Ақша берсең қолға бер
«Қолма қол ақша бермесең, сауда жасай алмайсың». Апта бойы ауданда ірі сауда дүкендері мен такси жүргізушілері осындай сылтаумен тұрғындардан электронды төлемдер қабылдаудан бас тартуда. Саудагерлер құзырлы органдағылар қосымша салық салады деп үрейленсе, қарапайым азаматтар «өзгеге аударған азын-аулақ ақшамсызға да салық салына ма?» деген үреймен жүр. Мұның кесірі әрине өзгеге емес, қарапайым халыққа тиюде. Сонымен мәселе неден басталды? Электронды аударымдардан 10 процентке дейін салық алынатыны рас па? Талдап, таразылып көрейік.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл дау сенат мақұлдап, президенттің қол қоюы ғана қалған «электронды аударымдар туралы заңға» қатысты туындады. Әлеуметтік желінің дамыған заманы болғандықтан, расы бар, өтірігі бар, әйтеуір, бұл ақпар желдей есіп, жылдам тарады. Мәселенің мән-жайын білмекке аудандағы бірнеше азық-түлік дүкендердеріне барғанымызда кірер есіктен-ақ, «электронды аударымдар қабылданбайды» деген жазуларды байқадық. Себебін білмекке дүкен иелірімен сөйлескенімізде мынадай жауап алдық.
– Мен жеке кәсіпкер болғандықтан, өзіме міндеттелген салық түрін уақытылы төлеп тұрамын. Кассалық аппаратты да орнаттым. Әйтсе де, қарапайым халықтың сұранысына қарай электронды аударымдар (перевод) енгізуге тура келді. Күніне 200-ден астам адам дәл осы қызмет түрі арқылы тауар құнын төлеп, әрі біз де сатып алушыға қайтарым «сдача» тауып бере алмау сынды мәселелерден құтылдық. Алайда, менің түсінуімше, мына заң күшіне енсе, мен электронды аударымдардың бір бөлігін салық түрінде төлеуге міндетті боламын. Халықтың қамын ойлаймын деп жүріп, шығынға батар жайым жоқ. Кәсібім заңды болғандықтан көлеңкелі табыс көздерім жоқ екені анық.
Дүкен саудагерлерінің базынасын біліп, редакцияға қайтпақ ниетте қосымша арқылы, такси қызметіне жүгіндік. Қажетті нүктемізге жетіп, такси жүргізушісінен мобильді аударым жасамақ ниетте байланыс номерін сұраған едік, жүргізуші ашулана кетті. Себебін сұрасақ,
– Мен бұл таксопаркке тіркеліп, табыс тауып жүргеніме жарты жылдан асты. Мобильді қосымшасы ыңғайлы, әрі тұтынушылар да көп. Такси жүргізушісі мен жолаушыны байланыстырып отырғаны үшін, таксопарк әр тапсырыстан 10-15 процент комиссия ұстайды. Оған еш қарсылығым жоқ. Бірақ, менің мобильді қосымшама келіп түскен төлемдерден салық алынуына қарсымын. Сондықтан, енді тек қолма-қол ақша қабылдаймын, – деп жауап берді ағамыз.
Саудагердің де, такси жүргізушінің де уайымы орынды. Бірақ, оқиғаның алдына түсіп, мән-жайды толық білместен босқа даурығып жүрген жоқпыз ба? Осы мәселе турасында ҚР Қаржы Министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әділов нақты жауап берді.
– Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке тұлғалардың, яғни такси жүргізушілерінің мобильді аударымдардан бас тарту және қолма-қол ақшаға көшуге шақыратын үндеуі таралуда. Салық заңнамасына мобильді аударымдарды пайдалануға қатысты енгізілген өзгертулер жеке тұлғалардың жеке аударымдарын, кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асырылатын төлемдерден бөлуге арналған. Бұл мәселе бизнес қауымдастықпен және банк өкілдерімен бірнеше мәрте талқыланған болатын. Мобильді аударымдар туралы барлық мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарына беріледі деген ақпарат негізсіз. Жалпы, 2022 жылдан бастап банктерден тек кәсіпкерлік шоттарға түскен төлемдер туралы ақпарат алу жоспарлануда. Сондықтан жеке аударымдарға салық салынбайды. Ал, егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, салық салу бойынша өзіңізге ыңғайлы режимді таңдай аласыз. Мысалы, такси жүргізушілерін алатын болсақ олар патент негізінде салық режимін қолдана алады. Бұл режим табысы жылына 10 млн 3 мың теңгеден аспайтын жағдайда қолданылады. Демек, сіз айына 300 мың теңге табыс тапсаңыз, соның 1 процентін ғана салық ретінде төлейсіз. Ал егер кассалық аппараттар туралы айтатын болсақ, қазіргі уақытта кассалық аппараттардың орнын алмастыратын бірнеше мобильді қосымшалар бар. Кәсіпкер онлайн кассаның мобильді нұсқасын жүктеп алып, оны заңды түрде пайдалана алады. Біздің негізгі мақсатымыз, жеке кәсіпкерлерді мобильді аударымдар үшін жеке шот ашуға міндеттеу.
Министрлік өкілдерінің сөзінен түсінгеніміз аталған заңнамалық өзгерістер жеке тұлғаларға қолданылмайды. Тек көлеңкелі кәсіппен айналысып жүрген азаматтар өздеріне қатысты салық түрлерін төлеуге міндеттелмек. Ал, әрбір аударымның 10 процентін салық органдары ұстап қалады деген ақпарат мүлде шындыққа жанаспайды. Еске салып өтерлігі, мораторий аясында микро және шағын кәсіпкерлік өкілдері 2023 жылдың қаңтар айына дейін табыс салығын төлеуден босатылғандықтан әзірге алаңдауға еш негіз жоқ.
P/S: Микрокәсіпкерлік cубъектіcі дегеніміз жылдық табысы – 79 млн 53 мың теңгеден аспайтын кәсіп түрі. Ал, шағын кәсіпкерлік cубъектіcінің жылдық табысы - 795 млн теңгеге тең. Демек, осы санатқа жататын кәсіпкерлер 2023 жылға дейін мобильді аударымдарды алаңсыз қолдануына болады.
Рамазан ӘНӘПИЯ