Түркістанда 120 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Жоба құны – 2,1 миллиард теңге, жалпы ауданы – 7877,4 шаршы метрді құраған. Салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жаңа қоныс иелерін құттықтап, оларға пәтер кілттерін табыстаған. Баспанамен алдымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылған. Құрылыс жұмыстарын «Тау Бетон» ЖШС мен «Ынтымақ-ОК» ЖШС компаниялары жүргізді. Айта кетейік, өңірде тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары аясында бұған дейін Ленгер қаласының 1-шағын ауданында 23 көпқабатты тұрғын үй салынып, 1000-ға жуық отбасы баспаналы болған. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам азамат тіркелген. Биыл жыл соңына дейін тағы үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қосымша 156 отбасы жаңа пәтерге ие болады.