Демалыстың қауіпсіздігін ескерген жөн
Жарқырап жаз жетті. Бұл – балалар асыға күтетін мерекедей мезгіл. Алайда ата-аналар мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастырушылар үшін қызығымен қатар шыжығы мол, асқан сақтық пен қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын кез. Өйткені бар байлығымыз – бала, ал оның өмірі мен денсаулығын сақтау бәрінен де маңызды.
Осыған орай Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалар құқын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан ата-аналарға:
«Жаз мезгілі балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды қажет етеді. Өкінішке қарай, өткен жазда балалардың суға кетуі, жол-көлік оқиғаларынан зардап шегуі, арықтар мен кәріз құдықтарына құлап кетуі секілді жазатайым оқиғалардың саны артты. Бұл оқиғалардың басты себептерінің бірі – балалардың қадағалаусыз қалуы. Сол себепті ата-аналардан балаларға жол-қауіпсіздік ережелерін, бейтаныс адамдармен өзін-өзі ұстау ережелерін және су қоймаларына жалғыз, ересек адамсыз баруға болмайтынын түсіндіруді сұраймыз. Көпқабатты үйлердің терезелеріне міндетті түрде бұғаттағыш тор орнатыңыз. Қадірлі ата-аналар, балаларға қатысты қайғылы жағдайлардың алдын алуда ересектердің жауапкершілігі маңызды. Балаларымызға бақытты, қауіпсіз, көңілді демалыс сыйлайық», деп үндеу жасады.
Министрлік осыған қоса ата-аналар мен балаларға арнап жазғы демалыстағы қауіпсіздік ережелерін түрлі тақырыпқа сай жадынама ретінде ұсынды. «Жазғы демалыс: қауіпсіздік ережелері» деп аталатын жадынама келесідей тақырыпшаларға топтастырылған: «Орманда өзіңді ұстау ережелері», «Судағы тәртіп ережелері», «Қауіпсіз терезелер», «Өрт кезіндегі тәртіп ережелері», «Даладағы тәртіп ережелері». «Орманда өзіңді ұстау ережелері» тақырыпшасында: «Орманға баруға саған резеңке аяқкиім (етік дұрыс болады), шалбар немесе спорттық киім қажет (аяғыңды жылан немесе жәндіктер шағып алмас үшін балағыңды аяқкиімге салып қой) депті. Ал «Судағы тәртіп ережелері» тақырыпшасында: «Есіңде болсын, шомылу маусымы ауаның температурасы +20–25 градус, ал судың температурасы +17–19 градус болғанда басталады, суда денеңнің тітіркеніп, тоңбауын мұқият қадағала, бұл – денсаулыққа өте зиян. Суда қатты тоңғаннан аяқ-қолыңның сіңірі тартылып, құрысуы өмірге қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда шалқаңнан жатып жүзу керек. Сасқалақтап, қимылдамай қалсаң, батып кетуің мүмкін» делінген. «Қауіпсіз терезелер» тақырыпшасында «Шыбын-шіркейден қорғайтын тор баланы терезеден құлап кетуден қорғамайды, бұл – тек жәндіктерге қарсы тосқауыл» десе, «Өрт кезіндегі тәртіп ережелері» тақырыпшасында «Шұғыл бөлмеден шық, өрт шыққанда жасырынудың пайдасы жоқ, түтін ішінде қабырғаға сүйеніп, еңкейіп, бетіңді сулы шүберекпен жауып алып қозғал» деп кеңес беріліпті. Соңғы «Даладағы тәртіп ережелері» тақырыпшасында «Егер біреу артыңнан ұзақ уақыт жүріп, аңдып келе жатқан сияқты көрінсе, бірден адамдар көп жиналған жерге барып, ересектерден көмек сұра» деген. Бұл кеңестер – әр тақырыпшадағы көзімізге түскен бірді-екілі сөз ғана. Жадынама әр тақырыпқа сай баланың өзіне қауіпсіз орта қалыптастыра алуына қажетті 10–15 керек деректен тұрады. Толық нұсқасымен министрліктің әлеуметтік парақшаларынан таныса аласыз.
Оқу-ағарту министрлігі балаларда жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» атты Guidebook әдістемелік жинағын әзірледі. Аталған әдістеме тоғыз бөлімнен тұрады: «Жаз кітаппен бірге», «Сенің қауіпсіз жазың», «Танымдық жаз», «Сенің өмір салтың – саламатты өмір салты», «Жаз – өнердің, шығармашылықтың және сұлулықтың қызықты әлемі», «Жаз – өзін-өзі дамыту уақыты», «Сенің алғашқы жеке күнделігің», «Өз қолыңмен жазғы сыйлық жаса», «Жазғы ойындар». Сондай-ақ мұнда жедел қызметтердің телефон нөмірлері де көрсетілген. Аталған министрлікке қарасты тәрбие жұмысы және қосымша білім департаменті директорының орынбасары Стэлла Ибраева әдістемелік жинақ жөнінде:
«Балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, 1–4, 5–9, 10–11 сынып оқушылары үшін «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» Guidebook жинағының үш нұсқасы әзірленді. Оның әрбір парағында QR-кодтар орналастырылған, сол арқылы оқушы берілген тақырыптар бойынша ақпарат ала алады. Мұнда орталық мемлекеттік органдармен бекітілген балаларға арналған жазғы сауықтыру орталықтарының да тізімі берілген», деді. Guidebook-тің электронды нұсқасын Оқу-ағарту министрлігінің, сондай-ақ өңірлік білім басқармалары мен білім ұйымдарының ресми сайттарынан алуға болады.
egemen.kz