Өңір экономикасында өрлеу бар
Бейсенбі күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баспасөз конференциясын өткізді. Аймақ басшысы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жұмыс жоспарымен таныстырды.
Сыр елінде индустрияландырудың үшінші бесжылдық жоспары аясында құны 543 миллиард теңгеден асатын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 7 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Аймақта жаңа өнім өндіру бағытында инвесторлармен бірлескен жобалар іске асырылады. Мәселен, аймақта отандық инвесторлармен бірге қызанақ өнімдерін өндіру, ет және жұмыртқа өндірісі бойынша құс фабрикасын салу жобалары басталмақ. Жергілікті билік шетелдік компанияларымен бірлесіп, тері мен жүнді өндеу және соңғы өнімді шығару ісін қолға алмақ. Ал, алдағы кезеңде инвесторлармен бірге күріш сабанынан целлюлоза өндіретін кәсіпорын құру жоспарланған. Ерекше айту керек, Сыр елінде халықаралық компаниямен бірлескен жаңа жобаға келіссөздер жүргізілуде. Яғни, енді қызылордалықтар чех технологиясын қолданып сусындар мен шырындар шығаруға ниетті.
Биыл Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай азат елдің жетістіктерін насихаттайтын 12 тақырыптық бағыт бойынша 266 түрлі форматтағы іс-шараларды қамтитын облыстық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоба аясында жыл басынан бері 70 іс-шара өткен. Брифинг барысында облыс басшысы алдағы уақытта аймақта өтетін тарихи-танымдық іс-шаралар легімен де таныстырып өтті.
«Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына арналған іс-шаралар, республикалық айтыс, ақын, жырау Кете Жүсіптің 150 жылдығына арналған жыраулар мен жыршылар байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Атақты күрішші, «Дала академигі» Ыбырай Жақаевтың 130, КСРО халық артісі, әнші Роза Бағланованың 100 жылдықтарын атап өтеміз», – дейді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, аймақта ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге және ел тарихын зерттеуге ерекше назар аударылуда. Осы жылдың мамыр айында ең ежелгі өркениет орталықтары болған қалалар – сақтардың астанасы Бәбіш мола, оғыздардың бас қаласы Жанкент, қыпшақтар мен Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ қалаларының орнында археологиялық зерттеулер басталды.
Аймақ басшысы өңірде мал шаруашылығын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Гүлшара Наушақызының сөзінен обылыста мал басының барлық түрінен өсім байқалатынын білдік. Атап айтар болсақ, мүйізді ірі қара – 3,9%, қой – 8,5%, жылқы – 10,4%, түйе – 7,1%, құс – 6,1% құраған. Бұл ретте, жайылымдық жерлердің тиімділігін арттыруға айрықша басымдық беру де күн тәртібіндегі мәселе болып тұр.
Ал, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі аймақтық бағдарламасы жүзеге асып, балық көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізе отырып, 100 еседен артық көбейтуге және балық өнімдерінің экспортын 2 есе – 8,5 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берілген. Мал шарушылығы саласына кеңінен тоқталған аймақ басшысы «Алдағы 5 жылда Агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 58 млрд теңгеге 76 инвест жобаны жүзеге асыруды жоспарлаудамыз. Оның 42-сі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 2021 жылы 8,7 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асырылады. Жыл басынан бері 8 – егін шаруашылығында 4, бал арасын өсіруде 2, мал шаруашылығында 2 жоба жүзеге асты», – дейді.
Сыр өңірінде «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы ауыл кәсіпкерлерінің стартап жобаларына несие беру жұмыстары жолға қойылған. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Наушақызы баспасөз конференция барысында аймақтағы кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Әдетте банк тарапы қызығушылық таныта қоймайтын жобаларға жергілікті билік тарапынан қолдау күшейген. Бір жыл ішінде ауылдағы кәсіпкерлердің 143 жобасы мақұлданған. Қолдау тапқан кәсіп түрлері негізінен мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, балық өсіру және қызмет көрсету саласына бағытталған. Сыр елінде 5 жылдан бері кәсіпкерлерді демеуге арналған «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы жұмыс істеуде. Осы кезге дейін 2000-ға жуық кәсіпкерлік жобаларға 8 миллиардтан астам теңгеге несие берілген. Жалпы, Қызылорда облысында 2021 жылдың 5 айында кәсіпкерлік субьектілерінің саны 7,3 пайызға өскен.
