Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамшы үйіргенге жаза қатаң

Қамшы үйіргенге жаза қатаң

қамшы үйіргенге жаза қатаң

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейеді. Атап айтқанда, денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жаза ауырлайды. Енді кінәлі тұлға он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Әкімшілік жазамен шектелеміз бе?
Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту туралы бірнеше жылдан бері айтылып жүр. Бірақ билік белсенділердің үнін биыл естіді. Жалпы, елімізде 1997-2017 жыл аралы­ғын­да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа Қылмыс­тық кодекстегі екі бап бойынша қарап, қамауға алу, айыппұл салу мен қоғамдық жұмысқа тарту­мен шектелді. Тарқатып айтсақ, 200 АЕК көлемінде айыппұл, 180 сағат қоғамдық жұмысқа тарту мен 45-60 тәулік аралығында қамауға алу кү­тіп тұрды. Ал 2017 жылдың 3 шілдесінде Прези­дент денсау­лыққа жеңіл зиян келтіру және ұру бойынша істі қыл­мыстық құқықбұзушылықтан әкімшілік құ­қық­бұзушылыққа негіздеп қарауды бекітті.
Осыдан кейін бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 73-1 және 73-2 бабына ауыстырылды. Осылайша, полиция қызметкері осы санаттағы істі тер­геп, дәлел жинап, істі сотқа жібере алды. Сыртынан қарағанда құқық қорғау қызметкерінің жүгі көбей­гендей көрінгенімен, жағдай бас­қаша сипат алды. Полиция оқиға орнына барып, кінәліні көріп тұр­ғанымен, әкімшілік жазаға тарта ал­мады. Себебі жәбірленушіні туыс­тары көндіріп, арызын қайта­рып алып жатты. Сондықтан по­лиция агрессормен профилакти­калық әңгімелесумен шектелді. Сонымен 2020 жылдың 11 қаңта­рына дейін кінәліге 15 АЕК көле­мінде айыппұл салынып, 15 тәулікке дейін қамауға алынды. Егер жағдай қайталана қалса 20 тәулікке қамауға алынып, айыппұл мөлшері 40 АЕК-ке көбейді.
2019 жылы Президент Қ.Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық бо­йынша жазаны қатаңдататынын мә­лімдеді. 2020 жылы бірнеше тү­зету енгізілгенімен, тұрмыстық зор­лық-зомбылық Қылмыстық ко­декске кірмей қалды. Айыппұл салуды жазбаша ескерту берумен ауыстырды. 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жағы тағы бар. Осы тұста 20 тәулікке қамауды 40 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге алмас­тыруға болатын-ды. Алайда Ішкі істер министрлігі бастамасымен айыппұл отбасының ортақ бюд­же­тінен алынатыны ескеріліп, аталған жаза түрі алынып тасталды. Осы­лайша, тұрмыстық зорлық-зом­былық жасаған агрессорға қолда­натын жаза ескерту жасап, қамаққа алумен шектелді. Әрине, бұл елдегі белсенділердің ызасын тудырып, бірнеше жыл қатарынан қарсылық акциясы ұйымдастырылды.
Айталық, жақында ІІМ Қыл­мыстық кодекстегі 106 («Денсау­лыққа қасақана ауыр зиян келтiру») және 107-бап («Денсаулыққа қа­сақана ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша жауапкершілік күшейетінін хабарлады. Сонымен жаза күшейіп, 107-бап бойынша 3 жылға дейін, 106-бап бойынша 6-дан 10 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру көзделеді. Сенат аталған толықтыруды мақұлда­ға­нымен, соңғы сөздің Президентте екені белгілі. Сондықтан шешімнің заңды күшіне енгенін күтеміз.
Ал Сенаттағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қор­ғау органдары комитетінің төра­ғасы Андрей Лукин қылмыстың көпшілігі білім деңгейі және табысы төмен отбасындағы ерлі-зайыпты арасында болатынын атап өткен-ді. Оның айтуынша, отбасы институты және тәрбиемен жұмыс істеу жө­нінде пәрменді шара қажет. Заңды қарау барысында Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Игорь Ле­пеха отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылық саласындағы әкім­шілік баптар бойынша санк­ция­ларды күшейтетін ұсыныстарды жеткізген еді. Біріншіден, тұрмыс­тық құқықбұзушылықтарды тіркеу арыз жазудан анықтау сипатына көшеді. Өйткені тәжірибе көрсет­кендей, өтініштердің дені кері қай­тарылады. Бұл түзету полицияға жәбірленушілердің арызы болмай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талап қа­таңдайды. Жаңа редакцияда агрес­сор зорлық-зомбылықты алғаш жа­саса сотта татуласа алады. Ал қыл­мыс қайталанған жағдайда бұ­лай жасау мүмкін емес.

