Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨЗГЕРІС. ӨСІМ. ӨРКЕНДЕУ

ӨЗГЕРІС. ӨСІМ. ӨРКЕНДЕУ

Шиелі ауданы бойынша өткен жылы алға қойған межелер ойдағыдай орындалып, әр салада жоспарлаған нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында баяндады. Мінбер төріне көтерілген аудан әкімі алдымен былтыр атқарылған ауқымды дүниелерге тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер жайында сөз қозғады.

АУДАН БЮДЖЕТІ АРТҚАН
Аудан әкімі алдымен аудан бюджетіне тоқталды. Оның сөзінше, 2023 жылдың басында аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 10 млрд 754 млн теңге көлемін құраған. Оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 4 млрд 166 млн теңгеге жеткен. Ал 2024 жылға аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 14 млрд 977 млн теңге көлемінде бекітіліп отыр. Топшылай келе, өткен жылға жоспарланған аудан бюджетінің шығысы 99,8 пайызға игеріліпті. Аудан басшысы көлік инфрақұрылымын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету, кәріз жүйесі бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайында айтып, ауданға тартылған инвестициялар туралы толық мәлімет берді. Нұржан Ахатовтың айтуынша, 2023 жылы аудан экономикасына 47 млрд 912 млн теңгені құрайтын инвестиция құйылған. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 127,5 пайызға артқан. Ал жалпы ұлттық жобалар аясында 2024-2028 жылдары ауданға 77 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынады деп жоспарлануда. Осы жобалар толық жүзеге асқанда 920 адам жұмыспен қамтылмақ. Сөз бағытын өнеркәсіп және кәсіпкерліктің даму көрсеткішіне бұрған аудан әкімі Шиелі аймақ ­бойынша кәсіпкерлігі дамыған алғашқы аудандардың санатында екенін айтып өтті. – Соның дәлелі болса керек, өткен жылдың басынан бері ауданда сауда-саттық, туризм және өнеркәсіп салалары бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 5 млрд 264 млн теңгені құрайтын 452 жобаға шағын несие және грант қаражаты алынды. Нәтижесінде 920 жұмыс орны ашылды. Құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 52 жобаның құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, 214 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл көлемінде кәсіпкерлік саласында барлығы 1134 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал биыл тағы 60-қа жуық нысан өз жұмысын бастайды деп жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі.

30 972 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІН ЕГІЛДІ
Шиелі – ауыл шаруашылығы саласы өркендеген аудандардың бірі. Өткен жылы барлығы 30 972 гектар жерге егін егіліп, негізгі дақыл күріштің көлемі – 13 176 гектарды құраған. Аудан әкімінің сөзінен соңғы жылдары егіс көлемі 3000 гектарға ұлғайғанын, биыл 1000 гектар жерге жүгері өнімін егу жоспарда тұрғанын аңғардық. – Ұйымдасқан ұтымды істердің арқасында аудан диқандары егілген егінді күздің жауыншашынды маусымына қалдырмай, әр гектарынан 56 центнер өнім алып, жалпы көлемі 73 786 тонна «Сыр маржанын» жинап алды. Елдің ырысы артып, қырман дәнге толып, мол өнім қамбаға құйылды. Шиелілік диқандарымыздың осы тынымсыз еңбегінің арқасында ауданымыз «Озат аудан» номинациясын иеленді. Бұл көрсеткіштерді одан әрі дамыту мақсатында биыл да нәтижелі жұмыстар атқарылады. Айта кету керек, ауданның ауыл шаруашылығы тарапынан 2021-2023 жылдары 59 дана жаңадан техникалар алынып, жалпы құны 3 млрд 451 млн теңге инвестиция тартылды. Соңғы 3 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен ауданның техника паркі 63 пайызға жаңарды, – деді аудан басшысы.

49 КӨШЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ КӨРГЕН
Аудан әкімінің баяндамасында 2023 жылы ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы саны 28 көшенің жөнделгені белгілі болды. Көшелерді орташа жөндеуге 565 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар 1 млрд 555 млн теңгені құрайтын аудан орталығының күре жолдары саналатын (Әл Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, Байтұрсынов, Жақаев, Абылайхан, Бұдабай, Сейфуллин, Шәкәрім) 9 көшенің 12,1 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл толықтай аяқталады деп күтілуде. – Біздің басты мақсатымыз тұрғындардың өмірін оңтайландыру. Шиелі кентіндегі жалпы ұзындығы 18,9 шақырым болатын 49 көшені орташа жөндеуге 535 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар демеушілер есебінен 20 көшеге жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджеттен «Самара-Шымкент-Сұлутөбе» кіреберіс 3 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеуге 265 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен бітті. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жүйелі жүргізілетін болады. Мұнан бөлек, жоба құны 1 млрд 900 млн теңге болатын Шиелідегі аудандық маңызы бар «СамараШымкент» тасжолының 8 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 466 млн теңге, «Самара-Шымкент-Жөлек» жолын орташа жөндеуге 130 млн теңге, кенттегі Тәуелсіздік көшесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 346 млн теңге бөлінді, – деді аудан әкімі. Нұржан Ахатов алдағы уақытта ауылдарға салынатын көпірлерге де тоқталып өтті. Айталық, Ә.Тәжібаев ауылында орналасқан көпірді күрделі жөндеуге 305 миллион теңге бөлінген. Ал биыл аудандық маңыздағы «Шиелі-Қодаманов» жолындағы көпір 311 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтетін болады. – «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» жолы бойындағы Сырдария өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салу жұмыстарына жақында өткен кеңес отырысында аймақ басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ЖСҚ сараптамадан өткізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлу жайлы тапсырылды, – деді Н.Сәбитұлы.

