Жасанды сұлулық: Денсаулыққа зиянды әдеттер
ХХІ ғасырда барлық жағынан дамыдық деп шүбәсіз айтуға болады. Тек ақшаң болса болғаны. Қалауыңды істей аласың. Керек десеңіз, табиғатыңнан бұйырмағанды қолдан жасап аласың. Бұл күндері келісті мүсін, жасанды кірпік, бояма қас, дүрдиген ерін, әрлі тырнақ, әдемі көрінетін үлкен көкірек жасату қыздарға аса қиын емес.
Көпке топырақ шашудан алшақпыз. Осының салдарынан қыз-келіншектер денсаулығына қаншалықты зиян келтіріп жатқанын білмесе керек. Білсе, олай Алланың жаратқан мүсініне қарсы шықпас еді.
Әдемі боламын деп жүріп, түрлі тері ауруларын жұқтыратындары да бар. Ол ол ма, алаяқтарға алданып, қалтасынан қағылатындар да жоқ емес. Мәселен, осыдан 1 жыл бұрын қарағандылық 162 әйел заты алаяқтардың құрбаны болып, үлкен сомада несие төлеуге мәжбүр болды. Нәзік жандардың әу бастан әдемілікке ұмтылатын жанды жерінен дөп басып, өз мақсаттарына пайдаланған сұлулық салонының қызметкерлері келтірген шығын алдын ала жүргізілген есеп бойынша 25 миллионнан асады. Жасыратыны жоқ, жыл сайын алаяқтықтың түрлері де, соған сәйкес саны да артуда. Әсіресе, сұлулық салондарына алданып, сан соққандар жайлы ақпараттар желіде желдей есіп жүр.
Осындай жағдаяттарды біле тұра жасандылыққа жаны құмар, сырт келбетінің сұлулығы үшін ақшасын да, өзін де аямайтын аруларымыз баршылық. Себебі жасандылықты көшедегі бес арудың үшеуінен байқаймыз. Ендеше, әріге кетпей-ақ қарлығаштың қана¬тындай қас пен қайырылған қалың кірпік¬тің мәселесін айтайықшы.
Сырт көзге әдемі болып көрінгенімен, қабаққа желімделген кірпіктің адамға қаншалықты қиындық туғызатынынан бейхабармыз. Сұлулық құрбандықты талап етеді деп жасанды кірпік жалғап жүріп, көзіңізді биттетіп алуыңыз әбден мүмкін. Бастың битттейтінін жақсы білеміз, ал кірпік те дәл солай биттейтінін білдіңіз бе?
Бір қарағанда, кірпік жабыстыруда тұрған ештеңе жоқтай көрінеді. Алайда нағыз биттің шоғырланатын жері дәл осы жасанды кірпіктер екен. Оған себеп – сіз барған сұлулық салонының қызметкері құрал-саймандарын аса ұқыптылықпен таза ұстамай, кірпігіңізді биті бар тарақпен тараса болды, арғы жағында жайылатын бактерияларды ойлаудың өзі қорқынышты. Содан соң биттеп кеткен кірпікті елестетіп көріңіз. Зерттеулерге сенсек, кірпік жасатқан он адамның алтауы дәл осы салғырттықтың құрбаны болады.
Бірі табиғи қасының пішіні мен көлемін өзгертсе, енді бірі мүлде қасын қырып тастап, өзі қалаған түске боятады немесе оюлап, татуаж салдырады. Осы жерде артық қыламын деп, тыртық қылып алмауды ойлаған жөн-ау. Денені инемен тескен кезде, одан тері арқылы адамның қанына сан түрлі жұқпалы дерттің түсуі мүмкін. Жасанды қасты жиі жасататын адамдардың ағзасы уақыт өте келе онкологиялық аурулардың тууына бейімделеді. Көп жағдайда зардабы 8-10 жылдан соң белгілі бола бастайды. Себебі түрлі-түсті бояулардың қолданылуы кезінде тері арқылы қан тамырлары мен адамның ішкі мүшелері уланады.
Дінімізде де қасты жұлуға тыйым салынған. Өйткені, шариғатта сырт көзге әдемі көріну үшін қас жұлған дұрыс емес. Алла Елшісі (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ, денеге сурет салдырғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады», – деген.
Бірақ бұл ретте тағы бір жайды ескеруіміз керек. Әйелі күйеуіне ұнау мақсатында әдеміленуіне болады. Бірақ Құранда тыйым салынған шариғат үкімінен аспауы керек.Жалпы қас жайында мынадай қызық мәлімет бар.Ғалымдардың зерттеуі бойынша қастың әрбір талының ми жасушасымен байланысы бар екендігі анықталған. Оның әрбір талын жұлғанда ми жасушасының біреуі өлетіндігі айтылады. Енді өзіңіз мүлде қасын қырып, жасанды қаспен жүрген сұлудың жүйке жүйесін ойлап көріңізші.
Иә, қызға әдемілік қашанда жарасқан. Қала берді қазақ қызды гүлге теңеп, әсемдік пен сұлулықтың символы деп бағалайды. Сол сияқты жастық та мәңгілік емес. Қарттық дегеніне жетпей қоймайды. Әр жастың өзіндік ерекшелігі, артықшылығы бар. Жас келген сайын адам айналасына сырт келбетімен емес, даналығымен сүйкімді бола түспей ме?!