ЭСТАФЕТАНЫҢ ТУЫ МЕН КІТАБЫН ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚТАРҒА ТАБЫСТАДЫ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен Қызылорда қаласынан басталған «Адал Жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафон эстафетасының туы мен кітабы жуырда біздің ауданымызға табысталған болатын.
Әлем халқына бағзы заманнан жақсы таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір қарсы ұйымдастырылған айла-тәсілдерге төтеп беріп, қаражат көп жерде өркен жайып, бүгінге дейін жойылмай келе жатқан дерт. Бұл «Бармақ басты, көз қыстылардың» әрекеті елімізде де, ауданымыздан да кездесіп отыр.
Ел Президенті Н.Назарбаев Жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, жемқорлықпен күрес жалпы барша халықтың борышы екенін нықтылап көрсеткен болатын. Осыған орай, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері бұл дертке қарсы іс-әрекеттер жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік 30 елдің қатарына жетуді көздеп отырған шақта, сол адами қалып – парасат биігінен көрінуге тиіспіз. Біз әрдайым еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін бұл дерттен аулақ болып, ұрпағымызға да соны аманат етуіміз қажет.
Аталмыш «Адал Жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафон эстафетасының аясында аудан көлемінде бірнеше іс-шаралар жүзеге асқан болатын. Бұл игі бастама сәуірдің 24 жұлдызында қорытындыланып, Тәуелсіз еліміздің көк байрағын биікке көтеріп желбіреткен 20 автокөлік Әбдікәрімов көшесінен бастап Абай көшесіне дейін жүріп өтті. Бұл автошеру аудандық спорт кешеніндегі аудан жастарының қатысуымен флэшмобқа ұласты.
«Адал жол – Честный путь» марафонын аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып, жастарды еліміздің патриоты болуға шақырып, эстафетаның туы мен кітабын Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Ерманұлына табыстады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа бағытталған бастама көрші ауданда жалғасын табатын болады.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.