Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Грузияның Гори қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Грузияның Гори қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды



Грузияның Шида Картли тарихи-географиялық өлкесін қамтитын ең көне қалалардың бірі Гориде Қазақстанның Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Грузия Сыртқы істер министрлігінің, атқарушы биліктің, Шида Картли аймағының академиялық және іскер топтарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Елшісі Мәлік Мырзалин өзінің құттықтау сөзінде бұл тағайындау екі ел қатынастарының жоғары деңгейінің және оларды нығайту бағытының кезекті дәлелі болып табылатынын атап өтті.

«Құрметті консулға, ең алдымен, іскерлік, мәдени-гуманитарлық, спорттық және туристік байланыстарды дамытуда маңызды рөл беріледі. Бұл ретте, әрине, қазақстандық азаматтарға көмек көрсетуге және олардың Грузиядағы мүдделерін қорғауға, түрлі бірлескен іс-шараларды өткізуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс», – деді Елші.


Шида Картли аймағының губернаторы Михаил Шакулашвили өз аймағының астанасы – Гори қаласында Құрметті консулдық ашу туралы шешім қабылдағаны үшін Қазақстан тарапына алғысын білдірді. Ол аталған мекеме екі мемлекеттің өңірлері мен қалалары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты, инвестицияларды кеңейтуге, туризмді және ғылыми-мәдени алмасуды дамытуға ықпал ететінін мәлімдеді.

Горидегі Құрметті консул лауазымына ұзақ уақыт Қарағанды қаласында тұрған белгілі грузин кәсіпкері Иракли Какаладзе тағайындалды.
Айта кету керек, бұл – Қазақстанның Грузиядағы төртінші құрметті консулдығы.
08 мамыр 2023 ж. 95 0