Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғаяды
2024-2026 жылдары отандық қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 476,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz. Оның ішінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға – 211 млрд теңге, гранттық қаржыландыру процесіне – 198 млрд теңге, коммерцияландыруды гранттық қаржыландыруға – 67,9 млрд теңге бағытталады.
Биыл ғылыми қызметкерлер саны 25,4 мың адамға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Жастарды ғылымға тарту мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банкі» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Отбасы банкі» АҚ келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда жас ғалымдарға арналған ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосты.
Несиенің ең көп сомасы - 20 млн теңге, қарыз мерзімі – 19 жыл. 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жас ғалымдарға 290 пәтер берілген. Бұл оларды Қазақстанда қалуға әрі елімізде ғылымды дамытуға қосымша ынталандырады. Тағы 20 жас ғалымға өтеусіз негізде пәтер кілті табысталған. 2023 жылы 809 ғалымға әлемнің жетекші орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге гранттар ұсынылған. Қазіргі уақытта Республикалық комиссияның екінші отырысының қорытындысы бойынша 80 үміткердің ғылыми тағылымдамадан өтуі мақұлданды. Ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауға да ерекше көңіл бөлініп, докторантураға мемлекеттік тапсырыс 1,9 мың орынға дейін ұлғайтылған.