Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан неге бірыңғай уақыт белдеуіне көшкісі келеді?

Қазақстан неге бірыңғай уақыт белдеуіне көшкісі келеді?


Кейінгі кезде Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі мәселесі талқыланып жатыр. Географиялық жағынан Қазақстан UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6 белдеуінде орналасқан. Қазір елімізде UTC+5, UTC+6 белдеуі қолданылады. Еліміздің батыс өңірі басқа аймақтарға қарағанда бір сағат артта жүреді. Ал мамандар бәрін бір уақытқа теңестіріп, UTC+5 белдеуін енгізуді ұсынып отыр. Halyq Uni бұл идеяға не себеп болғанын және оның тиімді-тиімсіз тұстарын білді.

Сауда және интеграция министрлігінде ғалымдар тобы 2023 жылдың ақпанында құрылған. 11 айдан аса уақыт ішінде жауапты органдар мен ғалымдар ортақ бір шешімге келіп отыр. Басты уәж – экономика дамиды, денсаулық жақсарады.

Қазақстан – әртүрлі халықаралық ұйымның мүшесі. Бұл жерде алып сату, импорт, экспорт мәселесі бар. Халықаралық келісімдердің белгіленген уақыты болады. Бір сағат, екі сағат ішінде жеткізу қажет деген талаптары да болады. Бірыңғай уақыт болса, осы мәселені шешеді деген ойымыз бар. Сондай-ақ бұл адамдар арасында өңіраралық байланысты нығайтады. Көлік қатынасы, ұялы телефонмен байланысу уақытын да реттейді,  – дейді Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов.

Айтуынша, бұл ұсынысты енгізуге азаматтардың өтініштері себеп болған.


Азаматтар балаларын мектепке қараңғыда апаратынын айтып өтініш білдірді. Сол өтініштерді басшылыққа алып, ведомствоаралық топ құрылды. Бұл топқа астрофизика, радиология, онкология бойынша мамандар және денсаулық сақтау министрлігінің 6 жоғары оқу орнының ғалымдары белсенді қатысты. Бәрі бір ауыздан шешім қабылдап, республикамызда бір белдеу уақытын қолдануды ұсынды, - дейді Бауыржан Қасымов.

Географиялық жағынан Қазақстанның шығысы мен батысындағы аралық 2 сағат 45 минутты құрайды.

«1981 жылдан 2004 жылға дейін бізде «жазғы уақыт» қолданылды. Бірақ оны белдеулік уақытқа қолданады. Алайда 1930 жылдан – Сталин заманынан бері бір сағат ілгері жылжытылған уақыт қолданылады. Яғни, көп өңір өзінің табиғи уақытына қарағанда бір сағаттан аса жылжытылған күйінде өмір сүріп жатыр. 1930 жылғы қаулыны әлі қолданып отырмыз. Ресейдің өзі одан 2014 жылы бас тартты. Декреттік уақыт деген – үнемі бір сағат алға жылжытылған жазғы уақыт. Біз қыста да жазғы уақытпен өмір сүріп жатырмыз», - дейді Қолданбалы хронобиология маманы Болат Жолтайұлы.

Болат Жолтайұлы үш түрлі сағат бар екенін айтады. Бірі – күннің уақыты, яғни күн атады және батады. Екінші сағат – әлеуметтік сағат. Бір-бірімізбен байланысып, кездесетін уақытты көрсетеді. Үшіншісі – әр адамның биологиялық сағаты. Егер әлеуметтік сағат озып кетсе, организмнің нашарлауына алып келеді.



Адам ұйқыдан тұрған кезде әуелі санасы оянады. Содан кейін көзін ашып, қозғалады. Біз қазір балалардың санасы оянбай тұрып, қол-аяғын жүргізіп отырмыз. Биологиялық ырғағына сәйкес болмаса, оны «психологиялық зорлық» деп атайды. Балалар содан «тағы 5 минут ұйықтай тұрайын» деп жылайды. Себебі ол табиғатына қайшы. Яғни, балалардың есте сақтау қабілетін, когнитивті қабілеті, білім сіңіру, мида ақпарат өңдеуіне әсер етеді, - дейді Қолданбалы хронобиология маманы.

Мамандар тобы үкіметке үш түрлі жоба ұсынған. Ішінде жауапты орган қазақстандықтар үшін бір уақыт белдеуін енгізуді таңдаған.
«Есеп жобасында үш ұсыныс жасадық. Біріншісі – декреттік уақыттан бас тарту, яғни 2 сағаттық белдеуді қолдану. Екіншісі – UTC+5 белдеуін қолдану. Үшіншісі – UTC+4,5-ті қолдану. Батыс өңір UTC+3 аумағында орналасқан. Олардан декреттік бір сағатты алып тастағаннан, олардың мәселесі шешіліп отырған жоқ, өзінің табиғи уақытына түсіп отырған жоқ. Ол мәселені шешу үшін декреттік уақыттан да, сағаттық белдеулерден бас тартып, табиғи уақыт өлшемін қолдану керек. Ол – UTC+3,5; UTC+4,5; UTC+5,5. (...) Бірыңғай сағатқа көшу – Үкіметтің шешімі, менің шешімім емес. Үш нұсқа ұсындық, Үкімет экономикалық және басқа да жағына қарай тиімдісін таңдап алды. Екі сағаттық белдеуді қолданамыз немесе UTC+4,5-ді қолданамыз десе, қос қолдап қолдаймын. Ішінде UTC+4,5 ең тиімді нұсқа», - деді Болат Жолтайұлы.

Үкімет таңдаған нұсқа қолданысқа енсе, ол 12 облыс пен 3 қала өзінің табиғи уақытына көшеді. Алайда бұл өзгерістер аясында Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары табиғи уақытына көшпейді.
15 желтоқсан 2023 ж. 148 0