізілмек. – Ауыл бюджетінің әлсіздігі – еліміздегі өңірлік дамудың басты тежегіштерінің бірі. Бұл мәселені шешу үшін бірнеше бағытты нақты атап өтуге болады. Мәселен, ауылға салықтық базаны кеңейту қажет. Осы ретте Мемлекет басшысының елді мекен территориясында орналасқан өндіріс орындарынан белгілі бір межеде салық төлеу жөнінде заңға өзгерістер енгізуді ұсынғаны көңілге демеу болды.
Сонымен қатар ауылға арналған мемлекеттік бағдарламалардың қаржысын тиімділікті өлшейтін нақты индикаторларға байланғаны жөн. Қаражат бөлінді, игерілді деген есеп емес, ауылдағы өмір сапасы: су, жол, байланыс, медицина, мектеп сапасы сияқты нақты көрсеткіштер бағалануы тиіс. Жиында барлық өңірден жиналған ауыл әкімдері көкейде жүрген мәселелерін ашық жеткізді. Мәселен, әріптестеріміздің бірі «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айта келе қазіргі таңда ауыл әкімдерінің басты проблемасы болып тұрған елді мекендерді арнайы техникалармен қамтуды қозғағаны Президент тарапынан оң шешімін тапты. Бұл форум бір жағынан әкімдердің есеп беру алаңы болса, екінші жағынан – ауылды дамытуға қатысты нақты шешімдер қабылданатын стратегиялық алаңға айналып отыр. Президенттің кездесуге өзі қатысуы ауыл әкімдерінің мәртебесін көтеріп, олардың жауапкершілігі мен бастамашылдығын арттырады. Жалпы алғанда, мұндай формат ауыл мәселесін эмоциямен емес, дерек пен нақты жоспармен шешуге мүмкіндік береді, – дейді жиынға қатысқан Еңбекші ауылының әкімі Елдос Жүсіп. Салықтың бір бөлігі ауылда қалады Президенттің айтуынша, ауылдардың маңында орналасқан кәсіпорындардан түсетін салықтың бір бөлігі енді сол елді мекендердің өз қазынасында қалатын болады. Бұл – жергілікті бюджетті нығайтып, инфрақұрылымды жақсартуға, әлеуметтік нысандар салуға немесе жөндеуге, ауылдағы игі істерге нақты мүмкіндік ашады деген сөз. Экологиялық айыппұл – ауыл игілігіне Сонымен қатар бірқатар өңірге экологиялық айыппұлдар да толық көлемде төлене бастайды. Бұл қаражат экологиясы бұзылған, табиғи ресурстары сарқылған ауылдар үшін өте маңызды қолдау болмақ. Форумға ең жас әкімдерден бастап, ауыл басқару ісінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар басшылар да қатысты. Бұл — буын сабақтастығы мен жаңа көзқарастың тоғысуы. Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Мемлекет басшысының бастамалары ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашады. Жергілікті салық пен айыппұлдардың ауыл бюджетіне түсуі – ауылды өз бетімен дамытудың нақты мүмкіндігі. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану. Соңғы жылдары ауылдардың тыныстіршілігі түрленіп келеді. 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Оған қоса ауылдарды цифрландыруға баса мән берілмек. Еске саламыз, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейінгі алғашқы жарлығы да осы ауылды дамытуға арналған еді. Бұл форум – ауыл әкімдерінің мәртебесін арттырып қана қоймай, ауыл мәселесін ауыл тұрғынынан артық ешкім білмейтінін дәлелдеді. Ендігі міндет – осы кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлерді нақты шешімдерге айналдыру. Елді мекеннің еңсесі көтерілуі үшін, елге жанашыр, тың көзқарасты, білікті әкімдер қажет. Президент көтерген бастамалар соның айқын дәлелі.
Гүлхан ЯХИЯ








