МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДЫ БАҚЫЛАУ КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСТІ ТЕЖЕЙ МЕ?
Мемлекет бизнестің салығын бақылаймыз дегелі бері өмірін біршама жеңілдетіп берген мобильді аударымдардан жұрт бастарта бастады. Бірақ осы жолы Үкімет шындап кіріскен секілді. Олардың айтуынша тауар және ұсынылған қызмет үшін төлемді мобильді аударым арқылы қабылдау – бизнес иелерінің салықтан жалтарып кетуіне жол береді.
Өткен жылдың аяғында мобильді аударымдарға қатысты заң жобасы мақұлданғанда жұрт дүрлігіп бастағаны естеріңізде болар. Көпшілік банкомат жағалап, ақшаны қолма-қол алып, әлекке түсті. Такси жүргізушілері, дүкен иелері мен сұлулық салондарының қызметкерлері біраз уақыт онлайн төлем қабылдамай, ақша талап етуге көшті. Кейіннен заң әлі күшіне енбегені, ақпараттың жалған екені расталған соң көптің көңілі орнына түскендей болды. Бірақ көп ұзамады.
Өткен жылдың аяғында мобильді аударымдарға қатысты заң жобасы мақұлданғанда жұрт дүрлігіп бастағаны естеріңізде болар. Көпшілік банкомат жағалап, ақшаны қолма-қол алып, әлекке түсті. Такси жүргізушілері, дүкен иелері мен сұлулық салондарының қызметкерлері біраз уақыт онлайн төлем қабылдамай, ақша талап етуге көшті. Кейіннен заң әлі күшіне енбегені, ақпараттың жалған екені расталған соң көптің көңілі орнына түскендей болды. Бірақ көп ұзамады.
15 сәуірден бастап Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың банк шоттарының арасындағы мобильді ақша аударымдарына мониторинг жүргізе бастайтынын естіген жұрт қайта дүрлікті. Яғни жаңа заңға сәйкес бір адамның жеке тұлға ретінде ашқан банк шотына 3 айдың ішінде 100 және одан да көп адамның банк шотынан ақша аударылған болса, бұл кәсіпкерлік қызметтен пайда табу болып есептеледі.
Халық мобильді төлемге қатысты салық енгізудің қажеті жоқ деп санайды. «Аударым жайлы жаңалық естігелі, қолма қол ақша іздеп маза кетті» дейді. Ал қаржы министрлігі жаппай дүрлігуге негіз жоқ екенін айтады. Бұл тек көлеңкелі кәсіпті айқындауға негізделген бастама. Егер бір тұлғаға күніне қайта-қайта ақша түссе, оны мамандар бірнеше ай бақылауға алады. Онлайн ақша түсімі бірнеше ай бойы жалғасса, онда тиісті органдар есепшоттың иесін тексеріп, шара қолданбақшы. Яғни оған салық салынады. «Бірақ жеке адамдар арасындағы онлайн аударымдарға бұл өзгерістің қатысы жоқ» дейді.
Айта кетейік, Қазақстанда келесі жылдан бастап мобильді ақша аударымдары толықтай салық органдарының бақылауына өтеді. 15 сәуірде басталған мобильді аударымдарды бақылау соның алғышарттары болмақ.
Ең алдымен 2023 жылдан бастап шенеуніктердің интернет банкингі мен мобильді банк қосымшасы бақылауға алынбақ. Сондай-ақ келесі жылдан бастап шенеуніктер табыс декларациясын үкіметке өткізіп отырады. Алғашқы кезеңде шенеунік пен оның жұбайының ақша аударымы тексеріледі. Бір айта кетерлігі, банктер келесі жылы салық органдары ақша аударымы жайлы деректерді сұрастырғанда, 2022 жылдың мәліметтерін береді. Ал екінші кезең, 2024 жылдан бастап – бюджет қызметкерлері мен олардың жұбайы, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен жұбайының 2023 жылғы деректері тексеріледі. Үшінші кезеңде, 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкер мен олардың жұбайының 2024 жылғы деректері беріледі.
Соңғысы, 2026 жылдан бастап – елдің басқа тұрғындары және олардың 2025 жылғы деректері тексеріледі.
Гүлхан ЯХИЯ