Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дезинфекция аурудың алдын алады

Дезинфекция аурудың алдын алады

Көптің көңілін күпті қылған Covid-19 вирусы түшкіру, жөтелу арқылы жұғып қана қоймайды. Жұқтырған адамнан тараған инфекция ауада қалықтап тұрмай жерге қонады. Ашық алаңдағы орындықтарда, ағаштарда бірнеше күн тұрақтап, жүздеген адамның өміріне қауіп әкелуі мүмкін. Бұл індеттің еліміздің барлық өңіріне таралуы денсаулық сақтау саласы мамандары мен санитарларды да сергелдеңге түсірді.
Халық «Сақтансаң сақтаймын» деген сөздің мәнін әлі де болса ұғына қоймаған секілді. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес, бар. Қазір көше бойында бетперде тақпаған адам көп. Осы бір аңғалдық кей тұста орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Елге сақтану шарасын бұлжытпай орындау керектігі де ескертіліп, қайтадан 14 күндік карантин жарияланды. Беті қайтпаған ауру қайтадан бет алғалы аудан мен ауылдарда санитарлық жұмысқа ерекше мән беріліп отыр. Халық көп баратын мекемелердегі сақтық шаралары да күшейтілді.
Карантиндік режимге байланысты 3 шілдеде Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қызылорда облысы бойынша қатаң шектеу және карантиндік шараларды енгізу туралы» №16 қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес, сұлулық салондарына, шаштараз, косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондарға, қоғамдық тамақтану орындарына, автовокзалға және такси қызметімен айналысатын мекемелерге рейдтік жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар такси қызметтеріне санитариялық-эпидемиологиялық, санитарлық-дезинфекциялық ережелер алгоритмдерін сақтай отырып, 2 ересек адамға дейін немесе бір ересек адам екі кәмелетке толмаған баланы алып жүруі керек. Ал жұмыс уақыты сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін шектетілді.
Қоғамдық көліктердің жұмысы демалыс және мереке күндері тоқтатылады. Тек жұмыс күндері сағат 07:00-22:00 аралығында облыс, аудан орталықтарындағы қоғамдық көліктер жұмыс істей алады. Бұл ретте көлікті 50%-дан асырмай толтыру керек.
Аудан орталығы бойынша адамдар көп шоғырланатын (пошта, халыққа қызмет көрсету орталығы, банктер, аялдамалар) мен ауру ошағы анықталған Ортақшыл, Төңкеріс, Талаптан, Жиделіарық, Жаңатұрмыс, Иіркөл, Байсын, Тартоғай ауылдық округтері жергілікті бюджет есебінен кент және ауылдық округ әкімдері залалсыздандыру бойынша кестеге сәйкес, дезинфекция жұмыстарын жүргізуде.
Айта кету керек, бүгінге дейін аудан бойынша дезинфекцияланған аумақ – 1 670 634 шаршы метр. Ал дезинфекциядан өткен ғимараттар саны – 1 905 құрап отыр. Алдағы уақытта аудан бойынша залалсыздандыру жұмыстары әлде де күшейтіле түспек.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

08 шілде 2020 ж. 329 0