Мемлекетшіл кім: маман ба, ұлан ба?
Бұл сауалға жауап беретін жандардың ой-пікірлері де бір арнаға тоғыспайтыны анық. Бірі – мемлекетшілдікті ұлттық идеологиямен, ұлттық тарихпен, ұлттық сана-сезіммен, ұлттық патриотизммен байланыстырса, бірі мемлекетшілдік мемлекеттік биліктің саясатын қолдаумен өлшейді. Мемлекетшілдік идеясының негізінде – елдің тәуелсіз мемлекет ретінде, ұлт ретінде дамуын қарастыру идеясын жатқызуға болады. Мемлекетшілдік ресми билікті қолдаумен ғана емес, оған конструктивті сын айтумен де, халықты, мемлекетті кемелдендіруге шақырумен де көрініс табады. Осы ретте филолог, әдебиет тарихшысы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлының «Мемлекетшілдік мінбері» тақырыбындағы мақаласы осы мемлекетшілдік туралы келелі ойларды ортаға салыпты.
«Біз бүгін Алаш зиялылары айқындаған елшілдікке, яғни мемлекетшілдікке зәруміз. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген сындарлы сөзін барлық саланың мамандарына да қаратып айтуға болады. Мемлекетшілдік – мемлекеттің асыл мүддесі жолында елге, халыққа қызмет. Ниеттің де, ойдың да, амалдың да, іс-әрекеттің де осыған бағытталуы. Мемлекет – Отанға қызмет етудің мәдениеті болса, мемлекетшілдік – осы мәдениеттің арқауы. Ұлт, халық, адам құндылығы материалдық, саяси, экономикалық парықпен ғана өлшенбейтіндіктен, осы ұғымдарға тән рухани мән-мағына мемлекеттің де мазмұнында тұруы керек. Сонда көкейкесті мемлекетшілдік бұл ұғымдардың қалыпты тетігіне, құрамдас сипатына айналады», – дейді ғалым өз мақаласында. Сонымен қатар алаштанушы өркениет әліппесіне қарасақ, бұрқ-сарқ қайнаған қоғам мен әділетті мемлекет көп нәрсені, тіпті барлық іс-әрекетті бірлесіп атқаратынын айтады. «Мемлекет қоғам мен оның сенім білдірген өкілдерінің (биліктің) үйлесімінен пайда болады. Сөйтіп екеуі бірлесіп, пікірлесіп қабылдаған заңға бағынады. Заң болмаса, заңсыздық орнығады. Билік заңның орындалуын қадағалайды. Мемлекет әліппесі – осы. Мемлекет басшысы айтқан: «Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады» деген пікірдің мәні сол. Әділетті Қазақстанның әліппесі – осы», – дейді ол.
Унзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты:
– Республиканизм дегеніміз – бұл мемлекеттік басқарудың нысаны. Республикалық басқарудың үш түрі бар. Бұл – президенттік басқару, парламенттік басқару, аралас басқару. Біздің елімізде президенттік басқару, сонымен қатар парламенттік басқарудың элементтері бар. Жалпы, тәуелсіз Қазақстанның дамуын кезеңдерге бөліп қарайтын болсақ, 2020 жылдан бастап 2022 жылғы Конституцияға енгізілген толықтырулардың нәтижесінде екінші республикалық кезеңін бастан кешіп отырмыз. Бұл екінші республикалық басқарудың негізін қалаған құқықтық құжат. Осыған орай демократиялық, әділетті, құқықтық, зайырлы мемлекет орнықтыру мақсатын нақтылап, соның ішінде әлеуметтік бағыттағы көптеген жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекеттілік дегенге келетін болсақ, бұл мемлекеттен кеңірек, ауқымды ұғым. Мемлекеттілік дегеніміз – қоғамдағы мемлекеттің пайда болу, даму кезеңдерін қамтып, болып жатқан саяси оқиғаларды қоса қарастыратын құбылыс. Ал мемлекетшілдік дегеніміз – мемлекеттің саясатын жүзеге асырып жүрген мемлекеттік қызметкерлердің мүдделігіне, ұстанымына қатысты ұғым.
Амалбек ТШАНОВ,
мемлекет қайраткері:
– Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деуі – көп жайтты аңғартады. Осыған қарап қазақи болмысты бойына сіңірген, ұлтшыл, өз жеке басынан ұлттық мүддені жоғары қойған азаматты мемлекетшіл деп айтамыз. Кезінде алғаш Тәуелсіздік алып жатқан жылдары да біршама азаматтарда осындай мемлекетшілдік қасиет болды. Оның қасында біз де болдық. Ол кезде егемендік алғанымызға қуанып, еліміздің еңсесін тіктеуге бір кісідей атсалысуға күш салдық.
Жалпы, ұлттық мүдде әрқашанда мемлекеттің негізгі мақсаты, тірегі болуы керек. Сонда ғана біз шынайы мемлекетшілдікке жетелейтін идеологияға бет бұрамыз. Алдымен өзің қоғамның бір мүшесі болған мемлекетті сүю керек. Ол үшін туған тіліңді, туған еліңді, жеріңді сүюің керек. Тіл дегеннен шығады көп жағдайда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде нық орныққан жөн. Мемлекеттік тіл саяси мәлімдемелер тілі болуы керек. Бүгінде кейбір шенеуніктердің қазақ тілінде еркін сөйлемеуі – осы бір олқылықтың айқын көрінісі. Өз ана тілінде түс көріп, еркін сөйлемеген адам қалай мемлекетшіл тұлға болмақ?! Түптеп келгенде, мемлекетшілдік дегеніміз – ұлттық идеямен қабысып жатыр. Онсыз ешқандай азамат мемлекетшіл бола алмайды. Сонымен қатар ең алдымен, ұлттық құндылықтарды бағалауы қажет. Ал ұлттық құндылықтардың негізі отаншылдықта. Ұлтын сүйген, халқын сүйген, тілін сүйген азамат мемлекеттің дамуы жолында да қалтқысыз қызмет атқарады. Түйіндеп айтсақ, мемлекетшіл деп ел тұтастығы үшін күресетін азаматты айтса керек.
ТҮЙІН:
Иә, бұл тақырыпта әрбір азаматтың субьективті ойы бар. Дегенмен, барлығының түптеп келгенде тоғысатын жері бір. Яғни, барлық ойларды қорытындылай келгенде, «мемлекетшілдік» туралы мынадай қорытынды жасауға болады. Мемлекетшілдік деп мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды ардақ тұтып, елі мен жерін сүйіп, қызметі мен кәсібін адал атқарып, барлық білігі мен білімін мемлекеттің игілігіне жұмсап, биліктің жүргізіп отырған саясатының дұрысын қолдап, қате кеткен жеріне түзету енгізіп отыратын арда азаматты айтсақ болады. Ендеше, әрбір азамат елін сүйген отаншыл, мемлекетшіл болсын деп тілейміз!
Наурызбек САРША