Қызылорда да ауыл балаларының спортпен айналысуы үшін 5 спорт кешені салынбақ. Жаңа нысандар 4 аудандағы бірнеше ауылдың балалары үшін спортпен шұғылдануына ерекше мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, өңірде корпоративтік қордың қолдауымен тағы бір көп функционалды спорт кешені бой көтереді. Өңірде спорт алаңдарын ашуға ниетті кәсіпкерлер қатары артып отыр. Кәсіпкерлер мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберінде 7 жобаны іске асыруға мүдделі.
Брифингте облыстағы білім саласы да назардан тыс қалмады. Иә, Сыр өңірінде мектеп салу қарқыны бәсеңдеген емес. 2021 жылы 6 білім беру ұйымы пайдалануға беріледі, оның ішінде инвесторлармен бірге 300 және 500 орындық 2 жеке мектептің іргетасы қаланған.
«Білім беру саласында апатты жағдайдағы мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. 2020 жылы бізде 3 апатты жағдайдағы мектеп болды, біз 140 орындық бір мектепті пайдалануға бердік, тағы екеуінің құрылысы биыл аяқталады. Мұнан бөлек, 550 орынға арналған үш қосымша білім беру ұйымының құрылысы жүргізілуде», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен бірге, өңірде 3750 орындық тағы 5 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұдан бөлек, 47 балабақша мен 44 мектепте арнайы инклюзивті сыныптар ашылған.
Аймақта газдандыру бағытында да біршама жұмыстар істеліп, Қызылорда салыстырмалы түрде аталған сала бойынша басқа өңірлерден әлдеқайда көш ілгері келе жатыр. Осындай жоспарлы жұмыстың нәтижесінде жыл соңына дейін қызылордалықтардың 67,4 пайызы көгілдір отынның игілігін көрмек. Үкімет қолдауының арқасында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де шешілуде. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 97%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, 65%-ы табиғи газ тұтынады. Су, кәріз желілерін салу және қайта жаңғырту бойынша құны 1,4 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асуда (РБ – 1,3 млрд теңге; ОБ – 0,1 млрд теңге), 400 шақырым болатын жол, көпір өткелдері мен көшелерді жөндеуге және салуға 17 млрд-тан астам теңге бағытталды (РБ – 8,1 млрд теңге; ОБ – 9,2 млрд теңге), бұл жақсы деңгейдегі жолдардың үлесін 70%-дан 75%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Birgemiz: Taza Alem», «Таза Табиғат» жалпыұлттық жобалары аясында «ЭКО – Қызылорда патрулі» жобасы жұмыс жасауда. Рұқсатсыз қоқыс полигондары туралы хабарламаларға волонтерлерді тарта отырып, жедел шаралар қабылдануда.
Биыл Сыр суының таяздығынан облыста күріш егісінің көлемі 80 мың гектарға дейін қысқарған. Орын алған табиғи құбылыстарға нақты түсіндірме берген облыс әкімі: «Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – егістіктерді суармалы сумен қамтамасыз ету, жайылымдар мен шабындықтарды және Арал теңізін қоса алғанда, көлдерді уақытылы суландыру. Суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілікті әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде шараларды қабылдаудамыз. Аймақтағы топырақтың қатты тұздылығын ескере отырып, біз күріштен толықтай бас тарта алмаймыз. Дегенмен, күріштің егіс алқаптарын азайтуға жұмыс жүргізудеміз. Бүгінгі күні күрішті суға бастыру 100 пайызға орындалды. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін ылғал сыйымдылығы аз дақылдар – соя, жүгері, майлы және жемшөп дақылдарының егістігін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді облыс әкімі.
Қазір аймақта ауыл шаруашылығына ылғал үнемдеу технологияларын енгізу қолға алынуда. Өткен жылы облыста пилоттық режимде аквагельдерді қолдану сынақтан өткізілді. Биыл бұл тәжірибені кеңейтіп, жүгері мен жоңышқа өсіру үшін жаңбырлатып суару тәсілі енгізіледі.
Облыс бойынша мемлекеттік бюджет есебінен әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған тағы 342 пәтер жеке құрылыс иелерінен сатып алынбақ. Сондай-ақ, 965 пәтерлік 44 ипотекалық үй және жеке инвесторлар тарапынан 248 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс салушылар, банктер және өзге де мүдделі ұйымдармен тұрғын үй саясатын дамытудың жаңа бағыттарын, оның ішінде жеке тұрғын үй қорында кезекте тұрғандар үшін жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу талқыланып жатыр. Қазіргі таңда кезекте 30 690 адам тұр. Жыл соңына дейін жеке тұрғын үй құрылысын қосқанда, шамамен 645 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға артық.
