Ішкі туризмге көңіл бөлер кез келді
Бүкіл әлемге шеңгелін салған коронавирус бірнеше айдан бері адамзат баласына оқшаулануды үйретті. Себебі әзірге емі жоқ, белгісіз инфекцияны тоқтатудың жалғыз жолы осы екенін бәріміз де ұғындық. Дейтұрғанмен дәрігерлер мұндай уақытта үйде еш қимылсыз отыруға болмайтынын, таза ауада көбірек серуендеу керектігін айтып бағуда. Жаз – өзі саяхаттауға таптырмас мезгіл болғандықтан, жыл басында көпшілігіміз қай жерге, қай елге баратынымыз туралы ойлап, тіпті жоспар да құрып қоямыз.
Алайда тосыннан келген жағдайға орай қазір шалғайдағы мемлекеттер қолжетімсіз. Сондықтан отандастарымыз шетел сапарын кейінге ысырып, ішкі туризмге иек арта бастады. Әрине, елімізде бұл салада айтарлықтай жұмыстар атқарылуы қажет-ақ. Атап өтер болсақ, сервисті жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, жаңа табиғи аумақтарды игеру. Осы жағдайды ескерген тұрғындар, шетелде демалып келгенді жөн санайды. Оның үстіне кей елдердің бағасы біздің елдегі демалыс аймақтарымен салыстырғанда арзанға шығатынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Сол себепті біраз саяхатшылардың таңдауы Қазақстанға емес, шетелге түсіп жатады. Жалпы Елбасының «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» бағдарламалары осы ішкі туризмге қаратып айтылғанын бірі білсе, енді бірі білмес. Егер барлығы осыны түсініп, бағдарламада айтылғандарды ұранға, науқанға айналдырмай жұмыс істесе, елімізде ішкі туризм баяғыда дамып кетер еді. Дегенмен бұл саланы жақсартуға әлі де кеш емес. Елімізде жұрт білмейтін әлі қаншама көрікті мекендер бар. Мысал үшін Ақмола облысы, Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұзды алайық. Бұған дейін бұл көлді жергілікті халық болмаса, былайғы жұрт біле бермейтін. Елдегі карантиннің арқасында Көбейтұз әлеуметтік желі арқылы бүкіл Қазақстанға тез танымал болып кетті. Бір әттеген-айы, алыстан ат терлетіп келетін саяхатшылар үшін қажетті жағдай жасалмаған.
Статистика комитетінің соңғы мәліметі бойынша, жыл сайын 10,5 млн-нан аса қазақстандық шетелде демалуды құп көреді екен. Оның ішінде 9,5 млн отандасымыз ТМД елдеріне саяхаттаса, қалғаны әлемнің өзге мемлекеттерін таңдаған. Нақтылайтын болсақ, 4 362 746 адам – Ресей Федерациясына, 2 651 220 адам – Қырғыз Республикасына, 2 392 582 адам Өзбекстан еліне саяхаттағанды жөн санаған. Бұл ТМД елдерінің арасындағы статистика. Ал 351 121 адам – Түркияда, 189 881 адам – Қытайда, 161 237 адам БАӘ-де демалған. Сондай-ақ қазақстандықтар ең көп баратын елдердің қатарында Мысыр (119 616), Германия (56 174), Тайланд (47 122), Оңтүстік Корея (46 899), Грузия (38 986) бар. Ал бізге келген шетелдіктер саны 8,79 млн адамды құраған. Кейінгі жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,1%-ға өскен. Барлық елдердің арасынан БАӘ, Үндістан және Малайзия елдерін ерекше атап өтуге болады. Қазақстанға өткен жылы аталған елдерден келушілер 50%, 49% және 44%-ға артты. Сонымен қатар Гонконг (22%), Польша (16%) және Оңтүстік Кореядан (15%) келетін туристер саны арта түсуде. Қазақстанның туристерді тарту бойынша негізгі шетелдік нарығы – Ресейден келушілердің тұрақты өсімі байқалады. Осы орайда ел тұрғындары да ішкі туризмге ақырындап ден қоя бастады. Өзге өңірлерден Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына саяхаттап келетіндерді қоспағанның өзінде Қазақстан бойынша ең көп турист баратын аймақ – Шығыс Қазақстан облысы. Ең соңғы дерек бойынша, 346 562 адам Шығыс табиғатына тамсанып қайтқан екен. Оның ішінде ең көп демалушылар Алтайға – 26 066, Алакөлге – 68 722, Бұқтырмаға – 8 883, Ұланға – 4 298 және Катонқарағай курорттық аймағына – 3 324 адам келген. Сондай-ақ Ақмола облысындағы Щучье-Бурабай мен Зеренді курорттық аймағына да демалуға келетіндердің қарасы қалың. Мысалы, 2018 жылы бұл аймаққа ел бойынша 748 618 адам саяхаттаған. Сонымен қатар Қарағанды облысындағы Қарқаралы курорттық аймағы мен Балқаш көліне – 267 651 адам, Қостанай курорттық аймағына – 189 125 адам, Жаңақорған, Түркістан және Сарыағаш курорттық аймағына – 249 035 адам саяхат жасаған.
Әрине, биылғы елдегі жағдайға байланысты жоғарыда біз атаған аймақтарда баға көтерілуі мүмкін. Себебі нарық заңы солай. Қай жерде сұраныс артса, сол жердің бағасы көтерілетіні біз айтпасақ та белгілі. Мейлі, баға көтерілсін, көтерілмесін, ең бастысы ішкі туризмге жеткілікті көңіл бөлініп, келушілерге қажетті жағдайлар жасалса болғаны.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