Мемлекет меншігіндегі Bereke Bank басшылығы 2,84 млрд теңге сыйақы алды
Bereke Bank басқарма мүшелері 2022 жылы сыйақы ретінде жалпы сомасы 2,84 млрд теңге алды, деп хабарлайды KASE.
Еске салайық, банк 2022 жылды 124,52 млрд теңге шығынмен аяқтаған.
2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанкке санкция салынғаннан кейін оның еншілес Сбербанк Қазақстан банкін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сатып алған. Әлі күнге дейін банктің неше теңгеге алынғаны айтылмайды. Бұл туралы «Бәйтерек» басшылығы коммерциялық құпияға сілтеп жауап беруден бас тартады.
2022 жылдың 2 қыркүйегінде банк акционерлері ауысты. Ол кезде банктің басқарма құрамына алты адам кірді: 2022 жылдың шілдесінде тағайындалған Нұрсұлтан Таскаранов басқарма төрағасы болды, ал орынбасарлары Анастасия Овсянникова, Георгий Аракелян, Магомед Гулаев, Владимир Савченко, Александр Титов болды.
Қыркүйекте Титов, қазанда Овсянникова өз еркімен жұмыстан кетті. Қараша айында басқарма төрағасы болып Андрей Тимченко сайланды. 2022 жылдың желтоқсан айының соңында Аракелянның өкілеттігі аяқталды. Сонымен қатар, Тасқаранов 2022 жылдың шілдесінде тағайындалғанға дейін Эльдар Теңізбаев төраға, Денис Яманов пен Ернар Накисбеков басқарма мүшелері болған. Осылайша, 2022 жылы банк басшылығында жаопы он адам болған.
Банктің 2022 жылға арналған қаржылық есебінде 2022 жылы негізгі басқарушы персонал 3,33 млрд теңгеге жуық қаражат алған. Оның ішінде: ұзақ мерзімді сыйақы – 1,9 млрд теңге, еңбекақы және басқа да қысқа мерзімді төлемдер – 1,09 млрд теңге, әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік салық – 37 млн теңге, ақшалай емес төлемдер – 286 млн теңге.
Ал 2021 жылы банк басшылығы 3,13 млрд теңге сыйақы алған еді.
АҚШ санкциялары басталған кезде банк өзінің 330 млрд теңгелік несие пакетін Halyk Bank-ке сатты. Яғни, Halyk Bank оған осыншалықты қолма қол ақша берді.
2022 жылдың желтоқсанында банк өзінің бұрынғы ресейлік иесі Сбербанкке 130 млрд теңге дивиденд төледі.
Осы аралықта «Бәйтерек» ҰБХ 2022 жылы банкке 199,5 млрд теңге, ал үкімет бақылайтын компаниялар 539,3 млрд теңге көлемінде депозит орналастырды. Яғни, қолма қол ақшамен тағы көмектесті.
2022 жылы банктің активтері 4,2 трлн теңгеден 1,69 трлн теңгеге дейін азайып кетті. Жиынтық міндеттеме 3,81 трлн теңгеден 1,56 трлн теңгеге азайды, меншікті капиталы 378,52 млрд теңгеден 133,71 млрд теңгеге азайды.