Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәрі құрлықты кезгендер немесе қазақ жастары қайда жүр?

Кәрі құрлықты кезгендер немесе қазақ жастары қайда жүр?



Осы кезге дейін Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген отандастарымыз жайлы жиі еститінбіз. Жыл басындағы ресми дерек бойынша, аталған елде 35 мың қазақстандық еңбек етуде. Дегенмен отанынан жырақтағандардың арнасы кәрі құрлық елдеріне де бұрылуда. Соның бірі – Ұлыбритания. Бұл ел отандастарымызды несімен қызықтырды? Алдағы уақытта ол жаққа да отандастырымыз он мыңдап ағылмай ма? Осы тұста эмиграцияға әсер етуші факторларды зерделеп, мән-жайына үңілсек.

Табыстың жолын тапқандар
Жуырда ғана әлеуметтік желіде Англияда қарға қуып, табыс табатын қазақ жігітінің бейнежазбасы таралды. Сағатына 6 мың теңге, бір күнде он екі сағат жұмыс істеп, 72 мың теңге алатынын айтқан оның сөзіне таңырқағандар жетерлік. Көбі бұдан соң Англияға барудың жолын сұрауда. Рас, қазір Ұлыбританияда ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек күшіне сұраныс бар. Баратындардың қарасы мол. Бұған дейін қазақстандықтардың біразы Англияда құлпынай терумен айналысса, енді үлкен алқаптардағы қарғаларды үркіту жұмысына кірісіпті. Бір естігенге қызық. Желіге тараған бейнежазба авторының Telegram-да «Англиядағы жұмыс» атты чаты бар. Аз уақытта чатқа мыңдаған адам жиналыпты. Жартысы Тұманды Альбионда жұмыс істеп жүрсе, жартысы сол жаққа баруды жоспарлағандар. Бәрінің де арманы бір – қаржылық мәселеден қиналмай, жақсы өмір сүру.

Көбін қызықтырған жайттар жетерлік. Мәселен, Англияда жұмыс істеу үшін ағылшын тілін білу маңызды емес. Жалпы, азаматтар Англияға заңды түрде Tier-5 Seasonal worker визасымен барып, бұған дейін де жұмыс істеп жүрген. Тек биыл Ұлыбританияның ТМД елдерінен еңбек иммигранттарын тартуға бөлген квота саны өсті. Себебі бұл ел Еуропалық Одақта жоқ, оның үстіне пандемияға және Украинадағы ахуалға байланысты Шығыс Еуропадан британдық фермаларда жұмыс істейтін маусымдық жұмыскерлер саны едәуір азайған. Сондықтан 2022 жылы жергілікті үкімет басқа елдерден, соның ішінде ТМД елдерінен Ұлыбритания аумағында еңбек ету үшін иммигранттар тартуға 38 мың квота бөлген. Бұл көрсеткіш 2019 жылы – 2 500, 2020 жылы – 10 мың, 2021 жылы – 30 мың болды. Ал 2023 жылға еңбек иммигранттарын тартуға бақандай 45 мың квота белгіленіпті.

Негізі отандастарымыз Ұлыбри­танияға Tier-5 Seasonal worker визасымен барады. Бұл виза уақытша 6 айға жұмысқа баруға беріледі. Concordia, AG Recruitment атты танымал компаниялар бар. Мысалы, Concordia Англияда 1943 жылдан бері жұмыс істейді. Кезінде Англияның жастары фермаларда практикадан өткен. Қазір жұмыскерлерді шетелден алдыртады. Ал визаға тапсыру үшін COS – спонсорлық нөмірі керек. Concordia спонсорлық нөмір береді, соның арқасында визаға тапсырған кезде банктегі есепшотта қанша ақша бар екенін тексермейді. Жұмысқа орналасу тегін, өйткені бұл – мемлекет арқылы қаржыландырылған бағдарлама. Жұ­мысшы қалтасынан билет пен визаға төлеуге ғана ақша шығады.

«Бақытқа жеткізген» бағдарлама
Біз айтып отырған бағдарлама – Seasonal Worker visa (Temporary Work). Өзге елдің азаматтарына көкөніс пен баубақша секторында, жалпы және бастапқы өндірістік жұмыс, бақылау жұмыстарын орындау үшін ұзақтығы 6 айға мүмкіндік береді. Жұмысшылар көбіне өсімдіктерді күту, жинау, жылыжайларды салу және жинап алу, суару, күтіп ұстау, өсімдік шаруашылығы, жұмыс берушінің аумағында дақылдарды буып-түю сынды жұмыстарды атқарады. Тұманды Альбионда тер төгіп жүргендердің бірі – Дулат Жанұзақов.
Ол бастапқыда Англияға келу үшін бір агенттіктің қызметіне жүгінген. Олар көмек бергені үшін 220 мың теңге сұрайды.

