Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 50 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

50 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шиеліліктердің қуанышында шек жоқ. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында әлеуметтік осал топтағы 50 отбасыға баспананың кілті табысталды. Иә, жетімінің маңдайынан сипап, жесірінің қолтығынан демеп, қамкөңіл жандарға қамқорлық көрсету, қайырымдылық жасау – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бұл асыл құндылық сонау ықылым заманнан бері халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып жатыр. Осындай қайыры мол шара Шиелінің төрінен орын алды.
Міне, кезекте тұрған, қуанышын көптен күткен жандар үшін қоныстойдың хабары жетті. 50 отбасының қуанышына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келіп, жүрекжарды тілегін жеткізіп, үйдің кілтін табыстады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп, осы реттегі жұмысымызға бағыт көрсетті. Баспана қалың көпшіліктің тұрмыстық қажеттіліктерінің ең негізгісі болғандықтан, мемлекет тұрғын үйге мұқтаж жандарды қамтамасыз етуге баса мән беріп келеді. Аймақта Шиелі ­ауданында пайдалануға берілген үй көлемі жыл сайын артуда. Тамыз айында «Көкшоқы» мөлтек ауданынан 3 қабатты 18 пәтерлі 4 тұрғын үйді пайдалануға беріп, 70-тен аса отбасының қуанышын еселедік. Облыс бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 400-і аудандарға тиесілі. Шиеліде 50 отбасы өз баспаналарына кіріп, қоныстой тойламақ. Жаңа шаңырақтарыңызға шаттық пен жақсылық тілеймін, – деді аймақ басшысы.
«Өз үйім – өлең төсегім» дегенді баспанаға қол жеткізе алмай, ұзақ жылдар пәтерден пәтерге көшіп жүрген әр адам жақсы түсінеді. Әгәрәки, үйлі болу – еш уайымсыз жақсы көңіл күйде болу деген сөз. Өз шаңырағында балалары асыр салып ойнап, қуаныштан бал-бұл жайнап жүргенге не жетсін?! Осындай игі шарада қуанышы қойнына сыймаған жанның бірі – Ұзақбай Сейтенов. Ол ІІ топ мүгедегі ретінде үй кезегінде тұрған.

Енді міне, өз үйінің кілтін алып, қоныстойын тойламақ.
– Қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығына айтар алғысым шексіз. Үйіміздің іші қуаныш пен балалардың күлкісіне толсын деп тілеймін, – дейді аудан тұрғыны.
Шаттыққа толы көріністі көру бір ғанибет. Бұл жағымды жаңалық тұрғындар көңілін бір көтеріп тастады. Сондай-ақ шара соңында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Шиелі кентіндегі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тұрғын үйлер салып, пайдалануға беруге үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Аймақтағы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жыл өткен сайын артып келе жатқанын көріп, марқаясың. Себебі аты аталған ұлттық жобасы аясында былтыр 683,2 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл 692,3 мың шаршы метр баспана табыстау көзделген.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
13 қараша 2023 ж. 206 0