Пандемиямен күресте дәрі-дәрмектің жеткілікті болуы маңызды. Өңірде індетті алдын алуға бағытталған кешенді шаралар нәтижесінде дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры қалыптасқан. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлінген. Өңірде вакцина салдыруға қажетті 106 екпе бөлмесі ашылған. Оның 91-і ауылдық жерде орналасқан. Мұнан бөлек, шалғай ауылдардағы тұрғындарға екпе салу үшін 39 арнайы мобильді топ құрылған. 1 ақпаннан бастап облысқа QazVac-in, HayatVax, Спутник-V вакцинасынан І компоненті бойынша 129050 дана келіп, оның 74% салынған. Ал, екінші компонентінде 87300 жеткізіліп, 46,8% салынған.
Шыны зауыты құрылысына қатысты сауалға аймақ басшысы оның облыс үшін стратегиялық маңызды жобалардың бірі екенін айтып, жобаны іске асыру өзінің жеке бақылауында болатынын айтты.
«Шыны зауыты – бұл облыс үшін стратегиялық маңызды жобалардың бірі. Сондықтан жобаны іске асыру менің жеке бақылауымда. Құрылыс алаңына үнемі барып тұрамын, зауыттың басшыларымен бірге туындаған мәселелерді шешудеміз. Біз өз тарапымыздан – зауыт үшін инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша барлық жұмыстарды орындадық. Енді қалғаны – балқыту ваннасы мен күйдіру пешінің жабдығын монтаждау жұмыстары. Бұл жұмыстарды орындайтын мамандар елімізде жоқ, жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Өкінішке орай, карантинге байланысты былтырғы жылы жабдықты монтаждау үшін шетел мамандары келе алмады. Биыл мамандар Қытай елінен шығу үшін 2 кезеңнен тұратын ковидке қарсы вакцинация процесстерінен өтті. Сонымен қатар, олар Қытайдың әр аймағында тұратын болғандықтан, виза алу үшін, арнайы кесте дайындалды. Нәтижесінде, қазіргі таңда, алғашқы 35 шетелдік маман зауытқа келіп, негізгі қондырғы күйдіру пешін өруді бастады. Қалған мамандар кестеге сәйкес маусым айынан бастап келеді», – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда, 147 қытай маманына ҚР Ведомствоаралық коммисияның шешімімен елімізге кіруге рұқсат алынды.
«Бүгінгі күні зауыттың құрылыс жұмыстары 81,4%-ға, қондырғыларды монтаждау 34,5% ға – орындалды. Балқыту ваннасы және күйдіру пешін монтаждау үшін 4 ай уақыт қажет. Осыған байланысты, зауытты іске қосу мерзімі биылғы жылдың II жарты жылдығына жоспарлануда. Атап өту қажет, шыны зауытының іске қосылуымен кемінде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Біз қазірдің өзінде шыны зауытының айналасында инвесторлармен 3 жобаны іске асыруды бастадық. Бұл – шыны талшық (1,5 млрд.теңге), айна (4,5 млрд. теңге), шыны ыдыс (10 млрд. теңге) өндірісі. Жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 400 жұмыс орны құрылады», – дейді Гүлшара Әбдіқалықова.
Баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Әйел адамға облыс әкімі болу ауыр емес пе?» деген сауалға жауап берді.
«Кез-келген адам белгілі бір саланың қандай да бір мектебінен өтсе, оны басқара алады деп есептеймін. Мемлекет басшысы сеніп тапсырған қызметті абыроймен атқару үшін алған білімім мен жиған тәжірибемді жұмсаймын. Өзіңіз білесіз, мен төтенше жағдай кезінде аймақты басқаруға келдім. Сондықтан, мен мұның қандай үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Бір жағынан, бұл – менің туған жерім. Бұл жердегі үлкендердің көбіcін білемін. 90-шы жылдары осы өңірде еңбек жолын бастадым. Туған жеріңнің топырағы да ыстық дейді ғой. Сондықтан, жерлестерімнің қолдау көрсетуі маған дем береді. Қолдан келген бар мүмкіндікті қолданып, жұмысты бастап кеттік. Бүгінгі таңда өңірдегі проблемаларға қатысты дұрыс шешім қабылдау үшін орталықтың да, өңірдің де тиісті сала мамандарымен ақылдасып отырамын. Үкімет тарапынан қабылданған дағдарысқа қарсы жедел шараларды өңірімізде барынша жүзеге асырдық. Мәселелерді барынша шешуге тырысамын. Әрине, атқарылған жұмыстың бағасын халық береді. Ең бастысы, өңірдің дамуына аянбай қызмет етемін», – дейді облыс әкімі.
Әзірлеген
Елдос Айтөреұлы
Елдос Айтөреұлы