Лотереядан лудоманияға дейін: қызығушылықтан туған құмарлық
Үлкен ойын-сауық орталықтарына кіре қалсаңыз, лотерея билеттерінің саудаланып жатқанын көресіз. Сатып алатындардың қарасы қалың. Дегенмен біреу білсе, біреу білмес, елімізде лотереялық монополизм бар. 2017 жылы дәл осы мақсатта арнайы құрылған «Сәтті жұлдыз» компаниясы Қазақстандағы оператор ретінде танылып, 15 жылға бекітілді. Ақыры республикада 2032 жылға дейін басқа бірде-бір компания бұл бизнеспен айналыса алмайтын болды. Әйтсе де, мұның кері жақтары болғанына қазір көз жетті.
Осы кезге дейін «Сәтті жұлдыз» компаниясына қатысты сын аз айтылмады. Мәселен, лотерея ұйымының бір міндеті – ел спортына табысының 15 пайызын аударып отыру. 2020 жылы аталған компания бар болғаны 2 пайыз шегінде ғана ақша бөліп келгені баспасөз беттерінде жария болды. Дегенмен сол кезеңде «Сәтті жұлдыз» өкілдері өздерін ақтап алған болатын. Қош делік, мәселе спортқа ақша аудару немесе аудармауында емес, компанияның өз саласында орнатқан монополизмінде еді. Енді Үкімет осыған зер сала бастады. Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, қазіргі уақытта лотерея өткізу шарттарын уәкілетті органның қатысуынсыз, оператор өз бетінше, дербес бекітеді және қабылдайды. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде қазақстандықтар монополистің құмар ойындар ұйымдастыратынына назар аудартып жүр. Министрлік қазір соған тосқауыл қою шараларын пысықтап жатыр.
«Лотерея атын жамылып, құмар ойындарын өткізу фактілерін жою үшін уәкілетті органға тиісті өкілеттіктер берілуі керек, яғни, «Сәтті жұлдыз» АҚ шарттарды ведомствомен келісуге міндетті болады. Өз кезегінде уәкілетті орган ол шарттардың заңнамаға сәйкестігін және онда құмар ойындарын ұйымдастыру белгілерінің бар-жоқтығын тексереді», – деп мәлімдеді ведомство.
Ендігі мәселе, ұсынылған заңды Үкімет пен Парламент өткізбей қоюы әбден мүмкін. Ал егер заң қабылданса, онда келесі алгоритм енгізілмек. Біріншіден, өз лотерея өткізу шарттарын бекіткенге дейін оператор «Сәтті жұлдыз» АҚ оларды заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеріп, келісуі үшін уәкілетті органға жіберуге міндеттеледі. Екіншіден, уәкілетті орган, яғни министрлік шарттарды келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарап, тексереді. Лотерея өткізу шарттары ел заңнамасына сәйкес болса, келіседі және лотерея операторына кері жібереді. Үшіншіден, егер шарттар немесе оның жекелеген ережелері заңнамаға қайшы келсе, уәкілетті орган келісуден бас тартып, оларды операторға тиісті ескертулермен қайтарады.
Бүгінде құзырлы органдар алаяқтардың жалған ойын терминалдарын орналастыру үшін «Сәтті жұлдыздың» «Lotomatic» лотерея терминалдарының атын жамылып жүргенін мәлімдеді. Мысалы, ер адам Ақмола облысы Целиноград ауданындағы дүкендерде «Сәтті жұлдыздың» ойын терминалдары деп алдап, өзінің заңсыз ойын автоматтарын орнатып шығыпты. Осы арқылы 17 миллион теңге заңсыз табыс тапқан. Ал Қарағандыда заңсыз ойын бизнесінің 3 нүктесінің қызметі тоқтатылыпты.
Әлеуметтік желіде отандастарымыз лотереялық ойын терминалдарын толық жауып тастауды талап етіп жатқанын білеміз. Сонда ол терминалдарды қалқан ететін қылмысқа да тосқауыл қойылар еді. Дегенмен мұны іске асыруға шенділердің құлықсыз екенін байқадық.
Негізі жоғарыда атаған жаңа заң жобасын дамыған елдердің тәжірибесіне ұмтылу ретінде бағаласақ болады. Әлемнің көптеген елінде мемлекет лотереяны өткізу ережелерін заңнамаға сәйкестігі және құмар ойындарды ұйымдастыру белгілерінің болмауы тұрғысынан тексеріп, бекітеді. АҚШ-та федералды және штаттық деңгейде реттеледі. Әр штаттың лотерея ережелерін жергілікті реттеу органдарымен келісуді талап ететін заңдары мен талаптары бар.
Қорыта айтқанда, лотереядан ұтыс шығару мүмкіндігі жерді қазып алтын тапқанмен бірдей екенін әр адам ескерсе екен дейміз. Дегенмен әділ өткен ойын кімді болса да қызықтыра алар еді. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі заң жобасын соңына дейін жеткізіп, лотерея ойындарын аз да болса ретке келтіргені абзал.
Мадияр Төлеу