Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдердің қауіпсіздігі жіті бақылауда

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі жіті бақылауда

Өткен жұмада аудан әкімдігінде кәмелетке толмағандың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысын комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек ­Есмаханов жүргізді.
Күн тәртібіндегі алғашқы 2 мәселе бойынша жергілікті полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инс­пекоры Абай Мәдиев баяндама жасады. Оның баяндамасынан түсінгеніміз отырыста қаралатын бірінші мәселе кент тұрғынының ұлы кәмелетке толмаған жасөспірімді Қызылорда қаласында орналасқан «кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына» ауыстыру мәселесі. Себебі баланың анасы ұлының Алматы қаласына ешкімге айтпай кетіп қалып, келмей отырғанын жеткізген көрінеді. Айтылған мәселені мұқият тыңдаған комиссия төрағасы А.Есмаханов «әрбір ата-ана өз баласының болашағына сеніммен қарап, өміріне жауапты болуы керек. Сонымен бірге баланың анасы ұлын осы айдың 15-не дейін Алматы қаласынан алып келуін сұраймын. Қосымша білім бөлімінің басшысы Қ.Әмзеевке көмек беруді тапсырамын», – деді.
Ал жиында көтерілген екінші мәселе мектеп жасындағы балалар арасындағы құқық бұзушылыққа қатысты болды. Бұл мәселе турасында Абай Мәдиев мынадай деректер ұсынды.
– Биыл ауданда түнгі беймезгіл уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 367 жасөспірім анықталып, олардың ата-анасына ҚР заңының 442-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ кентте кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімге темекі өнімін сатқаны үшін 1 дүкен және кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын сауық орындарында жол бергені үшін 5 жеке кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық сотқа жолданып, айыппұл салынды. Осы орайда кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмыстарын алдын алу бағытында, «Жасөспірім», «Демалыс», ­«Балар түнгі қалада», «Абайлаңыз балалар» атты жедел профилактикалық шаралар ұйымдастырылды, – деді жергілікті полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекоры Абай Мәдиев.
Сонымен бірге полиция бөліміндегілер кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін, балалар құқығын қамтамасыз етуде түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде заңды өкілінсіз жүрмеу керектігі жөнінде тұрғындар арасында рейд жүргізіліп тұратынын жеткізді. Осы рейдтік шаралардың барысында кәмелетке толмаған балалардың дені көлік жуу орындары мен мейрамханаларда даяршы болып жалданып жұмыс жасайтыны анықталған.
Күн тәрбіндегі үшінші және төртінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Әмзеев баяндама жасады. Ол өзінің баяндамасында балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуі мен жаз мезгілінде суға түсу ережелерін сақтамауына алаңдаушылық білдірді.
– Бүгінде жазғы лагерьлерде 13 мың 864 бала, сыртқы лагерьлерде 764 оқушы демалуда. «Сыр ұланы» тынығу лагеріне 653 оқушы, кәсіподақ есебінен 45 оқушы «Талдысу» лагеріне, Көкшетау қаласына 16 оқушы, Алматы қаласына 16 оқушы, Шымкент қаласына 19 оқушы және Қызылорда қаласына 15 оқушы тынуға жіберілді. Бірақ ата-аналар маңызды жайтты ескеру керек. Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, белгіленбеген жерлерде суға түсу, жол ережесін және өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау туралы бөлім тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, басты жауапкершілік – балалардың жақындарында. Таяуда төтенше жағдайлар бөлімі және басқа да жауапты мекеме қызметкерлерінің қатысумен ата-аналар жиналысы өткізілді. Жазатайым оқиғалардың алдын-алу бағытында 322 тәрбие сағаты, 23 кездесу, 17 танымдық сайыс, 24 диктант жазу, 13 шығарма жазу жұмысы, 11 дебат, 5 спорттық сайыстар, 12 суреттер байқауы өткізілді. Дегенмен барлық ата-ана ойын баласын назардан тыс қалдырмай, жеткіншектердің қауіпсіздігіне жауапкершілікті күшейтуі маңызды, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Әмзеев.

Төртінші мәселе бойынша
Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдердің арасындағы суицидтің алдын-алу. Жасөспірім шақта кездесетін қиындықтарды көтере алмау, айналадағылармен тіл табыспау, үйдегі қысым жағдайы және тағы басқа да себептерден кәмелетке толмағандар арасында суицид көп орын алуда. Осы бір ауыр жағдайдың алдын алу үшін ауданда түрлі жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, аудандағы барлық білім беру мекемелерінде «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Өмірдің қауіпті кезеңдері және оны жеңудің жолдары» тақырыптарында оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен наурыз айында 11 578 оқушының қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, ерте жүктілік пен жыныстық тиіспеушіліктің алдын-алуға байланысты «Қыз балалар арасында ерте жүктіліктің зияндылығы мен алдын-алу» тақырыбында дәрістер өткізіліп, медициналық-психологиялық кеңестер ұйымдастырылған.
Айта кетейік, ауыр дерттің алдын алу үшін ата-ана, мұғалімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салтын қалыптастырушы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс атқаруы керек. Яғни жасөспірімдер мен жастар арасында осы тақырыпта дәріс, әңгімелесу, сұқбаттасу, кеңес беру, сұрақ-жауап сынды шаралардың көбірек жүргізілгені абзал.

Бесінші мәселе бойынша
Жаз мезгілінде кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдердің су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы» аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Әбсаттаровтың баяндамасы тыңдалды.
– Соңғы 6 ай көлемінде аудан бойынша су айдындарында 2 қайғылы жағдай орын алса, оның ішінде 2 ересек адам қаза тауып отыр. Екеуіде Бидайкөл және Бұланбай бауы ауылдық округтерінің аралығындағы каналға батып кеткен. Екі орын алған төтенше жағдайлардың себептері суға түсуге тыйым салынған жерлерге тұрғындардың жиі баруынан. Сондай-ақ ішімдік ішіп суға түсу салдарынан екі шаңырақ қара жамылып отыр. Сондықтан барынша сақ болған жөн, – деді бас маман Б.Бөлешұлы.
Иә, биылдың өзінде қайығы аударылып суға тұншыққан тұрғын қайғылы жағдайға душар болды. Әрине, 6 айда орын алған екі апат ауыр тиді. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін кент және ауылдық округтердің орталық көшелері бойына судағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында билбордтар, су айдындарының жағасына суға түсуге тыйым салынғандығы жөнінде ескерту жазылған тақтайшалар орнатып, арнайы рейдттер ұйымдастырылған.
Түйіндей айтқанда, су – тілсіз жау, сондықтан қандай жағдай болмасын сақ болған абзал.

Алтыншы мәселе бойынша
«Жазғы маусымда балалар еңбегін заңсыз пайдалануды болдырмауға арналған шаралар туралы» аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Байділдаев баяндама жасады. Оның айтуынша биыл қоғамдық негізде жұмысқа тартылған үш азамат барын тілге тиек етіп, тиісті жұмыстар істеліп жатқанын жеткізді.
Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша сұрақ қойылып, тиісті қаулылар қабылданды. Сонымен қатар жауапты бөлім, комиссия төрағасы тарапынан мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Шапағат ШАҒДАТҰЛЫ
12 шілде 2022 ж. 1 054 0