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ДЕ НАЗАРДА
Баяндамадан білгеніміздей, кенттегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етуге аудандық бюджеттен 15 млн теңге қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. – Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау, жою мақсатында «Саз құм» полигонында экологиялық таза өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Бүгінгі күні жоба құны 843,2 млн теңгенің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, экологиялық сараптамадан өтуде. Жоба іске асқан жағдайда ауданымыздың экологиялық ахуалына оң ықпалын тигізетін болады, – деді аудан әкімі.

ЖАРЫҚ, СУ, ГАЗ ХАЛЫҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
Қазіргі таңда аудан тұрғындарының басым бөлігі «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Мәселен, Шиелі кенті және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов, Еңбекші, Жиделіарық ауылдары толықтай газбен қамтамасыз етілген. – 2023 жылдың желтоқсан айында Еңбекші мен Жиделіарық ауылдары «көгілдір отынға» қосылды. Қалған төрт ауыл (Ә.Тәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестам) биыл ақпан айында қосылатын болады. Ортақшыл елді мекеніне тартылатын газ құбырын және орамішілік газ тарту желілерін салуға жобалық құны 1 млрд 302 млн теңгенің ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолдануда. Сонымен бірге 21-бекет, Жансейт елді мекендерін табиғи газға қосу бағытында ЖСҚ әзірленуде. Сондай-ақ биыл Тартоғай елді мекенінің тұсындағы «Мұстафа Шоқай» автоматты газ реттегіш станциясының құрылысын бастау жоспарлануда. Әлгінде атап өткен төрт ауылға орамішілік газ тарату желілерінің құрылысы толығымен аяқталуына байланысты көзделген 1 млрд 16 мың теңгені Ортақшыл елді мекеніне газ құбырын жүргізуге ауыстырылатын болады. Осы бағыт арқылы газ құрылысы жүргізілген жағдайда 21-бекет, Жансейт елді мекендері де қатар қосылуға мүмкіндік туады. Осылайша, 3 елді мекенде 2381 халық пен 13 әлеуметтік нысан газбен қамтамасыз етілетін болады, – деді аудан әкімі. Қай кезеңде болсын ауызсудың сапалы болуы маңызды. Су – тіршілік көзі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауызсудың сапасына байланысты. Шиелі ауданында да бұл мәселеге қатысты қызу жұмыстар жүргізілуде. Қызылқайың және Қосүйеңкі елді мекендеріне барлығы 446,7 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Жуантөбеге 17 млн теңге қаржыға су тұшытқыш орнатылыпты. Кенттегі Зекеев және Бөлтекейұлы көшелерінің бойындағы су құбырларының құрылыс жұмыстарына барлығы 70,2 млн теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілген. Ал биыл Алмалы округіне қатысты Тоғайлы елді мекеніне су тұшытқыш орнатуды жоспарлап отыр. Көше жарығы – әр ауылдың сәні. Айта кетейік кент ішінде 210 көше болса, қазіргі таңда 117 шақырымды құрайтын 165 көше толығымен жарықтандырылып, 3500 дана жарық бағаналары орнатылған. – Шиелі кентіндегі жоба құны 808 млн теңге болатын электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне 2023 жылы 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан орталығын электрмен қамту желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады, – деді аудан әкімі. Ауданның ауызсу, жол, жарық мәселелерін тарқатқан баяндамашы білім, денсаулық, мәдениет және спорт саласындағы жұмыстарды да айрықша атады. «Жүз рет естігеннен бір көрген жақсы» демекші аудан әкімінің өз аузынан естіген жақсы жаңалық журналистердің жанын жадыратты десек болады. Сонымен қатар брифингке қатысқан баспасөз өкілдері «Халықтың мұң-мұқтажына қаншалықты құлақ түресіз? Әлеуметтік желіде белсендісіз бе?» және мұнан өзге көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Тиісінші тұшымды жауап та алды. Бастысы, шырайлы Шиелінің өндірісі өркендеп, шаруасы шалқығаны қуантты.

Сұлушаш МАДИЯРОВА 


07 ақпан 2024 ж. 173 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930