Ұсыныс көп, қабылдайтын кім?
«Менің ойымша дұрыс шешім, зорлық-зомбылықтың жазасы жеңіл болмауы тиіс. Бірақ бұл ша­ралар әлі де салдармен ғана күресу. Бір жыл бұрын МИСК-тің Ашық Парламент жобасы аясында Мә­жіліске барып, депутат Кузнецов басқарған топқа осы ұсыныстарды айтқанбыз. Олар «иә, барлығымен келісеміз, жұмыс тобына шақы­рамыз» деген. Сол күйі сөз болып қалды. Алайда кейбір ұсыныстарды әзір қабылдап жатқанына қарағанда біздің бір пайдамыз тигеніне қуа­ныштымыз. Әрине, ұсынысымыз екенін ешқайда айтпаса да, ең бас­тысы нәтиже бар. Психокоррекция енгізсе, шынымен де, зорлық-зом­былық саны біраз азаяр ма еді. Үкіметке жан-жақтан үнімізді жет­кізген соң әйтеуір назар аударып, қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүр болды. ІІМ әйелдің арызын күтіп отырмайтындай жағдай жасайтынын айтты. Яғни, әрбірі азаматтық позициясын білдіріп, по­лицияға шағым түсірсе немесе хабарласса, әйелдің және оның ба­лаларының өмірін сақтап қалар де­ген үміт бар. Иә, әйелдер қоғам­дық қорға көбіне кеңес сұрап келеді, өз құқықтарын білмейді. Шыны ке­рек, осыны пайдаланатын поли­ция қызметкерлері бар», – дейді SVET қоғамдық қорының негізін қалаушыларының бірі, құқық қор­ғаушы Мөлдір Жұмабаева.
Аталған қоғамдық қор Үкіметке денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені туралы бапты Қылмыстық кодекске қайтаруды сұраған. Одан бөлек, денсаулыққа зияны тимеген ұру-соғу фактісін ӘҚБтК-да қалдыр­ғанмен, жазаны күшейту керегін ұсын­ғаны тағы бар. Әрі қор мүше­лері мұның алдын алу үшін екі жағдайда да психокоррекциядан өткізу шарасын қолданғанын атап өткен. Өйткені қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау, қорқыту фактісі өршіп тұр.
Мәселен, Арайлым Таманова SVET қоғамдық қоры көмегіне жүгінген. Ол күйеуімен заңды түрде ажырасса да, бұрынғы жұбайы оны аңдуын тоқтатпаған. Әлеуметтік желі арқылы мекенжайын біліп, жасырын келіп, балаларының кө­зінше экс-әйелін соққыға жыққан. Оған қоса, феморальды артерия аймағына төрт рет пышақ жара­қатын салған. Өлтіргісі келетінін ашық айтқан. Жәбірленуші поли­ция шақырып, іс сотқа өтіп, екі жыл­ға жалғасқанымен, агрессорға екі тәулікке қамаққа алу жазасы бе­рілген. Арайлымға ешқандай мо­ральды және материалды шығын төленбеген. Себебі заң бойынша кейіпкердің жарақаты денсаулыққа жеңіл зияны тиетін жарақатқа жат­қан. Шынтуайтына келгенде, Та­манова жарты жыл көлемінде қайта қалпына келу ем-шарасын қабыл­даған, психолог қабылдауына бар­ған. Жұмысынан айырылып қал­ғаны тағы бар. Ал балаларына кел­сек, оқиға салдарынан қызы әлі күнге анық сөйлемесе, ұлының бір көзі көрмей қалған. Яғни, бұл от­басына психологиялық көмек керегі айтпаса да белгілі. Сондықтан ке­йіпкер елдегі заңның күшіне кү­мәнмен қарап, орындалу процесіне бас шайқайды.
Иә, белсенділер биыл және өткен жылы митинг өткізді. 2021 жылы келісілген марш ұйым­дас­тырылса, 2020 жылы келісілмеген марш өткен. 2019 жылы жазда ке­лісілген митинг болды. Жалпы, 2017 жылы ең алғашқы келісілмеген марш өткен. Оны ұйымдастырған ҚазФем болғанымен, Феминита мүшелері де қатысушылар арасында жүрген. Бұл іс-шараның бәрі әйел құқығы, отбасындағы зорлық-зом­былық, сексуалды зорлық-зомбы­лық мәселесін көтерген.
Елдегі заңның әлсіз тұсын бел­сенділер ғана емес, халықаралық ұйымдар да бірнеше рет бетке бас­қан-ды. Мәселен, Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Үкіметті отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыстық іс ретінде қарауға шақырған. HRW ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман Қазақ­станның қазіргі заңы зорлық-зом­былыққа ұшырағандарды тағдыр тәлкегіне тастай салатынын, тиісті заң әлі күнге қабылданбағанынан әйелдер зардап шегіп отырғанын ашық мәлімдеді. Сондықтан жаңа заң әйелдердің тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан толық қорғайтынына кепілдік беруі керегін қосқан.
Осы турасындағы шетелдік тәжірибеге келсек, агрессорға қол­данатын жаза түрі 1970 жылы Бос­тонда пайда болған. Әйелдер кри­зистік орталығында еркектерді пси­хологиялық курстан өткізген. Сол үшін қазір АҚШ-та 1500-ден астам жоба бойынша агрессорларды ерікті және еріксіз түре терапиядан өткізеді. Мұндай терапия түрін Канада мен Аустралия билігі де құптап отыр. Алты құрлықты былай қойғанда, көрші Қырғыз Респуб­ликасының тұрмыстық зорлық-зом­былықпен күресте көш ілгері тұр. Оларда да 2017 жылға дейін полиция тек жәбірленушінің арыз-шағымы арқылы жұмыс істесе, қазір медицина қызметкері мен куәгердің арызы жетіп жатыр. Осы заң ая­сында кінәліні түзетуден өткізу жағы да қарастырылған.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жіті көңіл бөлетін мәселе. ІІМ мәліметінше, 2022 жылдың 10 айында денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру бабы бойынша 794 іс қозғалып, 93 әйел қаза тапқан. Ал 2023 жылдың басынан бастап полиция тұрмыстық зорлық-зом­былық негізінде 18 кісі өлтіру дере­гін тіркеген. Дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, жыл сайын 400-ге жуық жуық әйел зорлық-зомбылықтан көз жұматыны тағы бар. Былтыр полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық турасында 100 мыңнан астам хабарлама түскен. Жағ­дайға мән берсек, әйел бар дау­сымен көмек сұраса да, еститін Үкі­мет мойын бұрмай тұрған тәрізді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
18 наурыз 2023 ж. 145 0