Биылғы білім гранттарын тағайындау конкурсына 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін де гранттар бөлінген.
Атап айтсақ, педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына – 1500, Маңғыстау облысына – 1500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына 500 грант берілді.
Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ, гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.
Дегенмен, мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі белгілі болғаннан кейін түрлі пікірлер айтылды. Әсіресе, гранттарды бөлуге қатысты наразылық білдіргендер көп. Желі қолданушылары арасында гранттың машина жасау, кеме құрастыру сияқты игерілмейтін, елде сұраныс аз мамандықтарға көп берілетіні айтылуда.
Мысалы, министрлік мәліметінше, бір гранттық орынға ең үлкен конкурс стоматология мамандығы бойынша болып, бір орынға 22 талапкер таласқан. Әрі қарай халықаралық қатынастар және дипломатияға 14 адам, құқық – 11 адам, музыка мұғалімдерін даярлау, денешынықтыру мұғалімдерін даярлау және психология мамандықтарына 10 адамнан.
Мәселеге қатысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Телеграм» арнасында бірнеше жыл қатарынан талапкерлер ең көп сұранысқа ие оқыту бағыттары бойынша таңдауды өзгеріссіз жасап жатқанын айтты. Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілген.
Мәліметке сай, ең көп таңдалған қала – Алматы, 38 мың бала студенттік шағын өткізу үшін оңтүстік астанамызды таңдаған. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 18 мың өтініш қабылданса, 6 мың адам Шымкент қаласының университеттерінде оқуға ниет білдірген.
Білім гранттарын тағайындау конкурсының нәтижесіне қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов те әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, білім грантын жеңіп алмағандарға әлі де ақысыз оқуға түсуге болатынын айтты.
– Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі, яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар, – деп жазды А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартуы мүмкін.
Олардың саны да аз болмайды. Бұл гранттар да қайтадан бөлінеді. Депутат колледждерде де грант көптігін, қажет мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы екенін де атап өтті. Жалпы, елімізде ақысыз жоғары білім алуға мүмкіндік көп. Дегенмен, еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім сапасына қатысты мәселелер де әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
Мысалы, әлеуметтік желіде мемлекеттік гранттар санының көптігін сынға алған журналист Ерболат Мұхамеджан жоғары білімде бәсекенің жоқтығын айтады. Биыл 94 мың оқушы грантқа тапсырса, бөлінген грант саны 73 мың, яғни, 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан. Оған қоса, мемлекет төлейтін грант құны нарықтық бағадан бірнеше есе төмен.
– Ұлттық университетте грант құны – 1 миллион 300 мың теңге, ал мемлекеттік – 900 мың, жекеменшікке – 700 мың. Айтпақшы, осыдан 3 жыл бұрын 350 мың болып, сол кездегі министр қазіргі сомаға көтерген еді. Ал оқу ақысының өзіндік құны 1-1,5 миллионның арасы. Бұл мәселені жылдам арада шешпесек, керісінше, жоғары білім саласына зиян тигіземіз. Себебі министрлік осындай гранттың құнымен сапалы білімді талап етуі орынсыз, – дейді журналист.
Ерболат Мұхамеджан бұл мәселені шешудің дұрыс жолы бар екенін айтады. Біріншіден, гранттың санын азайтып, артылған сомаға құнын өсіру керек деп санайды. Себебі, жыл сайын гранттың санын өсіргеннен білімнің сапасы жоғарыламайды.
Жалпы, білім саласы жиі сынға алынады. Оған негіз де бар. Саладағы жемқорлық, лицензия дауы арагідік өршіп тұрады. Одан бөлек, көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін проблемалар да шашетектен. Оқу үрдісінің сапасын арттырмай, білім гранттарының санын көбейту жақсылыққа емес, жаман нәтижеге алып келуі мүмкін екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұған дейін назарға алып, мемлекеттік гранттардың құны мен оның қазіргі заманға сай не сай еместігін мұқият зерттеуді тапсырған болатын.
Шынында, әр ата-ана балаларының жоғары білім алғанын қалайды. Бұл – орынды тілек. Дегенмен бүгінгі кездегі одан да өзекті мәселе – болашақ түлектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Бұл үшін жоғары оқу орындарын сапалы біліммен қамтамасыз ету қажет.
Биболат СӘТЖАН