Елордада қар күреуге 2 300-ден аса жұмысшы тартылды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Астанада коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қала көшелерін қардан тазалауға 2 300-ден аса жұмысшы мен 1 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. 18 желтоқсаннан бастап коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Бірінші кезекте олар көлік кептелісі болмас үшін автокөлік көп жүретін жол учаскелерін, содан кейін көлік қозғалысы орташа учаскелерді (алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар) тазалайды.
Қалада бірнеше қар полигоны бар. Онда бейнебақылау камералары орнатылған.
Қыс басталғаннан бері полигондарға 100 мың текше метрден аса қар шығарылып, 6 600-ден аса рейс жасалған.
Қала тұрғындары мен қонақтары көшеде жүргенде сақ болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы керек.