Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасанды интеллект адамзаттың тұрмыс салтын басқа арнаға бұрады

Жасанды интеллект адамзаттың тұрмыс салтын басқа арнаға бұрады

Жаһанды дүрліктірген жасанды интеллект пен IT саланың өзге де цифрлық құзыреттілігі Қазақстанға да бейтаныс емес. «Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс үдерістерін автоматтандырады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аталған сала бойынша Сыр өңірінде де жаңа бастамалар мен жақсы жаңалықтар күн санап артуда. Мәселен, жақында Түркістанда өткен «Recodetau» республикалық хакатонына қатысқан резиденттер Үндістан мемлекетіне тағылымдамаға жолдама ұтып алды.
– 13-14 сәуір күндері Түркістан қаласында «Respublica» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Recodetau» республикалық хакатонына қатыстық. Байқауға 18-25 жас аралығындағы жастар келді. Бір ерекшелігі, қатысушыларға жаңа жобаларды жүзеге асыру, бірегей бизнес жоба жасау, шетелдік компаниялардан тәжірибеден өту мүмкіндіктері қарастырылған. «Recodetau» хакатоны туралы хабар алғаннан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушыларынан және мектеп оқушыларынан құралған «Neo Nomad» командасын құрып, қатысуға шешім қабылдадық. Мен веб-сайттың интерфейсін жасауға, Жұлдызай Мұңайтбасова аппараттарды құру бөлігіне, Асылжан Абдуллаев жоба презентациясын әзірлеуге және команда жетекшісі Темірлан Абжанов жобаны идея сатысынан mvp сатысына дейін жүзеге асыруға жауап бердік.
Хакатонға еліміздің әр аймағынан 150-ге жуық адам қатысты. Байқаудың шарты бойынша берілген бизнесті цифрландыруға бағытталған 8 тақырып және қосымша табиғи апаттар кезінде жедел әрі оңтайлы шешім шығаруға бағытталған жоба ұсыну керек. Командамен ақылдаса отырып, соңғы жылдары елімізде жиілеп кеткен табиғи апаттар мәселесін шешуге бел будық. Нәтижесінде «ReDabyl» жобасын әзірледік. Су тасқыны секілді табиғи апат кезінде жұмыс істеуге арналған мониторинг және алдын ала болжауға арналған кешенді жүйені құрастыру өзімізге де қызықты әрі ізденіске толы болды, – дейді Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының резиденті, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Раушан Тұрғанбай.
Айта кетейік, жаңа жобаның нәтижесінде сенсорлар нақты уақыт режимінде өзен арналарының бойында орналасқан су деңгейін және басқа параметрлерді үздіксіз бақылайды. Су тасқынын көрсететін шекті мәннен асқан кезде сенсорлар автоматты түрде жауапты органдарға дабыл туралы ақпаратты жібереді де, осылайша мамандандырылған бригадаларды қажетті жерге жіберу арқылы жұмыс күшін азайтуға және автоматизациялауға көмектеседі.
– Зерттеуіміз бойынша мұндай цифрланған жүйе жалпы Қазақстанда жоқ және осыған дейін ашық түрде ақпарат алып, анализін көруге мүмкіндік болмады. Ал біз пайдаланған сервер арқылы телефонға дабыл жіберуге, яғни, ашық түрде ақпаратпен танысуға мүмкіндік бар. Идея хакатон ережесі бойынша берілген тақырыптарды көргеннен кейін туындады. Екі күн ішінде жүйенің аппараттық бөлігін, веб сайт пен бизнес анализін жасап үлгердік. Respublica және Codetau ұйымдарының мүшелерімен нетворкинг арқылы үлкен тәжірибе жинақтадық. Сонымен қатар Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының ұжымына алғысымыз шексіз. Бұл жоба – бүгінге дейін жинаған тәжірибеміздің жемісі. Командалық жұмыстың арқасында  жүлделі І орын иеленіп, Үндістан мемлекетіне 10 күн тәжірибе алмасуға да мүмкіндік алдық. Қуанышымызда шек жоқ! – дейді ол.
Өңірде аталған салаға қызығушы жастарға қолдау да, ойлағанын іске асыруға мол мүмкіндік те бар екенін атап өттік. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Алтынбекұлының айтуынша, әр ай сайын жоспарлы түрде жаңа іс-шаралар ұйымдастырылады.
– Бұйырса, 3 мамырда облыс тұрғындары арасында «Kyzylorda Hack» облыстық хакатоны өтеді. 500 000 теңгелік жүлде қоры және 1 оқу гранты қарастырылған байқау оқушыларға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Биылғы ерекшелік – хакатон секциялары бойынша жеке-жеке байқау өткізу жоспарлануда. Жыл соңына дейін 4 хакатон ұйымдастырылатын болады.
Айта кетейік, былтыр облыс әкімінің қолдауымен «Smart City Kyzylorda Hackathon» идеялар байқауы өтті. Бесінші мәрте өткізілген байқауға 350 қатысушы, 120-ға жуық жоба тіркелген болатын. Үш секция бойынша әр жеңімпазға қаржылай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар біршама оқушылар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын иеленді. Биыл да талантты, талапты жастарды күтеміз! – дейді ол.
Д.Мәделханқызы
 
20 сәуір 2024 ж. 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930