Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыдағы қарбалас тірлік қарышты дамуға бастайды

Қазалыдағы қарбалас тірлік қарышты дамуға бастайды

Жуырда Қазалы ауданында «Руханият орталығының» іргетасы қаланады. Құны 1,7 млрд теңге болатын жоба «Руханият жылы» аясында жүзеге асады. Қазыналы өлкенің мәдени-рухани өмірінде ғана емес, әлеуметтік-экономикалық бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер бар. Бұл туралы аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты.
Ауылдардағы азып-тозған мәдени ошақтарды жаңалау жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, Кәукейде 100 орынға шақталған клуб ғимараты салынды. Әне-міне дегенше ол да есігін айқара ашады. Ал «Майдакөлде» дәл осындай көлемдегі клуб енді салынуда. Ел қорғаны, жаужүрек батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының туғанына 250 жыл толу мерейтойын қазалылықтар бірауыздан дүркіретіп атап өтпек. Қазан айында аудан орталығында республикалық ақындар айтысы, конференция және өнер жұлдыздары қатысатын гала концертке куә болады.
Білім саласының да алға басқанын байқау қиын емес. Биыл аудан бойынша 900-ге тарта оқушы мектеп бітірсе, соның 89%-ы ҰБТ-ға қатысты. Талапкерлердің орташа ұпайы 83,7 болды. Облыс бойынша ең жоғары 139 балды Әйтеке би кентіндегі №204 мектептің түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады. Биыл аудан орталығындағы 11 білім беру ұйымына талапқа сай бейнекамера орнатуға қаржы бөлінді. 10 мектепке жабдықталған кабинет сатып алынады.
– Халық денсаулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Саланың материалдық-техникалық жағдайын нығайту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Алдағы уақытта аудандық аурухана ғимаратына жапсарлас МРТ бөлімі, кардиология және инсульт орталығы салынады. Аудандық аурухананың екінші ғимараты, яғни бұрынғы тубдиспансердің, сондай-ақ бірқатар ауылдағы дәрігерлік амбулаториялар мен «Басықарадағы» фельдшерлік-акушерлік бекеттің бу қазандығын газдандыру көзделіп отыр, – деді Мейрамбек Шермағанбет.
Ауданда жер кезегін күткендер саны жыл өткен сайын артып келеді. Олардың сұранысын өтеу үшін бас жоспарға сәйкес Әйтеке би кентінің оңтүстік батыс беткейіндегі 600 гектар аумақтың инженерлік инфрақұрылым жобасы әзірленді. Енді тек тиісті комитеттердің мақұлдап, қаржы бөлуі қалды.
Елді мекендерді газбен қамту көрсеткішін 68%-ға жеткізу міндеті де қарбалас жұмысты қажет етеді. Биыл осы бағыттағы 3 жобаны жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге жұмсалып отыр. Сәтін салса, Абай, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев, ауылының тұрғындары от жағып, күл шығарудың азабынан құтылатын күн алыс емес.
Соңғы жылдары ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елді мекендер ішіндегі көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Дегенмен, аудан басшысы көптен бері түрен салынбай, тұралап тұрған Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымдық жолдың жайына ерекше тоқталды.
– Жолды жөндеу 2020 жылы басталған. Алайда, мердігер ретінде таңдалған «Стандарт Ойл КЗО» серіктестігінің жауапсыздығынан жұмыс тоқтап қалған болатын. Төрт жолақты автомобиль жолын аяқтау жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын қайта жариялап, мердігер мекемені анықтадық. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл бюджеттен 862 млн теңге бөлініп, ұзындығы 2450 метр, ені 7,5 метр жолға негізгі асфальт қабаты төселді. Бұйырса, биыл қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сол кезде жағдайы жақсы автомобиль жолдарының үлесі 91%-ға жетеді, – деді Мейрамбек Шермағанбет.
Биыл 17 мыңнан астам гектар жерге түрлі дақыл егілді. Оның ішінде күріш көлемі өткен жылғыдан 250 гектарға кем. Есесіне суды аз қажет ететін басқа дақылдар алқабы кеңіді. Атап айтқанда, жаздық бидай 81, жаңа жоңышқа 126, ескі жоңышқа 112 гектарға артық болды.
Қазалылық кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. Шағын және орта бизнес саласында 6 мыңға жуық кәсіпкер болса, соның 96,7%-іс жүзінде көрініс тауып отыр. Жыл басынан бері жаңадан 17 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, соның арқасында 60-қа тарта адам тұрақты жұмыс тапты.
– Ел дамуында жетістікке жетудің бірден-бір жолы – экономика. Осы орайда биыл аудан бюджетін 11 млрд теңге етіп бекіттік. Нақтыланған бюджет көлемі 17,1 млрд теңгеге жетіп, 55,4%-ға өсті. Өз кірісімізді 641,7 млн теңгеге ұлғайтып, ауданды көркейтуге, дамытуға бағыттап келеміз, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін, жыл басында ауданның түкпір-түкпірін аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдағанын жеткізді. Қыркүйек-қазан айларында тағы да солай есепті кездесулер өткізу жоспарда бар.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
07 қыркүйек 2024 ж. 156 0