Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЭС: Мақсат – мәжбүрлеу емес, мәнін түсіндіру

АЭС: Мақсат – мәжбүрлеу емес, мәнін түсіндіру

Энергетика бүгінде әлемдік өркениеттің маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Ал атом энергиясы әлемде үздіксіз энергия өндірудің ең тиімді көзі ретінде мойындалған. Себебі АЭС генерацияның барлық түрінің ішінде көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тағы да тоқталды. Президент: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады» деген болатын. Сондай-ақ еліміздің келешегі үшін атом электр стансасын салу туралы шешім халықпен ақылдасып, келісіп барып қана жасалуы тиіс екенін айтып, 6 қазан күні өтетін жалпыұлттық референдум туралы Жарлыққа қол қойды.
Әлемнің озық елдерінің тәжірибесі атом энергетикасының тиімділігі мен қауіпсіздігін айқын дәлелдейді. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметі бойынша, қазіргі уақытта әлемде 415 ядролық энергетикалық реактор (ЯЭУ) пайдаланылуда және тағы 59-ы салынуда. Атом электр станцияларының ең көп саны АҚШ (94), Франция (56), Қытай (56), Жапония (12), Ресей (36) және Оңтүстік Кореяда (26) орналасқан. Көптеген ел атом электр станцияларының паркін кеңейту жоспарына кірісті немесе алғашқы атом энергетикасы бағдарламасын әзірлеуде. Олардың ішінде бүгінгі таңда көршілес ел – Өзбекстан атом энергия стансасын салып жатқаны белгілі. Сондай-ақ, Қырғызстан да алдағы уақытта АЭС салу жөнінде қоғамдық талқыны бастап кетті.
Президент Жарлығына сәйкес, атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халық арасында толғандырған сұрақтарға жауап беру үшін арнайы халықтық штаб құрылды. Басты міндеті – әлеуметке атом электр стансалары салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту болып табылады.
Апта басында Шиелі ауданына арнайы АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық штаб мүшелері Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов іс-сапармен келді. Алдымен аудандық Ардагерлер үйіне барып, ел ағалары мен аудан ақсақалдарымен жүздесті. Алдағы онжылдықтарда энергетика саласында жағдай күрделенуі мүмкін. Сондықтан проблеманы болдырмауды бүгіннен бастап қарастыру керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
– Болашақта еліміз дамыған мемлекеттер қатарында болуы үшін АЭС ауадай қажет. Қазіргі таңда АЭС ті әлем пайдалануда. Біз жұмыс жасап отырған станцияларға арнайы барып көрдік. Елдің көбісінің көкейлерінде жүрген сұрақтарының бірі – АЭС-ті қай мемлекет соғады? Бұл мәселе бойынша 6 мемлекет қатысып, 4 мемлекет арнайы сараптамадан өткен. Бізге дәл кәзір АЭС салу қажет пе? Қажет емес пе? Міне, осыны Президент халыққа салып отыр, – деді Наурызбай Байқадамов.
Жиында АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшесі Руслан Рүстемов АЭС құрылысы елдің экономикасы мен энергетикалық қуатын арттыратынын тілге тиек етті. «Бүгінде Жасыл энергияны пайдалану дамыған елдерде қарқынды жүзеге асуда. АЭС құрылысын жан-жақты зерттеген ғалымдар бірнеше саты қорғаныс қабатын қалыптастырған. Атом энергиясы арқылы еліміздің әл-ауқаты түзеліп, мыңдаған жұмыс орны ашылып, жаңа маман иелерін дайындауға ықпал етеді және болашақта электр тапшылығын шешудің бірден бір жолы», – деді ол.
Кездесуде ардагерлер толғандырған сауалдарын қойып, атом электр станциясының болашағына қатысты өз ойларын айтып, Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан АЭС салу бастамасын қолдайтындықтарын жеткізіп, ақсақалдар ақ батасын берді.
Әрі қарай халықпен кездесу Керделі ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауыл тұрғындарымен кездесуде Республикалық халықтық штаб мүшесі Наурызбай Байқадамов: «Мамандардың айтуынша, электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3 пайызға артуда. Ал өзімізге мәлім, электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Бүгінде электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да үлесі артуда. Улы заттардың қосындысы қоршаған ортаға да кері әсерін тигізуде.
Сондықтан дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом станциясының жұмысын жандандыруда. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажеттілігін атап өткен болатын», – деді.
Ал Республикалық халықтық штаб мүшесі Руслан Рүстемов: «Қазіргі уақытта бүкіл әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың көпшілігі II буын реакторлары болып табылады. Қазіргі уақытта III және III+ буын реакторларының саны көп емес. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл реакторлар дүние жүзінде ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады. III буын реакторларының орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген, реакторлық корпусты толық жөндеу және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Бастапқы лицензияның мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қондырғыларды ұзақ мерзімді пайдалану көптеген елдерде қалыпты жағдайға айналды», – деп атом энергетикасының жаһандағы дамуы төңірегінде кеңінен тоқталып өтті.
Бұдан кейін Республикалық халықтық штаб мүшелерінің соңғы аялдамасы Тұран ауылдық округі болды. Ең әуелі штаб мүшелері ауыл тұрғындарына бұл сапарларының мақсаты – халықты референдумға қатысуға мәжбүрлеу емес, елімізде АЭС салудың мәнін түсіндіру екенін ашып айтып, оның қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталып, жұрт арасында туындаған алып-қашпа әңгімелерге еріп кетпеу керек екенін қоса кетті.
Сондай-ақ, бұл кездесу де Руслан Рүстемов атом стансасын салудың артықшылықтары туралы айтып, халықты негізсіз үрейге бой алдырмауға шақырды. «Жалпы бу-газ электрстанциялары электр энергиясын өндіру үшін табиғи газды пайдаланады. Қазақстанда табиғи газ негізінен ілеспе мұнай болып табылады, яғни мұнаймен бірге өндіріледі, сондықтан газ өндіру көлемі мұнай өндіру көлеміне тікелей байланысты. Табиғи газ тасымалы Қазақстан энергетикасы үшін тұрақсыз сипатқа ие және елімізде табиғи газ өндіру көлемі жыл сайын 3%-ға қысқаруы байқалып отыр дейді сала мамандары. Бір жағынан газ биржалық тауар болғандықтан, оның бағасы үнемі өзгеріп отырады, бұл тарифтерге қатысты қиындықтар туғызады. Ал, электр энергетикасына ұзақ мерзімді және тұрақты отын көлемі мен бағаның тұрақтылығы қажет. Оның үстіне еліміз уран өндіруден және оның қоры жағынан алдыңғы қатарға жайғасқан. Сәйкесінше, атом энергиясын өндіруге ешқандай кедергі болмайды», – деді Руслан Рүстемов.
Халықпын кездесуде сөз алған Республикалық халықтық штаб мүшесі Наурызбай Байқадамов атом энергетикасы ауылшаруашылығы саласына да зор септігін тигізетінін тілге тиек етіп, барлық салада дамудың жаңа мүмкіндігі туатынын екенін жеткізді. «Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президент ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. Біз әр қадамды нық басып, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Түпкі мақсат – оны әр азамат, әр отбасы сезінуге тиіс», – деді штаб мүшесі.
Өз кезегінде сауалдарына мардымды жауап алған ауыл тұрғындары түсіндіру жұмыстарын жүргізген штаб мүшелеріне алғыстарын білдіріп, алдағы 6 қазан күні өтетін референдумға белсенді түрде қатысатындарын айтты.

Мейіржан Қайратұлы

24 қыркүйек 2024 ж. 139 0