«Бірақ мен 10 мың теңге ғана беріп, қалған жұмыстарының барлығын өзім істедім. Негізі бұл бағдарламамен әр адам өз бетінше келе алады. Ешқандай қиындығы жоқ. Арнайы сайттарына кіріп, өтініш қалдырып, анкета толтырдым. Англияда жұмыс істеу туралы ой он бір ай бұрын, былтыр тамызда келді. Бір танысымнан осы бағдарлама жайлы естідім. Англияда жұмыс істеп жүрген достарымнан сұрастырдым. Өтініш жібергенде қай жерде тұратының, қандай жұмыс істейтінің бәрі белгілі болады. Ферманың қасында караван деген вагон сияқты кішігірім үйлер бар. 4 адам тұрады. Ішінде барлық жағдайы жасалған. Бірақ біз караванда емес, үйде тұрып жатырмыз. Қазір қырыққабат өсіретін фермада жұмыс істеп жүрмін. Мұнда Брюссель қырыққабаты, түсті орамжапырақ, брокколи сияқты түрлі қырыққабат түрлері өседі. Соларды егіп, беттерін тормен жауып, кейін қайта ашамыз, өнім піскенде оларды жинаймыз. Айына орта есеппен 700 мың теңге табамыз», – дейді Д.Жанұзақов.

Қазір Tier-5 визасын беруге Ұлыбританияның кеңейтілген маусымдық жұмысшыларды жалдау схемасы бойынша жұмыс істеу үшін үкімет іріктеген 4 ірі рекрутингтік компания бар. Олар: Concordia, Pro Force Limited, Fruitful Jobs және AG Recruitment and Management Ltd. Бұл компаниялар барамын деушілерге тегін қызмет көрсетеді. Бірде-біреуіне ақша төлеудің қажеті жоқ. Алайда ақша жүрген жерде алаяқтардың да жүретіні бар. «Англияға жетіп, миллион теңге табыс табамын» деп жүрген азаматтардың біразы осы алаяқтардың құрбаны болуда. Шынында жұмысқа бару үшін ешкімге 1 миллион теңге ақша төлеп керек емес. Тегін сайттарға кіріп, әр адам өзі өтініш қалдырса жеткілікті. Ал делдалдар тура сол сайтқа өтініш тастау арқылы 1 млн теңге табады.

Эмиграцияға ықпал еткен не?
Енді мәселенің өзегіне оралайық. Қазір дамыған елдердің бір проблемасы – еңбек күшінің жетіспеуі, Яғни, ауыл шаруашылығы секілді салаларға көпшілік бара қоймайды. Амалсыз еңбек мигранттарын тартады. Жалпы, жұмыс күшінің шетелге кетуі бұрыннан бар құбылыс. Еңбек миграциясы – мемлекеттің инвестициялық ахуалына, халықаралық аренадағы рейтингіне кері әсерін тигізетін нәрсе. Мемлекеттен жұмыс күші неғұрлым көбірек сыртқа ағылса немесе білікті кадрлар басқа мемлекетке барып жұмыс істейтін болса, ол мемлекеттің ішкі жұмыс күштерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді. Сондықтан Оңтүстік Кореяға, Түркияға, Ұлыбританияға кетіп жатқан жұмыс күшінің көбеюі біздің мемлекет үшін қуанарлық тенденцияға жатпайды. Мемлекет ішкі еңбек ресурстарын өзінде қалдырып, экономикасына жұмсауға мүмкіндігі болса, тіпті жақсы. Әлеуметтанушылардың пікірінше, бұл – мемлекеттік деңгейде қаралуы қажет мәселе. Жастардың көбі мүмкіндік тауып шетелге уақытша қоныс аударып, жұмыс істеп жүр.

Бұл еліміздегі жалақы мөлшерінің төмен екенін көрсетеді. Инфляцияға байланысты жалақы мөлшерін қанша өсірсе де, мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар эффектісінің де төмен екенін көрсетті. Қарапайым халық табысының 60 пайызын азық-түлік алуға жұмсайтыны жасырын емес. Бұны көп зерттеулер анық аңғартқан. Әлеуметтанушы Шыңғыс Төрездің пікірі осыған саяды.
«Жастардың шетелге кетуіне инфляция әсер етіп отыр. Соның салдарынан азаматтардың шығындары екі есе артты. Табыс табу үшін шетелге қара жұмыс істеуге барады. Бұл қуантарлық жағдай емес. Бизнес тарапынан, Үкімет тарапынан ұсынылып жатқан жұмыстың өтемақысы төмен. Еңбек нарығында ұсынылып отырған жұмыс көп. Бірақ жалақысы аз. Сол жалақыны арттыру үшін жастар шетелге кетуде. Бұл – негізгі әсер етуші фактор. Жастардың шетелге жұмысқа кетуіне басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Бірақ бізге негізгісімен жұмыс істеу керек» дейді маман.

Қорыта айтқанда, мәселенің жақсы һәм жағымсыз да жағы барын аңғардық. Жағдайын түзеймін деген жандардың әркімнің өз таңдауы бар. Дегенмен отандастарымыздың жыраққа кету себебін жақын жерден іздегеніміз абзал тәрізді.

Мадияр Төлеу
27 шілде 2023 ж. 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930