Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды сауданың ұтымды тұстары

Электронды сауданың ұтымды тұстары

Қауіпсіздік. Үнемшілдік. Жеңілдік. Осылай тізе берсек электронды сауданың тиімді тұстары көп-ақ. Иә, күнделікті өмірімізге онлайн сауданың қалай еніп кеткенін білмей де қалдық. Байыптап қарасаңыз, адамдар қолма-қол ақша төлеуден алшақтап, керісінше оның орнына қаржыларын интернет қосымшасы арқылы басқарады. Бұл уақыт талабына сай тиімді әрі ыңғайлы.
Қазір сауда нүктелері мен тауар өндірушілердің барлығының дерлік интернет дүкендері бар. Алатын затыңызды көрсетіп, интернет арқылы төлем жасасаңыз болғаны тауарыңыз тез арада жетеді. Еліміздегі супермаркеттер ғана емес, шағын дүкендердің өзі карточкалар қабылдайды. Коммуналдық төлемді де осы қосымшалар арқылы төлеуге толықтай дерлік мүмкіндік бар. Тек шотыңызда қаражат болса болғаны. Қала берді ақшаны үйде отырып-ақ, банк қосымшасы арқылы екінші адамның шотына әп-сәтте аудара аласыз. Жұмсаған ақшаның есебі де телефоныңызда тұрады. Кейбір банктер электронды төлем жасау бойынша кэшбэк тағайындаған, яғни белгілі бір процент шотыңызға бонус түрінде қаражат боп қайтады. Үлкен сомамен сауда жасалса, оған түсетін бонустың көлемі де өседі. Демек кэшбэк арқылы сауда жасасаңыз, карточкадан комиссия ұсталмайды, керісінше қаражатыңыз толығады. Электронды саудада ең бастысы, ақша ұрлығы аз болады. Бұл саланы дамытуда салық төлеу тұрғысынан кәсіпкерлерге де жеңілдіктер қарастырылған.
Қазақстандағы е-коммерцияның дамуы деңгейі де жыл санап артуда. Статистиканы сөйлетсек, елімізде 10 млн адам интернетті пайдаланады екен. 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 миллиард теңгені құраған. Яғни ол бөлшектік тауар айналымы көлемінің 1,2 пайызын құрады. Ал 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 миллиард теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызын көрсеткен.
Электрондық сауданың ерекшеліктері ретінде мыналарды атауға болады: уақытты үнемдеу, қауіпсіздік, салықтан жеңілдіктер, кэшбэк және бір теңгеге дейінгі дәл есеп. Осындай артықшылықтарына арқа сүйеген электронды сауда саласы күн санап дамып келеді. Онлайн-сауда саласында satu.kz, технодом, kaspi.kz, flip.kz, AliExpress сияқты ірі ойыншылардың қызметі елімізде күннен күнге жанданып, сұранысы артады.
Айта кетейік, электронды сауда түсінігі Қазақстанға 2005 жылдардан бастап ене бастады. Осы уақыттан бастап 15 жыл ішінде кәсіпкерлер ғаламторда өз парақшасын ашып, кәсібін виртуалды әлемде ұсынуды үйренді.
Онлайн сауданың бірден-бір тиімділігі халықтың қаржылық сауаттылығы артады. Сонымен қатар интернет-дүкендер, электронды сауда алаңдары неғұрлым көбірек ашылған сайын, соғұрлым тікелей-тапсырыстар саны артып, ол өз кезегінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемін ұлғайтады. Оған қоса халықтың белгілі бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Бұл жұмыссыздық деңгейінің түсуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз септігін тигізбек.
Айта берсек, электронды сауданың артықшылығы көп. Мысалы, тауарды жеткізуде көлік тасымалына кететін шығынның көлемі азаяды әрі орта және шағын бизнесті дамытудың жеңіл жолдарын ұсынады. Бұл кәсіпкер мен тұтынушы үшін өте қолайлы. Себебі, төлем жасау, тауарды алу, төлем жасау кезіндегі қаржының кәсіпкердің қолына тигендігі туралы ақпараттың барлығы бір алаңда, яғни көз алдында жүргізіледі. Оны көріп, бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, кәсіпкер электронды сауда арқылы әлем нарығына шыға алады.

С.МАДИЯРОВА

23 мамыр 2020 ж. 546 0