Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар алаңқайлары алаңдатады

Балалар алаңқайлары алаңдатады


Биыл елімізде балалар жылы. Осыдан сұрақ туындайды. Ауданда балалар ойнайтын алаңның ахуалы қандай? Балалар алаңқайы жеткілікті ме?
Иә, жаз мезгілі де таяуға жақын. Ауа-райының ойынға ыңғайлы уақытында ойын баласын үйде ұстап отыру мүмкін емес. Олардың асыр салып ойнап, жүгіріп-секіргісі келеді. Мұндайда көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы яки ауыл маңындағы ойын алаңқайының маңызы зор екенін ата-аналары жақсы біледі. Бірақ кенттегі кейбір ойын алаңқайларының жағдайы мәз емес. Көңіл қынжылтады. Көбі қараусыз қалып, қирап жатыр. Керек десеңіз, кейбірі тіпті құрылыс талаптарына сай емес. Салдарынан балалар далаға шыққанда бір жерін майып қылып алуы таныс жағдай.
Ұғынғанға, балдырғанның көзқарасы қалыптасып, дүниетанымын жетілдіруде ойын негізгі құрал. Бала атаулы ойынмен өсіп, ойын арқылы бір-бірімен араласады, көпшілік ортаға үйренеді. Ал олсыз үйге тығылған баланы телефонмен ғана тыныштандыруға мәжбүрлік туады. Қазір онсызда смартфонның дәурені жүріп тұрған шақ.

– Мен әл-Фараби көшесінің тұрғынымын. Сөздің шыны керек, кент орталығындағы көшеге жатады бұл. Күн жылынса болды немерелерім үйге сыймай, далаға шығуға асық болып тұрады. Ойын алаңы – әр адамның балалық шағының бір бөлшегі. Жадыраған жаз мезгілінде балалардың ойын алаңы сәбилердің күміс күлкісімен жайнап, сәні кіріп тұрады емес пе?! Сол себепті көшеге балалар асыр салып ойнасын, игілігін көрсін деген алаңқайларға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізсе екен, болмаса жаңадан салса деген тілегіміз бар, – деді Әлима апа.
Әлбетте, бұл аудан тұрғындарының ортақ пікірі деуге болады. Себебі әр ауылдық округте салынған балалар алаңқайларының жағдайы да мәз емес. Бәрі де жөндеуді талап етіп тұрғандай. Əсіресе, жаздыгүні үй көрмей ойнайтын балалар шаршауды білмейді. Тіпті кешқұрым қараңғылық түссе де, үйге кіргізе алмай әлек болып жатамыз. Сол себепті де балалар ойнайтын алаңдардың көп болғанының әбестігі жоқ. Керісінше, бұл кемел келешегіміздің кепілі болған балаларға жасалған қамқорлықтың бір парасы деп білеміз.
Хош, тиісті сала мамандарымен сөйлесіп, мәселенің жай-жапсырын білдік. Айтуларынша, қажетті қаржы бөлініп, қаралу үстінде екен. Алдымен бала қиялына қанат бітіретін ойындар балаларға кішкентай кезінен қоғаммен араласуды үйретеді және татулыққа тәрбиелейтінін ескеру керек.Қазір көшеде доп қуалап, топыраққа аунап жүре беретін балалар жоқ. Заманның ағымы өзгерді, талғамы өсті. Сондықтан балалар ойын алаңын көбейтсек нұр үстіне нұр.
Сала мамандарының сөзіне сенсек, алдағы уақытта ГРП-23, Бұдабай көшесі мен 9 этаж жаққа балалар алаңқайын салу­ды жоспарлауда. Ал қазіргі күні Ағыбай батыр көшесінің теріскей беткейі мен ­Молдыстамов көшесіне жаңадан ойын алаңы салыну үстінде.

ТҮЙІН: Мақаланың арасында ауыл­дарда салынған ойын алаңының жайын тілге тиек еттік. Соның ішінде Еңбекші, Ақмая ауылдық округтеріндегі алаңқайлардың жайы жанға батады. Кейбірінің әткеншектері жоқ болса, бірінің баспалдағы жоқ, енді бірінің іші шұрық тесік. Бұл тек біз көріп жүргендеріміз ғана. Ойлаңызшы, қаншама қаражат бөлініп, балаларға деп арналған арнайы ойын алаңы салынды. Ақша көкке ұшты. Себебі ауыл балалары ойнайын десе, ойын құралдары түгел емес, қараусыз қалғандықтан ішінде малдар өріп жүр. Иә, ауыл тұрғындары жағынан да кінәрат бар шығар. Сол үшін балалар алаңқайы пайдалануға берілгеннен кейін қараусыз қалмаса екен. Қазір жұмыссыз жүрген жандар жоқ емес. Солардың бірін қоғамдық негізде жұмысқа қарауыл ретінде алып, ойын алаңқайын дұрыс бақылауда ұстасақ деген ұсыныс біздікі.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
22 тамыз 2022 ж. 678 0