Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азалы жыл: ажал құшқан 60 тағдыр

Азалы жыл: ажал құшқан 60 тағдыр


коллаж: Halyq Uni

2023 жыл Қазақстан үшін азалы болды. Биыл елімізде болған апаттардан 60-тан астам қазақстандық қаза тапты. Halyq Uni тілшісі 2023 жылы Қазақстанда болған қайғылы жағдайлар мен қоғамда резонанс тудырған оқиғаларға шолу жасады.

Биыл елді елең еткізген оқиғалар көп болды. Атап айтсақ, елдің алдында жүрген танымал шенеуніктер қызметінен алынып, тіпті кейбірі сотталып кетті. Сонымен қатар, адам өліміне әкелген қайғылы жайдайлар көп болды.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ ОРМАН ӨРТІ
8 маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ аумағында өрт шықты. Өртті сөндіру кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкері мен бір тракторшы қаза тапты. Осыған орай 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Тергеу нәтижесі өрттің найзағай түсуі салдарынан болғанын көрсетті. Дегенмен, «Семей орманы» резерватының екі лауазымды қызметкері күдікті ретінде жауапқа тартылып жатыр. Апаттың ауқымы бойынша әлемдегі ірі өрттің бірі екені айтылды.
Айта кетейік, осы өрттен кейін елімізде орман шаруашылығындағы проблемалар көтеріліп, соларды шешу бойынша нақты жұмыс қолға алына бастады.

«Алдымен орман шаруашылығын материалдық-техникалық базасын жақсарту: өрт сөндіру техникасы, патруьдік көліктер алынды. Биыл 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Оны іске асыру үшін 68 млрд теңге қарастылып отыр. Биылға 13,4 млрд теңге бөлінді. Қазір мемлекеттік орман иеленушілерге техникалар мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алынып жатыр. Мысалы, биыл 51 өрт сөндіру техникасы, 129 трактор, кішігірім техникалар алынды. Сонымен қатар әлі де өрт сөндіру техникаларын алу бойынша конкурстық процедуралар өткізіліп жатыр. Бұған қоса, орманшыларды арнайы киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін үкімет резервінен 918 млн теңге бөлініп, жеке қорғаныс құралдарын алу үшін процедура жүргізіліп жатыр», - деді ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Мәди Нұрпейісов.

Бұдан бөлек, бүгінде Қазақстанның орман шаруашылығында 17 мыңға жуық маман бар. 1 шілдеден бастап олардың жалақысы өсті. Қазір орманшылардың жалақысы 150 мыңнан 320 мың теңге аралығын құрайды. Мамандардың айтуынша, Семей орманын тазалап, егуге дайындау үшін әзірше 10 жыл уақыт керек. Ал орманды қалпына келу үшін шамамен 50 жыл қажет. 

ҚОШ БОЛ, МИТТАЛ!
Осы жылы екі бірдей апат – «Қазақстан» мен «Костенко» шахтасында болған қайғылы жағдай қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды. Апат кезінде шахтада 227 адам болған, оның 5-еуі қаза тапты. Ол кезде өңірде төтенше жағдай жарияланып, алғаш рет Кеншілер күні мерекесі тойланбай қалды.

27 қазанда «Костенко» шахтасында апат болып, нәтижесінде 46 адам қаза тапты. Апатқа байланысты елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.  Жарылыс кезінде жан тапсырған кеншілердің мәйітін іздеу жұмысы бірнеше күн бойы жүргізілді.

Айта кетейік, бұл екі шахта да «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі болатын. Аталған компанияның иесі шетелдік инвестор болғандықтан, бірқатар депутат пен қоғам белсенділері онымен келісімді бұзу қажеттілігін айтып, мәселе көтерді. Көп ұзамай компания шетелдік инвестордан қазақстандық кәсіпкер Андрей Лавреньтевтің меншігіне өтті. Қазақстан үкіметі жаңа инвесторға компанияның тұрақты жұмыс істеуі үшін жаңа инвестордың кемінде кәсіпорынға 3 млрд доллар инвестиция құю шартымен берілетінін айтты. 11 раундқа созылған келіссөз нәтижесінде Қазақстан үкіметі мен «АрселорМиттал» мемлекеттік Qazaqstan Investment Corporation тікелей инвестициялар қорының «АрселорМиттал Теміртаудың» барлық металлургиялық кәсіпорны мен Ақтаудағы құбыр зауытын сатып алуы туралы келісімге келді.

Келіссөздер аясында ArcelorMittal Қазақстанға ешқандай талап қоймайтынын ерекше айтқым келеді. ArcelorMittal Қазақстанға қатысты талаптардан, сот талабынан, басқа да шағымдардардан толық бас тартатыны туралы келісімге қол қойды. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды, - деді министр Қанат Шарлапаев.

БАЛАЛАРҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ
13 ақпанда Петропавлдағы мектептің бірінде 9 сынып оқушысы балта мен пышақ әкеліп, үш оқушыны жаралады. Оның екеуі реанимацияға түсті.  Ұсталғаннан кейін ол баланың психиатриялық тіркеуде тұрғаны анықталды.  Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу кезінде мектепте мамандандырылған күзетшілердің, турникеттердің және металл детекторларының болмағаны анықталды. Осыдан кейін елдегі барлық мектептерде тексеріс жүргізіліп, қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөліне бастады. Айта кетейік, 3 баланы жаралаған жасөспірімге сот үкімі шықты, ол жазасын 6 жыл 9 айды кәмелетке толмағандарды ұстау үшін орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сарыағашта да ауыр оқиға тіркелді. 13 шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға өзінің 5 жасар қызы Еркежанның жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінді. Қыздың мәйіті ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды. Тұрғын үйдің иесі қамауға алынды. 14 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаны мұқият тергеуді тапсырды. Белгілі болғаны: күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Соңғы рет адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені анықталса да, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. Бұл қазақстандықтардың наразылығын тудырып, оған аталған үкімді шығарған сотқа наразылық білдіре бастады. Айта кетейік, бұл жағдайдан кейін үкім шығарған судья қызметінен алынды. Ал 5 жасар қызды өлтірген азаматқа өмір бойы бас бостандығынан айыру және химиялық кастрация түрінде жаза тағайындалды.

Сондай-ақ 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 12 тәрбиеленушісі уланып, оның 6-уы реанимацияға түсті. Олардың ішінде жетім балалар да болды. Бір бала қайтыс болды. Сараптама балалардың неден уланғанын анықтай алмады.

БИШІМБАЕВ ІСІ
9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде әйел адамның жарақат салдарынан көз жұмғаны және оқиға орнында күдікті экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер органдары көп ұзамай бұл ақпаратты растады. Қайтыс болған әйел экс-министрдің жұбайы 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Айта кетейік, бастапқыда полиция тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кейін Бишімбаевқа аса қатыгездікпен жасалған адам өлімі бойынша (Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы) қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Бишімбаевқа аса қатігездікпен жасалған адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зерттеу нәтижесі дайын болғанда тергеу органдары сіздерге қосымша ақпарат береді. Бұл ауыр қылмыс болғандықтан бостандықты айырумен байланысты санкция қолданылған, - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.

Аталған іс бойынша тағы 12 сараптама тағайындалды.

«Бүгінде 12 сараптама тағайындалды. Бізге Іскі істер министрлігінен тиісті тапсырма келіп түсті. Біз 11 сараптама қорытындысын құқық қорғау органдарына жібердік. Жақында тағы 12 сараптама түсті. Ол бойынша біз тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Мен бірден айтайын, заңға сәйкес, сараптама 30 күнге дейін жүргізілуі мүмкін. Сараптаманы аяқтаған соң, қорытындысын, ІІМ-ге жібереміз, - деді Қазақстанның Әділет министрі Азамат Есқараев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Айта кетейік, осы оқиғадан кейін қазақстандықтар тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын көтеріп, әлеуметтік желілерде акция бастады. Сондай-ақ қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтіп, агрессорлармен жұмыс істеу қажеттігі туралы айта бастады.

АЛМАТЫДАҒЫ СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАЗАСЫ
30 қарашада Алматыдағы үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында және жертөлесінде орналасқан хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды. Қаза тапқандардың үшеуі студент болып шықты. Өрт кезінде хостелден 59 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мемлекет басшысы өрттен қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.

Аталған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылды. Алматы қаласының ТЖД осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады. Себебі хостелдің үш қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында және жертөлесінде заңсыз орналасқаны анықталды. Оның үстіне, оның ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, жалға беріліп келгені белгілі болды.
Айта кетейік, бұл оқиғадан кейін елдегі хостелдердің мәселесі, сондай-ақ студенттерге жатақханадағы орын тапшылығы мәселесі көтеріле бастады.

Заңда белгіленген талаптар бар. Қазақстанда жеке компанияларды тексеруге мораторий жарияланған. Әдетте, бұл хостелдердің барлығы жекенің меншігінде. Сондықтан үкіметтік комиссия шеңберінде қандай да бір шешімдер қабылданады. Мұнда заңның талаптарын қатаң сақтау керек, - деді министр Саясат Нұрбек.
29 желтоқсан 2023 ж. 162 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930