Қашықтан қадағалау мүмкіндіктері

«Шығыс Қазақстан жастар ақпарат аналитикалық агенттігі» ҚБ жүргізген қоғамдық мониторингтегі былтырғы талдауларды қарасақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауда оң серпін Алматы мен Астана қаласы және Алматы облысында көрсетілген. Теріс динамика Ұлытау мен Жетісу өңірінде көбірек тіркелген. Ашып айтсақ, Ұлытау облысында – 58,8%, Жетісу облысында 60,8% ғана тұрғынның көңілі толған. Ал Абай мен Түркістан облысындағы халықтың 70,6%-ы көрсетілген қызметтерге қанағаттанған.
Демек аймақтық теңсіздіктер әлі өзекті. Бұған қоса цифрлық қызметтердегі ақаулар, бюрократиялық кедергілер және негізсіз бас тарту деректері де мемлекеттік қызметтердің сапасының төмендеуіне әсер етіп отыр. Мәселен, жақында Мәжіліс мінберінде депутат Аманжол Әлтай былтыр елімізге тартылған шетелдік инвестиция көлемінің 2023 жылмен салыстырғанда төмендеуінің бір себебі ретінде осы бюрократиялық кедергілерді атап көрсетеді. Себебі бизнесті тіркеу, салық төлеу, лицензия алу секілді қызметтердің сапасы кәсіпкерлік ортаның дамуына тікелей әсер етеді. Егер кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы түрде алса, олар жаңа жобаларға сенімділікпен инвестиция салады. Керісінше, қызмет көрсету сапасы төмен болып, кәсіпкерлер бюрократиялық кедергілерге тап болса, экономика да баяу дамиды.
«Бүгінде шетелдік және отандық инвесторлар экономикалық көрсеткіштермен қатар, елдің институционалдық және репутациялық тұрақтылығына да ерекше мән береді. Сол себепті инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейту, мемлекеттік реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Мұны ел Президенті де таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтып, инвестиция тарту, бюрократиялық кедергілерді жою және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл ретте Қазақстанның инвестициялық имиджін жақсарту нақты институционалдық реформаларға негізделуге тиіс. Бұл бағыттағы шешуші қадамдар қатарында заңнамамен негіздей отырып, әкімшілік кедергілерді қысқарту және инвесторлармен жұмыстың ашықтығын арттыру да бар», деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген бақылау іс-шараларының былтырғы қорытындысына зер салсақ, 150 мыңнан аса бұзушылық анықталған. Көрсеткішті 2023 жылғы деректермен салыстырсақ, 2,3 есеге артқаны көрінеді. Оның шамамен 61%-ы, яғни 91 мың факт қызмет көрсету тәртібін бұзумен байланысты екен.
Сәйкесінше, 1 642 қызметкер тәртіптік, 458 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде, мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 40,7 млн теңге өндірілді. Оған қоса 2 мыңға жуық қызмет алушының құқығы қалпына келтіріліпті.
– Атап айтқанда, 325 адамға жер учаскелері беріліп, 143 учаскенің нысаналы мақсаты өзгертілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылық саласында өндірушілерге 749 млн теңге бөлінді, жолаушылар тасымалымен айналысатын тиісті қызмет алушыларға 800 млн теңге көлемінде субсидия берілді. Құқықтарды қалпына келтіру санының басым бөлігі Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарында болды. Жалпы көптеген азамат мемлекеттік қызметтерді алу кезінде өз құқықтарының бұзылғанын аңғармауы мүмкін. Кейде олар заңсыз бас тартуға тап болып, өздеріне тиесілі қызметтерді талап етуге құқығы бар екенін білмей жатады, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.
Осы мәселені шешу үшін былтыр тиісті заңға өзгерістер енгізілген. Ізінше, агенттікке жаңа мүмкіндіктер беріліп, енді олар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қол жеткізіп, азаматтардың құқықтары бұзылғанын шағымдарын күтпей-ақ анықтай алады. Бұл – қашықтан мониторинг деп аталатын жаңа әдіс. Жоғарыда келтірген бұзушылықтардың басым бөлігі осы тәсіл негізінде анықталып, азаматтардың құқықтары дер кезінде қорғалған.
