МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДАРҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ. НЕГЕ?
Жаңа жыл басталғалы жұрт дүрлігіп әлек. Себебі биылдан бастап елімізде мобильді аударымдарға қатысты ереже күшіне енбек. Егер жеке тұлғаның есеп шотына 3 ай бойы 100 немесе одан көп түрлі адамнан қаражат түссе, бұл кәсіпкерлік белгісі ретінде қарастырылмақ. Тап осы бір жағдайда мемлекеттік органдар заңсыз кәсіпкерлік қызметті анықтау үшін камералдық бақылау жүргізеді.
– Үйге күнделікті азық-түлік алудың өзі мұң болғаны рас. Әбден «мобильді аударымға» дағдыланып қалғаннан кейін «көк қағазды» қалтаға салуды қаперден шығарыппыз. Банкоматта да кезек күткен халық көп. Бәрі ақшасын қолма-қол алып әлек. Өйткені, дүкеннен сауда жасау үшін қолма-қол ақшамен ғана есеп айырысу керек. Кәсіп иелері болса, «онлайн аударым» үшін салық төлейтіндіктерін айтып, бізден қағаз ақша талап етіп отыр, - дейді кент тұрғыны А.Аяпова.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – көлеңкелі экономиканы азайту және салық тәртібін күшейту. Дегенмен кәсіпкерлікпен байланысы жоқ жеке мақсаттағы аударымдар тексерілмейді. Кәсіпкерлерге төлемдерді кассалық аппарат, QR-код немесе POS-терминал арқылы қабылдау талабы қойылады. Кассалық түбіртек бермеу тұтынушы құқықтарын бұзу болып есептеледі.
Мемлекет тарапынан енгізіліп жатқан шаралар қоғамда түрлі пікір тудыратыны белгілі. Бір жағынан, бұл қадамдар салық салудың әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Екіншіден, азаматтар өздерінің қаржы аударымдарының бақылануына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Кейбір азаматтар жаңа ережелерді жеке өмірге қол сұғу ретінде қабылдауда. Осы мәселелерді шешу үшін елімізде жыл басынан бері ақпараттық-түсіндіру науқаны кеңінен жүргізілуде.
ТАБЫСЫН ЖАСЫРАТЫНДАРДЫ НЕНДЕЙ ЖАЗА ТОСЫП ТҰР?
«NUR.KZ» сайтында жарияланған ақпаратқа сенсек, Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын айтады. Мұндай жағдайда айыппұл мөлшері – 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін. (2024 жылы бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін). Сондай-ақ табысын жасырғаны үшін айыппұл салынады – ол төленбеген соманың 200%-ын құрайды. Қайталанған заң бұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері 300% болады. Ал түбіртек бермегендерге 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынбақ. Мемлекеттік кірістер органы аталған өзгерістер адал салық төлеушілерді қамтымайтынын, тек заңсыз кәсіпкерлікті көлеңкелі экономикадан шығаруға бағытталғанын атап өтті.
Өлшемшарттың көлемі 255 мың теңге. Яғни, бір айда 100 немесе одан көп тұлғадан мобильді аударымдар арқылы 255 мың теңге төлем жасалса, демек ол адам жасырын бизнеспен айналысады деген сөз. Егер бизнеспен айналысып, табыс табатын адам кәсіпкер ретінде тіркелмесе, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заң бұзушы бір жыл ішінде қайта ұсталып қалса, айыппұлы мөлшері 30 АЕК-ке дейін өседі.
«Өскен өңір» ақпарат