Мүмкіндігі шектеулі әйел 8 тіл біледі
Қызылордалық мүмкіндігі шектеулі әйел 8 тіл біледі. Тіпті кейбір шет тілінде өлең шығара алады. Әсия Сарықұлова – ІІІ топ мүгедегі. Кейіпкеріміз өз әңгімесінде өмірін күрт өзгерткен он жыл бұрынғы сұмдық жағдайды өкінішпен еске алды.
– Жол апатының кесірінен жүруден қалдым. Бірнеше жыл төсек тартып жаттым. Жолдасым жалғыз қалдырып кетіп, қатты күйзеліске түстім. Алайда жақындарым үнемі жанымнан табылатын. Ауруханада жатқанымда да адам үзілген жоқ. Олар менің қайтадан еңсе тіктеуіме көмектесті. Кейбір жандардың менен де ауыр халде екенін көріп, шүкірлік еттім. Жүруге ниет еттім, Алланың қалауымен таяғымды тастап, аяққа тұрдым, – дейді қайсар жан.
Полиглот кейіпкеріміз бірнеше тілді қашан және қалай үйренгенін айтып берді.
– Өткен жылдың 90-жылдары ілім діні – исламға мойын бұрғанымда көп нәрседен хабарсызбын. Содан Құранның сөзін түсінгім келіп, араб тілін үйрене бастадым. Кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқыған кезде бізді араб тілімен қатар түрік, парсы, осман тілдерінде оқытты. Оқулықтар негізінен осы тілдерде еді. Күнімен-түнімен кітапханада отырып, қазақшаға аударуға тура келді. Соның арқасында бірнеше тілді жетік білетін деңгейге жеттім. Өзбекстанда туғасын өзбекшені жақсы білемін. 27 мемлекеттің тілін (татар, өзбек, башқұрт, ұйғыр, болгар, түркімен, әзербайжан, тағы сол сияқты) бір-біріне өте ұқсас болғандықтан оларды қатар меңгердім. Түрік тілін меңгерген адам бұларды жақсы біледі деп ойлаймын, – дейді Әсия Сарықұлова.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдері онсыз да тізім басында тұр. Одан басқа, кейіпкеріміз түрік, араб тілдерінде өлең де шығарады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»