Жаңа көпір – ел игілігіне
Бүгін Белкөл кентінде теміржолдың екі бетін байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді.
Ел игілігіне арналған көпірдің ашылу салтанатында сөз алған шаһар басшысы «Бұл көпір халықтың көптен бергі сұранысы бойынша салынып, тұрғындардың теміржолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көпір құрылысы өткен жылы басталды. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізгені үшін мердігер мекеме «Голден сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін.
Ұлт даналығында «құдық қазған, көпір салған және ағаш еккен» деген үш сауап бар. Бүгінде біз сол сауаптың ең күрделісі және маңыздысын орындадық. Мұны адам тағдырына жауаптылық, қолайлы мүмкіндік жолы деп есептеймін» – деді.
Бірнеше жылдан бері көтеріліп келген мәселеге нүкте қойылып, қолайлы жағдай жасалғанына белкөлдіктер ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына ақ батасын берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда аймақ басшысының қолдауымен қала көлемінде жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Биыл қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтер бойынша жалпы сомасы 10 млрд. теңгеге
231 көше жөнделеді. 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Ол үшін облыстық бюджеттен 690 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Ғани Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына Ұлттық қор және облыстық бюджеттен 320,6 млн теңге бөлініп, алдағы айларда құрылыс-монтаж жұмыстары бастау алады.
Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін темір жол өтпесін салуға жоба-сметалық құжаттамасын сараптама қорытындысымен әзірлеуге облыстық бюджеттен 51,2 млн теңге бөлініп, құжаттары рәсімделуде.
Бәйтерек тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы көпір құрылысы да қарқынды жүргізілуде.