Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлігіңіз жат жұрттық болмасын десеңіз...

Көлігіңіз жат жұрттық болмасын десеңіз...


Елімізде 1 Наурыздан бастап шет елдік көліктерді тіркеу аяқталды. Тіркеуден өткен көліктерге арнайы номер беріліп, олардың ел аумағында еркін жүруіне мүмкіндік туды. Ал көлігін тіркеуге ниет танытпағандар мен қалтасы жұқа бұқара қайтпек керек? Расымен тіркелмеген көліктер елден шығарыла ма? Осындай сұрақтар еліміздегі көптеген көлік жүргізушілерінің басын қатыруда.
Бүгінде елімізде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен – Армения, Қырғызстан, Беларусь пен Ресейде тіркелген 170 мыңнан астам көлік бар. Шет елдік көліктердің басым көпшілігі Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында тіркелген. Негізінен бұл тізімдегі темір тұлпарлар Ресей, Армения мен Қырғызстаннан әкелінген. ЕАЭО одаққа мүшеліктің арқасында азаматтарымыз бірнеше жыл бойы осы елдерден төмен бағада көлік әкеліп, сатуды жолға қойғаны бәрімізге белгілі. Ендеше дау неден шығып отыр, неге аяқ асты бұл көліктерді тіркеу мәселесі көтерілді?
Мәселе мынада, ішкі істер министірлігінің мәліметінше шетелдік нөмірі бар көліктердің жол жүру ережесін жиі бұзатыны анықталған. Себебі ақпараттық базада көлік иесінің деректері жоқ. Осылайша, 2019 жылы осы санаттағы көліктердің қатысуымен 1 854 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 132 адам көз жұмып, 500-ден астамы жарақат алған. Бұдан бөлек, жылдамдықты асыру, жол белгілерін сақтамау сияқты 90 мыңнан астам тәртіп бұзушылықтар орын алыпты. Елімізде 2019 жылдың қазан айынан бастап сақтандыру базасы арқылы аталған көліктер бойынша ақпарат алуға қол жеткізілген. Бұл жағдайды реттеуге үлесін қосқанымен, мәселені толық шеше алмайды. Себебі шетелдік көліктер қылмыс жасау пиғылындағы адамдар үшін аса ыңғайлы болып тұр. Кей жағдайда қылмыскерлер қылмыс жасау үшін әдейі дәл шетелдік нөмірлі көліктерді сатып алатын көрінеді. Мәселен, Павлодар облысында үш отандасымыз арнайы ресейлік нөмірлі ВАЗ 2106 көлігін сатып алып, жергілікті кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған. Осыдан кейін сол көлікті өртеп, дәлел-дәйектердің бәрінің көзін құртқан. Демек, шет елдік тіркеудегі көліктер көлік айдағанда жауапкершілікті сезінбей, адам өміріне қауіп төндіріп, кей жағдайда қылмысқа бейім болады деген сөз.
Міне, осы себепті мемлекет басшысы көлікті тіркеу туралы нақты тапсырмалар беріп, қатаң бақылауға алып отыр. Бірақ, көліктің тіркеу құнының тым көптігі жүргізушілерге басты кедергі. Неге десеңіз одаққа мүше елдерден әкелінетін көліктердің басым көпшілігі Ресейлік «ВАЗ», Өзбекстандық «Daewoo Motors» компанияларының темір тұлпары. Сәйкесінше олардың құны өзге шет елдік көліктерге қарағанда айтарлықтай төмен болып келеді. Елімізде осы маркалы көліктерді 500 мың мен 1 млн теңгенің шамасында сатып алуға болады. Қазақстандық тіркеуі жоқ демесеңіз жылы жаңа, жағдайы жақсы. Әрине қара халық осы көліктерді алмағанда қайтсін...
Енді көпшіліктің қолын байлап отырған тіркеу құнынан тоқталайық. Елімізде шет елдік көліктерді тіркеу құны 500000 мың теңге мен 4 миллион теңгенің шамасында. Тіркеу құны көліктің қашан, қай жылы шыққаны, қай елден әкелінгеніне, байланысты. Бірақ стандартқа сәйкес емес көліктер тіркелмейді. Мысалы, көлікте қауіпсіздік жастығы болмаса, ол көлікті тіркей алмайсыз. Әйтсе де нақты шешімге келіп көлігіңізді тіркесеңіз болады. Көлігіңізге «18-аймақ» деп белгілеу арқылы сары нөмер беріледі. Осының көмегімен көліктерді көзбе-көз бақылап, есеп жүргізуге мүмкіндік туады.
Әрі сіз де бір фобияңыздан(қорқыныш) құтыласыз. Аудан тұрғыны Айдос есімді азамат Лада Гранта атты Ресейлік көлікті тізгіндейді. Оның айтуынша көлігін тіркеу ойында болған, бірақ тіркеу құнын көргенде райынан қайтқан.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Лада Гранта автокөлігін көршілес Ресейден әкелдім. Бағасы көңілге қонымды, әрі жаңа көлік болды. Ол кезде бұндай қиындықтар туындайтынын бізге ешкім ескерткен жоқ. Енді келіп тіркемесең жүре алмайсың дегені миға сыймайды. Біз тіркеуден қашып отырғанымыз жоқ, тек тіркеу құнын төмендетсе деймін. Бар тілегім осы, – деді. Бұл Айдостың ғана емес, мыңдаған көлік жүргізушілерінің тілегі десек те болады. Шет елдік көліктерді тіркеуден бюджетке қанша қаражат түсетінін есептеп көрдік. Көлік иелерінің 70 проценті тіркеуден өткеннің өзінде бюджетке 300 миллиард теңге түседі екен. Демек, тіркеудің астарында қылмыспен күрес қана емес үлкен қаражат жатыр деген сөз. Әйтсе де қалтаның қамын ғана ойламай, азаматтардың қолда барын да ескерген жөн секілді.

Рамазан Әнәпия

13 наурыз 2021 ж. 448 0