– Мәселен, агенттікпен Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінде жүргізілген тексеру нәтижесінде бірқатар негізсіз бас тарту деректері анықталды. Осылайша, 48 қызмет алушының өтініштері қайта қаралып, қажетті мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Агенттіктің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті Целиноград ауданының әкімдігі жер комиссиясының отырыстарын өткізбей қызмет алушыларға жер учаскелерін беруден негізсіз бас тартқаны белгілі болды. Сөйтіп, 154 қызмет алушы өтінішпен қайта жүгінбей-ақ қаралып, тиісті қызмет көрсету нәтижелері ұсынылды. Жетісу облысындағы Панфилов ауданындағы аумақтық департаментте де «Е-лицензиялау» АЖ арқылы 12 қызмет алушыға эскизді жобаны келісуден негізсіз бас тартқанын байқап, барлығына (қайта жүгінусіз) қайта өтінішті талап етпей келісім берілді. Бұл көрсеткіштер қашықтан мониторинг әдісінің тиімділігін дәлелдеді, – дейді С.Мүксімов.
Қашықтан мониторинг әдісінен бөлек, агенттік шағымдарды тез қарау үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Telegram» мобильді қосымшасындағы «EgovKzBot2.0» бот платформасы іске қосылды. Онда қызмет алушылар қазіргі уақыт режімінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына шағымдануға және бюрократиядан арылту бағытында ұсыныстарды білдіруге құқылы. Егер мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қандай да бір проблема бола қалса, осы қосымша көмегімен қызмет алынған мекеменің деректерін енгізіп, түсініктемелер мен шағымдарын қоса жолдай алады. Күні бүгінге дейін осылай 80 адамның құқығы қалпына келтірілген.
Жалпы агенттік қызметтерді автоматтандыру, үдерістерді жеделдету, қызмет көрсету тәртібін оңтайландыру, электронды форматқа көшіру, НҚА-дағы қайшылықтарды жою, «жасырын» қызметтерді анықтау, мерзімдерді қысқарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен, баланың тууын тіркеу, тұрғын үй анықтамаларын беру, көлік құралын жүргізуге рұқсат беру актісін беру, медициналық тексеруден өту, жер телімін алуға кезекке тұру, білім беру ұйымдары берген ресми құжаттарға апостиль қою бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер толығымен электронды форматқа көшірілді.
Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, білім беру, экология және табиғи ресурстар, ішкі істер, денсаулық сақтау салаларындағы 9 мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі реттелді. Ал қорғаныс, әділет, экономика, ауыл шаруашылығы бағытындағы 11 мемлекеттік қызмет көрсетудің жеке үдерістері автоматтандырылды.
Мысалға, бұрын бір қалаға немесе ауылға көшкен кезде әскери есепке тұру үшін қосымша өтініш жазу керек еді. Енді бұл үдеріс автоматтандырылды – сіз тіркеу орныңызды өзгерткенде, әскери есеп те өздігінен жаңартылады. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді, оның үстіне артық құжат жинаудың қажеті жоқ. Жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту қызметі бұрын қағаз нысанда 15 жұмыс күнінде қаралатын, бірақ қазір бұл қызмет электрондық форматқа көшіріліп, өтініш беру электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Әрі мерзім 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Агенттік қызмет беруші органдардың қызметтері мен халықтың сұранысын зерттеп, қызметтерді оңтайландыру үшін тиісті талдау жұмыстарын да жүргізген. Нәтижесінде, 1,5 мыңнан аса ұсыныс әзірленген. Осы ұсыныстар негізінде орталық мемлекеттік органдар 492 іс-шараны қамтитын 24 ведомстволық жоспарды бекітті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесіндегі ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Агенттік 2024 жылы әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынастары және мүліктік құқықтар салаларында бұрын «жасырын» болып келген 20 қызметті анықтап, оларды реестрге енгізді.